Елімізде жастарға арналған қандай жеңілдіктер бар?

Елімізде жастарға арналған қандай жеңілдіктер бар?
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанда биыл жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін ұзартылды.

Егер бұрын жастар категориясына 3 млн 700 адам кірсе, қазір 5 млн 700 мың адам кіреді. Елде бұл санаттағы азаматтарға арналған түрлі жағдай жасалған. Оның ішінде төмен пайызды ипотека, жалдамалы пәтер, жұмысқа тұрғызу және білім бағдарламалары бар. Аlmaty-akshamy.kz Информбюро порталына сілтеме жасай отырып, осы бағдарламаларға шолу жасады.

№1. Тұрғын үй бағдарламалары

Жастарға арналған өңірлік ипотекалар

Қазақстанда 35 жасқа дейінгі жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді. Әзірге мұндай бағдарламалар Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және Жамбыл, Жетісу, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Абай, Ұлытау, Ақмола облыстарында іске қосылса, қалған өңірлерде де жыл соңына дейін қолға алу жоспарланған. 

Өңірлердің ерекшелігіне байланысты тұрғын үй бағдарламаларының шарты әркелкі. Дегенмен, бәріне ортақ пайыздық мөлшерлеме – 5%. 

Жастарға арналған өңірлік ипотекалардың шартымен Информбюроның арнайы материалынан оқуға болады. 

Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға беру

Бұған тек Астана, Алматы, Шымкент қаласындағы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар қатыса алады. Пәтерді ай сайынғы жалдау ақысы – 5 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін. Жалдау мерзімі – 5 жыл. 

Қатысушыларға қойылатын талаптар:

  • Астана, Алматы және Шымкент қалаларында соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты тіркелу;
  • өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің апатты тұрғын үйді қоспағанда, соңғы 2 жыл ішінде жеке баспанасы болмауы;
  • аяқталған орта, орта арнаулы, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім;
  • ресми жұмыс;
  • өтініш берушінің соңғы 6 айдағы табысы кемінде 40 АЕК (138 мың теңге) болуы керек.

Жыл сайын бағдарламаға 1 мың жаңа пәтер беріледі.

№2. Жеңілдетілген кредиттер

2,5 пайыздық шағын несие

1 наурызда 15 өңірде құжат қабылдау басталды. Қазақстанның 20 аймағына 5800 несие бөлінеді және ол әр өңірдің сұранысына қарай анықталады. Кейбір аймақта сұраныс көп, кейбір аймақта сұраныс аз болуы мүмкін. 1 наурыздан бері 15 өңірде құжаттарды қабылдау басталды. Әкімдіктердің бастамасымен наурыз айының аяғына дейін төрт өңірде, сәуір айының басында ең соңғы жиырмасыншы өңірде бағдарлама іске қосылады. 

Құжаттарды қағаз түрінде Аграрлық несие корпорациясының өңірлердегі филиалдарына барып тапсыру керек.

Несиелеу шарттары:

  • Несие сомасы – 5 млн теңгеге дейін;
  • Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%;
  • Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін;
  • бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін;

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған. Несие алу үшін кепілге мүлік қою міндетті.

№3. Жұмысқа тұрғызу бағдарламалары

Жастар практикасы

Бағдарлама мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, оқуды аяқтаған кейінгі 3 жыл ішіндегі және 35 жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған. Олар бір жыл бойы бекітілген тізімдегі ұйымда ақылы тәжірибеден өтеді. Ол үшін жастарға 100 мың теңгеге жуық айлық беріледі.

Бағдарламаға қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына «Жастар практикасын» ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес нысан бойынша өтініш беру қажет.

Толығырақ мына жерде

Алғашқы жұмыс орны

35 жастан аспаған жастар үшін бірінші жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды беруг арналған бағдарлама. Бірінші жұмыс орнындағы жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны беріледі. Жалақы кемінде 103 мың теңгені (30 АЕК) құрайды. 

Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет.

Толығырақ мына жерде.

Президенттік жастар кадры резерві

Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Оған жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. 

Толығырақ мына жерде.

№4. Шәкіртақылар мен білім беру бағдарламалары

«Болашақ» шәкіртақысы

Қазақстандық жастар «Болашақ» халықаралық бағдарламасы арқылы шетелде магистратура, докторантура және резидентурада оқи алады. Стипендия иегерлері Аустралии, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Израиль, Ирландия, Испания, Италия, Канада, Қытай, Гонконг, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Жапонияда оқу мүмкіндігіне ие болады.

«Қазақстан халқына» қорының шәкіртақысы

Оған білім грантын ала алмаған ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан түлектер, жетім балалар және мүгедектігі бар балалар қатыса алады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында ақылы бөлімдерде оқитын студенттер Қордың қаражаты есебінен оқуын жалғастыра алады. 

Қор жылына 1 миллион теңгеге дейінгі оқу ақысын өтейді. Бұл сомадан асып кетсе қалған ақшаны грант алушы студенттің өзі төлеуге тиіс.

Қор бөлетін гранттар өтеусіз көмек болғандықтан ақша қайтарылмайды және грант алушы оқуын аяқтағаннан кейін оның оқуына жұмсалған қаражатты «өтеуге» міндетті емес.

Taiburyl қоғамдық бірлестігінің шәкіртақысы

Қоғамдық бірлестік студенттердің, ғалымдар мен зерттеушілердің өз салаларында дамуына көмектеседі. Төрт бағдарламасы бар: білімді, зерттушілерді және дарындыларды қолдау, бизнес және мемлекеттік басқару бойынша қонақ дәрістер. Студенттер бағдарламаларға онлайн өтінім бере алады. Әр жобаның өтінім қабылдайтын өз уақыты бар. 

Shakhmardan Yessenov Foundation шәкіртақысы

Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры жыл сайын 20 студентке шәкіртақы тағайындайды. Бағдарламаға қазақстандық университеттерде жаратылыстану-ғылыми, техникалық, медициналық және ІТ мамандықтары бойынша бакалавриаттың 2-3 курс және  магистратура мен интернатураның 1-курс студенттері, 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. 

«Өрлеу» бағдарламасы

Шахмардан Есенов қоры жоғары (бакалавриат) оқу ақысын төлеу үшін мемлекеттік немесе өзге де грантқа ие бола алмаған, аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 талапкерге грант бөледі. Байқауға «жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика», «ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «денсаулық сақтау» мамандықтарына оқуға түсушілер қатысады. Өтінім онлайн қабылданады.

Yessenov Launch Pad

Шахмардан Есенов қоры IT-мамандарға hard және soft skills дағдыларын дамытуға арналған 10 грант бөледі. Грант иегерлері 12 айға дейін оқудан өтеді. Ол үшін сайтта онлайн-өтінім толтырып, жеке куәлік, мотивациялық хат пен CV ұсынуы керек. Конкурстық іріктеуден өткендерге қор сарапшыларының арасынан тәлімгер тағайындалады. Жеңімпаздар курстарды өз бетінше іздеп, тәлімгерлермен оқу бағдарламасын келіседі. Содан соң оқудан өтеді.  

Әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдама

 Бұл байқауға мамандығы жаратылыстану-ғылыми немесе техникалық студенттер және жұмыс істеп жатқан ғылыми қызметкерлер қатыса алады. Бағдарлама 10 адамға әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу зертханаларында 90 күндік жазғы тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. 

«Ғылым қорының» қаржыландыруы

Қор ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жобаларын қаржыландырады. Ғылыми жобалар үшін материалды-техникалық көмек береді. Гранттар технология, ғылыми ашылулар, модельдер, жаңа материалдар мен заттар бойынша жобаларға бөлінеді. 

Сонымен бірге қор жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған «Жас ғалым» жобасын жүзеге асырады. Ұзақ дегенде 32 айға созылатын бір жобаны қаржыландыру 19 миллион теңгеден аспайды.

Бағдарламалар мен шәкіртақылар туралы толығырақ мына жерде

№5. Жастарға арналған сыйлықтар

Дала дауысы

Жоба композиторларды қолдау мақсатымен қолға алынған. Оның қорытындысы желтоқсан айында шығарылады. Сыйлықпен опера жанрында, халық аспаптарында тың туындылар жазып жүрген сазгерлер марапатталады. Сондай-ақ, оның аясында «Республика әні» атты эстрадалық өнер жүлдесі де беріледі. 

Umai сыйлығы

Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен жекелеген өнер қайраткерлеріне елеулі шығармашылық табыстары мен кәсіби жетістіктері үшін «Театр өнері», «Музыкалық орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Театрдағы бейнелеу өнері» сияқты 4 номинация бойынша табыс етіледі. Сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Биыл «Балалар жылына» орай сыйлық аясында "Үздік балалар спектаклі" деген арнайы жүлде тағайындалған. 

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы

7 аталым бойынша беріледі: «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Кітаптың үздік дизайны». Байқау жүлдегерлеріне 5 миллион теңгеден қаржылай сыйлық табысталады. Жеңімпаз авторлардың ең­бек­тері 500 данамен жарық көреді.

«Дарын» сыйлығы

Байқау әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино,эстрада, халық шығармашылығы атты 10 номинация бойынша өтеді.

Сыйлықтар туралы толығырақ мына жерде.