Жазасын өтеп жатқан әйелдерге арнап мерекелік кеш өтті

Жазасын өтеп жатқан әйелдерге арнап мерекелік кеш өтті
Cурет: ҚАЖД

Салтанатты кеш қонақтарын мерекелік дастарханға шақырып, ілтипат көрсетті

Алматыдағы Тергеу изоляторында жазалы әйелдерге арналған мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Халықаралық Әйелдер мейрамы Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/18 мекемесіндегі (тергеу изоляторы) шаруашылық қызметтегі сотталғандар арасында да жыл сайын көтеріңкі көңіл-күймен атап өтіледі.

Биыл да шаруашылық қызмет жасағының ер-азаматтары өздерімен бірдей жазаларын өтеп жүрген әйелдерге арнап  көңілді кеш ұйымдастырды.
Мерекелік салтанат алдында сотталғандар жасақтағы қыз-келіншектерді сазды әуен салтанатымен қарсы алып, гүл шоқтарын ұсынды. Жігіттердің сотталған әйелдерге ғана емес, өздерінің аналары мен қарындастарына, жарларына арнап салған әндері мен жүректен шыққан арнау өлеңдері кешке қатысушыларды үлкен әсерге бөледі.

Жазалы азаматтар сондай-ақ, салтанатты кеш қонақтарын мерекелік дастарханға шақырып, ілтипат көрсетті. ЛА-155/18 мекемесінің Тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеште аталған бөлімнің бастығы әділет майоры К.Тұрлыбеков құттықтау сөз сөйлеп, темір тордың ар жағында жүрсе де, аналар мен арулар мерекесінде азаматтық танытып, мерекеге қатысқан белсенді сотталғандарға алғыс білдірді.