«Жасымнан атым аян Жамбыл едім…»

Жамбыл – 175

 Жыр жампозы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының баурайында дүниеге келген.

Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей, көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан, – деп өзі айтқандай, ақын жаугершілік заманда туған. Деректерге жүгінсек, ол кезде Қазақстанның оңтүстігі, оның ішінде ақынның туған өлкесі – Жетісу өңірі Қоқан ханына бағынған.  Қоқан ханы Құдияр мен оның атарман-шабармандары қазақ ауылына көп салық cалып, адам төзгісіз зорлықтар жасаған. Қалың бұқараны қайыршылыққа ұшыратып, тентіретуге дейін барған. Ел қоқандықтарға қарсы майдан ашқанда Жамбылдың атасы Ыстыбай да Қазыбай, Жапа, Жадыра, Мәйке деген төрт ұлын бастап, көтерілісшілер сапына қосылған. Жауды өкшелей қуып соғысып, аттың жалы, түйенің қомында күн кешіп жүрген сәттердің бірінде Жапаның әйелі Ұлдан ана Жамбылды дүниеге әкелген. Әкесінің аты Жапа болғанымен, ел Жабай деп атап кеткен. Мұның себебін жамбылтанушылар «Ертеректе Жабай деген ержүрек батыр өткен. Жапаның қоқандықтармен соғыстағы ерлігіне тәнті болған ел-жұрт «Тура Жабай сияқты соғысады екен» деп, содан Жабай атанып кеткен деп түсіндіреді.

Арғы аталары дәулетті кісілер болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа «шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған». Ал балалық шағын ақынның өзі: «Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкенде бесігіммен алып жүрді. Бала кезімде мен тентектеу болдым. Қарттарды да, әкемді де тыңдағым келмеді. Мені қозы бағуға жіберетін, мен бармай қоятынмын. Маған отын тер дейтін, мен тіл алмай қасарысатынмын. …Менің қой баққым келмеді. Домбыра тартып, ән салу мені қатты қызықтырды. Табиғат маған күшті де жуан дауыс берді. Мен далада ән шырқағанда дауысым бүкіл даланы күңіренткендей сезінетін едім», – деп еске алғаны бар. Тумысынан өнерге жақын Жамбыл тіпті молдадан дәріс алуды да қаламаған.  «Шағым»  деген алғашқы өлеңдерінің бірінде  «бала келсе сабаққа, жем аңдыған дорбадан», «айтқаны ішке қонбаған», не оқытарын өзі де білмейтін молдадан құтқаруды әкесінен қиыла өтінеді, енді зорлаудан ештеңе шықпайтынын да ескертеді. Сөйтіп:

Шып-шып етіп молданың

Қолындағы тобылғы,

Қозғалтпайды жон жағым,

Талай дүре соғылды.

Торсылдатып танадай,

Жыртар болды тонымды,

деп шағынады. Сондай-ақ, «Әкеме» деген өлеңде:

Батаңды маған бер, әке,

Тіліме менің ер, әке.

«Жапаның ұлы ақын боп,

Жақсы істепті» дер, әке.

Домбыра алып сөйлейін,

Күнде жасап мереке.

Мерекелі болған соң

Елде болар береке,деп өлеңнің соңына түсуге бата сұрайды.   

Жамбылдың аталарынан әріректе өнерпаз, сері, палуандар, ділмар шешендер көп шыққан. Соған байланысты ел ішінде:

«Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Жаратып мінеді екен ерттеп атын.

Қобызы, домбырасы үнін қосып,

Гулейді жын қаққандай кешке жақын»,деген сөз қалған және оның астарында шындық болған. Бала Жамбыл ақындық жолын қууға рұқсат сұрағанда әкесінің: «Екейде 50 бақсы, 80 ақын» деген сөз де жетер, сен 81-інші болмай-ақ қой. Ақынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын. Жын жиып, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ!», – дейтіні де содан. Бірақ Жамбыл оған мойынсынбайды. «Менің ағам, әкемнің інісі белгілі домбырашы еді. Мен домбыра тыңдауға әуес едім. Он екі жасымда одан домбыраны үйрендім. Домбыра қолыма тигенде барлық тентектікті ұмытып, бүкіл жан жүйем елжірегендей болатын еді» деп, өзі айтқандай, оның өлеңге, ақындыққа құмарту сезімі уақыт өткен сайын күшейе түседі.

Он үш жасында байдың қойын бағып жүрген кезінде ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы сияқты Жамбылға да ақындық түсінде аян беріп қонса керек. Ол туралы ақын: «Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін. Түсімде ақ сақалды қария келіп: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?», – деген. Мен: «Өлең!», – деппін. Оянып кетсем, түсім екен, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай, дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да, оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, орта түскендей болды», – деп еске алған.

Жүрегіне өлең ұялаған дарынды жас он төрт-он бес жасынан бастап біржолата ақындық жолына түседі. Естелігінде: «Он беске толғанда мен атақты ақын Сүйінбай тұратын ауылға келдім. Домбырамды ұстап оның үйіне таяп келдім де, әндете бастадым. Өлеңіме риза болған Сүйінбай мені үйіне шақырып алып: «Сенің ақындық дарының бар екен, дауысың да жақсы, ұнайсың, жігітім», – деді. Қарт ақынның тілеуі бойынша мен көптеген әндерді құйқылжыта айтып бердім. Оның біреуін сол үйде отырып шығардым. …Сүйінбай түні бойы ақындық шеберлік жайында әңгімеледі. Сөйтіп, мен оның шәкірті болдым, оның өлеңдерін жұртқа тараттым», – дейді ақын өнер әлеміндегі алғашқы баспалдақтарын еске ала отырып.

Сөз өнеріне мейлінше жетік, шыншыл да өткір Жамбылдың өнеріне риза болған Сүйінбай: «Өлеңді тыңдаушының көкейінен кетпейтіндей етіп айт. Сенің өлеңдерің жеке адамдардың емес, бүкіл халқымыздың игілігіне айналатын болсын. Көмеймен емес, жүрекпен жырла. Әрқашан әділ сөйлеп, адал бол», – деп оған ықыласпен бата берген. Жамбыл Сүйінбайды өмір бойы пір тұтып, одан үлгі алған. Тіпті кейіннен бүкіл Одаққа, дүние жүзіне танымал болып, атағы жайылған кезінде де «Сүйінбайдай ақын қайда? Оның қасында мен «әриайдай» емеспін бе» деп ұстазын дәріптеуден танбаған.

Тумысынан алғыр, тапқыр, өжет мінезді, тілге шебер, әзіл-оспаққа бейім, сондай-ақ бір естіген дастандар мен ұзақ толғауларды есінде сақтағыш зерделілігі басым Жамбыл кез келген тақырыпқа еркін барады. Өлең шығарып, күй тартады, айтысқа да түседі. Шығармаларына ел өмірінің шындығын арқау етіп, ел басшыларының әділетсіздігін, таптық қайшылықты көп жырлайды, елдің мұң-мұқтажын ескермейтін қатыгез би, болыстарды сынға алады. Сол кездің атақты ақыны Жаныс, Бақтыбай, Сары, Майкөт, Жүнісбаймен  кездесуінде, Бұрым, Айкүміс, Сара Нұрбекқызымен сөз сайысында шабытты жыршысы, халықтың арман-мұңының жоқтаушысы ретінде көрінеді.

Жамбыл 35 жасында, яғни 1881 жылдың күзінде Іле бойында өткен бір үлкен жәрмеңкеде сол кезде орта жастардағы атақты ақын Құлмамбетпен айтысып, жеңіске жетті. Содан бастап Жетісудың ең үздік ақынына айналды.

Жасымнан атым аян Жамбыл едім,

Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім,деп өзі жырлағандай, шашасына шаң жұқпаған дана жырау ақындық туын әрдайым жоғары ұстаумен өтті.

Роза ҚҰРМАНБАЙ

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *