Жаз жаңбырлы болғалы тұр

Жаз жаңбырлы болғалы тұр
phonoteka.org

Маусымның 25-інен бастап 40 күндік «Шілде» амалы табиғат сахнасының төріне шығады.

Қазақтың жыл санауы бойынша (наурыздан бастап), жаздың алғашқы айы да бітуге жақын. Ендігі кезек – шілде айынікі. Ертеректе қазекең шілде айын – әсет (асад) деп атаған (араб сөзі). Қазақша арыстан дегенді білдіреді (Зодиак белгісі бойынша, жылдың бесінші айының атауы). Шілде айында амал көп: Таразы (нарық) жұлдызы туады, таң суыйды, «Суыр» амалы келеді. «Үркердің толғағы» басталады. Қырық күн шілде халық аузында «Суыр» деп те аталады. Сұмырай деген сөз суыр айы деген мағынада. Содан халқымыз: «Сұмырай келсе, су құриды», – дейді. Ол амалдар жөнінде өз кезегінде жазатын боламыз.

Жаздың екінші айында да жауын-шашын аз болмайтын түрі бар. Ылғал мол болатын сияқты. Аспан әлемі түйдек-түйдек бұлыңғыр бұлттан арылмай-ақ қойды...

Бірақ біз бүгін шілде айын емес, Шілде амалын сөз етпекпіз. Бүгінді санамағанда, енді 1 күннен кейін Шілде амалы басталады. Тағы бір қисын – «шілде» арабша «шил», қазақша «қырық»- дегенді білдіреді екен. 40 күндік аптапты бұрынғылар «Ұлы шілде» деп атаған. Шілденің аңызақ, аптап күнін "күн шіліңгір" деген.

Қалай болғанда да, 40 күн шілде көрініс бере бастады. Ауа райының құбылмалы болғанына қарамастан, күннің жылуы кемімесі анық. Шілденің аты – шілде ғой. Бірақ бұл жаңбыр жаумайды деген сөз емес. Алдағы аптада аптап ыстықпен бірге нөсерлі жауын, өкпек жел, салқын самал болуы әбден мүмкін. Найзағай ойнап, күн күркіреуі де ғажап емес.

Маусымның 24-інде Үркер таң ата батыстан көрінеді де, содан шілде-тамыз айларында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Осы аптапты шақ халық арасында «қырық күн шілде» деп аталған.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, маусымның 23-і, ай есебіне сүйенсек, маусымның – 24- і. Ал біздің бабалардың есебінше, осы айдың – 10-ы. Апта айдың басын және соңын түгел қамтып тұр. Бұл осы мерзімде ауа райында аз да болса өзгеріс болатынын білдіреді. Апта айдың басына, ортасына және соңына дөп келіп тұр. Аспан денелерінің білдіруінше, осы аптада жаңбыр сирексіп, күн ерекше ыситын сыңайлы. Нағыз жаз айы енді сезілетін болады...