Жасөспірімдеріміз іріктеу кезеңінің жартылай финалына шықты

Жасөспірімдеріміз іріктеу кезеңінің жартылай финалына шықты
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Малайзияның Кучинг қаласында теннистен әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында теннистен командалық әлем чемпионаты Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінің жартылай финалистері анықталды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Мәдина Рахымның шәкірттері ширек финалда іріктеу турнирінің екінші ракеткасы – Үндістан командасын ұтты.

Алдымен Ева Корышева қарсыласын 6:1, 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Содан кейін Еркежан Жаңатаева да қалыспады – 6:4, 6:7, 6:2.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 24 наурыз күні жартылай финалда Жапониямен ойнайды. Жапониялықтар ширек финалда Таиланд командасынан басым түсті.

Биыл Азия – Тынық мұхит аймағынан командалық әлем чемпионатының финалдық сатысына үш жолдама беріледі. Финалдық кезең жазда Чехияның Простеев қаласында өтеді.