Жайық өзеніне 3,5 млн бекіре тұқымдас балық шабағы жіберілді

Жайық өзеніне 3,5 млн бекіре тұқымдас балық шабағы жіберілді
Inform.kz

Атырауда Жайық өзеніне 3,5 млн бекіре тұқымдас балық шабағы жіберілді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауытының мамандары Жайық өзеніне 3,5 млн дана бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабағын жіберген.

«Бұл жұмыс балық ресурстарын молайту жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бекіре тұқымдас балық түрлерінің қорын сақтау, қалпына келтіру мақсатында жыл сайын жүргізіледі. Бекіре шабақтарын су айдындарына жіберу Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы орган, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылды. Бағалы бекіре тұқымдасына жататын қортпа, шоқыр, орыс бекіресі, сүйрік балықтарының шабағы зауытта жасанды түрде өсірілді», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Жыл сайын Жайық өзенінің ұйықтық учаскелерінде бекіре тұқымдас балық түрлерінің аталығы мен аналығы ауланады. Одан әрі инкубациялау үшін балықтан тірі күйінде уылдырық пен шоғал алынады.