Жастар өз құқығын біле ме?

«Сөздерінде жалын бар, жаннан қымбат оларға ар», – деп Мағжан ақын айтпақшы, мемлекеттің алға қойған мақсаттары орындалып, елдің дамуына ерекше үлес қосатын – жастар. Ал қоғамның басты қозғаушы күші, халықтың ең белсенді тобы саналатын сол жастар өз құқығын толық біле ме? Жастар заң хақында  нені елеп-ескеруге тиіс екенін  мамандардан сұрап білген едік.

Алтын АҚЫНБЕКОВА,  оқытушы:

 Студенттер талап ете алады

 – Қазіргі жастар өте білімді  және көпшілігі өзінің құқығын біледі деп санаймын. Мәселен, өзім қызмет ететін  университетте 13 баптан тұратын «Студенттің ар-намыс» кодексі бар. Оқуға қабылданған студенттер алғашқы күннен бастап осы кодекспен мұқият танысады. Оқу жылының басында әр оқытушы өзі сабақ беретін пән бойынша оқу жоспарын жасайды. Ал студенттер универ жүйесіне кіріп, оқытушы енгізген оқу жоспарды, дәрістерді және қосымша материалдарды жүктеп алып, танысады және сабақты арнайы бекітілген  оқу жоспары бойынша өтуін талап ете алады. Әр студенттің және олардың ата-аналарына университет жүйесіне кіретін логин және құпия сөз беріледі. Айта кететін тағы бір жайт,  оқу жылы барысында «Оқытушы – студенттердің көзімен» деген сауалнама жүргізіледі. Студент сауалнамаға қатысып, оқытушылардың білімі мен біліктілігін бағалай алады.

Жеке тұлға ретінде білім алушы студенттік өміріне бей-жай қарамай, барынша жақсы маман болып шығу үшін өз құқығын толық пайдалануға тиіс.

 

Эльнура КІШКЕНЕБАЕВА,  адвокат:

 Тың ұсыныс бастамашысы

– Еліміздің болашағы сөз болса, ойымызға жастар мәселесі, олармен әлеуметтік жұмыс жүргізу жайы еске түседі. Жастар қоғамдағы адамдар санатының белгілі бір тобы ғана емес, олар – жас қуаттың, еңбек көзінің,  тың ұсыныстардың бастамашысы. Сонымен қатар, жастар және жас қоғам әрбір елде оның кез келген саласында өзіндік орны бар әлеуметтік-саяси топ.

ҚР Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңда жастардың құқығы, мақсаттары мен міндеттері анық көрсетілген. Мәселен,  жастар саясаты туралы заңның 3-бабында жастардың рухани, мәдени білім алып, кәсіби және дене бітімінің толыққанды дамуы, шешім қабылдау процесіне қатысуы және тағы да басқа жағдайлар болып саналады. Сонымен қоса, жастар өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қолжетімді және сапалы білім алуға, денсаулығын сақтап, оны нығатуға, жұмысқа орналасуға, жұмыс істеп жүрген жастар қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамытуға  құқылы.

 

Амангүл ҚЫДАНҚЫЗЫ,  заңгер:

  Уақыт күттірмейтін талап

– Бүгінде жастардың көпшілігі өз құқығын толықтай біледі деп айта алмаймын. Тіпті, кейбірі құқығын білуге де талпынбай, білікті заңгердің көмегіне жүгіне бермейді. Бір ғана мысал, отбасылы болған жастар тұрмыс жағдайларына байланысты әртүрлі банктен несие алып жатады. Құқықтық сауаттың нағыз керек жері, төленбеген несие коллекторлық компанияға өткен кезде жастар қандай әрекет жасайтынын білмейді. Жастардың құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, кейбір заңсыз компаниялар қоқан-лоққы көрсеткен жағдайлар да кездеседі. Ал жастарымыз тиісті мекемеге арызданбай, заңбұзушылықты жылы жауып қоя салады.

Жастар құқығын біліп, оны неғұрлым дер кезінде қорғай алған жағдайда қоғамда  заңбұзушылық азаяр еді.  Өз құқығын заңмен қорғай білу – уақыт күттірмейтін талап. Жастар соны ескерсе деймін.

 

Шапағат СЕЙДАЛЫ,  студент:

 Бәрі – заң білмегеннен

– Жастар саясаты туралы заңды білмеу біздің көптеген пайдалы дүниелерден тыс қалуымызға себепші болады. Біздің санамызда «жастар» деген тек студенттер немесе белгілі бір ұйымның мүшелері ғана елестейді және тек сол санаттағы жастар ғана көптеген мүмкіндіктерге ие бола алады деп ойлаймыз. Бірақ бұл қате пікір. «Жастар» деген санатқа жалпы 14 жастан 29 жасқа дейінгі аралықтағы азаматтар жатады. Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңда олар «кез келген медициналық, психологиялық қызметтерді тегін пайдалануына, сондай-ақ, көптеген спорттық секцияларға тегін жазылуына мемлекеттен жағдай жасалған» делінген. Алайда, сол жағдайларды тиімді пайдаланбағандықтан, біз алуан түрлі қымбат секцияларға жазылып, өз құқығымызды қорғай алмай,  тіпті медициналық қызметтерді де ақылы түрде алуға мәжбүр болып жатамыз.

Сондай-ақ, бүгінгі  жастарға арналған түрлі бағдарламаларды да айтқым келеді.  Жеке бизнес бастау немесе басқа да жаңа бір қызмет түрін бастау мақсатында қазір көптеген жастарға арналған жаңа жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жұмыс жасайды. Үй алу мәселесі сияқты. Мемлекеттік бағдарламалармен тек шаңырақ көтерген жас отбасылар ғана үй алады деген жаңсақ пікір бар. Жұмысты бірінші орынға қойған жастар үшін де тиімді жолмен баспаналы болу немесе ұзақ уақытқа жалға алу жағдайы қарастырылған.

 

                                                                Әзірлеген Гүлжанат СЕМБАЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *