«Жасотандықтар» әлеуметтік жағдайы төмен балаларға қолдау көрсетіп жатыр

«Жасотандықтар» әлеуметтік жағдайы төмен балаларға қолдау көрсетіп жатыр
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Олар оқушыларға ағылшын тілінің деңгейі мен білімін арттыруға көмектесіп жатыр.

Алматы қалалық Jas Otan жастар қанаты English for Jastar жобасы шеңберінде халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан балаларға тегін ағылшын тілін оқыту курстарын бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

English for Jastar жобасы алғаш рет 2018 жылы Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы аясында іске асырылатын үштілділікті енгізу жөніндегі ауқымды бағдарламаны қолдау үшін іске қосылды. Бұл жоба оқушыларға ағылшын тілінің деңгейін көтеруге және олардың қарым-қатынас дағдыларын жақсартуға бағытталған.

Nur-Sultan baspasy ұсынған ұзақтығы 6 ай факультативтік курстардың бірінші ағымында көп балалы отбасылардан шыққан 11 бала оқып жатыр. Жобаның басты мақсаты - жас буынға қолжетімді сапалы біліммен қамтамасыз етуге үлес қосу. Оқушыларға ағылшын тілінің деңгейі мен білімін арттыруға көмектесу. 

Оқуды бастау үшін оқушылар бірнеше кезеңнен өтті:

  1. Балалар ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтау тестінен өтті.
  2. Ағылшын тілі деңгейіне және жасына сәйкес балаларды топтарға бөлу.
  3. Бос уақытын ескере отырып, сабақ кестесін құру.
  4. Оқушыларға ағылшын тілінен тегін оқулықтар берілді. 

«Біз мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған оқу әдебиеттерін әзірлеумен және бейімдеумен айналысамыз. Мектептерге 2021-2022 оқу жылына тегін қол жеткізуге сілтемелер ұсынамыз және оқу процесінде республика мектептерінен электрондық платформаларды пайдалану тиімділігі бойынша кері байланыс алуға қуаныштымыз. Бұл жоба аясында аз қамтылған, көп балалы отбасылардың оқушылары, сондай-ақ толық емес отбасылардың балалары мен мүгедек балалар үшін оффлайн режимінде ағылшын тілін тегін оқытуға 11 орын ұсындық» - деді Nur-Sultan baspasy бас маманы Аида Уразаева. 

Атап өтсек, оқыту халықаралық стандарттар бойынша өтеді. Курсты сәтті аяқтаған оқушыларға сертификаттар беріледі.