Жасарған, жайқалған ҚАЗҰУ

Жасарған,  жайқалған  ҚАЗҰУ
almaty-akshamy.kz

90 жылға жуық тарихы бар, қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.

Алдымен университет басшысы әлемдік білім кеңістігіне қадам басқан оқу ордасының болашақтағы келбеті мен жаңарған бейнесі айшықталған жоспарлармен жанжақты таныстырып шықты. Осыдан соң бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген университеттің дәрісханаларын аралап, жаңарған дәліздермен жүріп өтті. Осы оқу ордасының бір кездегі түлектері де жастық шақтарымен қайта қауышып, жаңарған кешеннің келбетін қызыға тамашалады. Еліміздегі байырғы оқу ордасына басшылыққа келгеніне небәрі 6 ай болғанымен, қыруар жұмыстың бетін қайтарып, құрылыстың қызып жатқаны туралы әңгімелеген ректор енді сол жұмыстардың қалай жүзеге асып отырғанын көзбен көру үшін қалашықты бетке алды.

Тау етегіндегі жастар қалашығында қайнаған қызу құрылыс жүріп жатыр. Мұндағы 14 жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген. Болашақта заманауи, студенттердің жайлы өміріне толық жағдай жасалған жатақханалар бой көтеретін болады. Университеттің 15 мыңға жуық студентіне әлі де жатақханадан орын тапшы. Бұл жұмыстардың барлығы қаржы мен уақытқа тәуелді. Сондықтан кампусты дамытудың 2025 жылға дейінгі жұмыс жоспары жасалып, дәл қазір Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығымен бірлесе жатақханалар салуға инвесторлар тарту бойынша жұмыстар қызу қолға алынып жатыр. Күрделі жөндеу жұмысынан соң бұл жатақханалардың барлығы заманауи түрге еніп, студенттерге барлық жағдай жасалатын болады.

Сонымен, ақпарат құралдарының өкілдері жастар қалашығындағы күрделі жөндеу құрылысы жүріп жатқан №7 жатақханаға аялдады. Пайдалануға берілгеніне 30 жылға жуықтаған ғимараттың тым тозып кеткені көрініп-ақ тұр. Инженерлік желілері мен коммуникациясы әбден ескірген.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлы қалашақты таныстыра жүріп, оқу орнының даму бағдарламасы, кампусты жаңғырту жоспары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы нақты мысалдармен баяндады. БАҚ өкілдері Студенттер қалашығында жақында ғана ашылған теннис кортын аралап, оның жұмысымен де танысты. Университет басшысы қалашық төріндегі Елбасы саябағында мыңға жуық жеміс көшеттерінің отырғызылғанын айтып, оның себебін атап өтті.

– Қалашық өте әдемі жерге орналасқан. Жеміс ағаштары гүлдеген кезде әлі-ақ «ҚазҰУ сакурасын» тамашалауға келетін боласыздар, – деді.

Қонақтар қалашықтағы атына заты сай «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығына бас сұғып, оның да жұмысымен танысты. Медициналық диагностикалық орталықта әлемдік індетке қарсы қарқынды жұмыс қызу жүріп жатыр. Тегін екпе егетін орын, ПТР-тест орталығы бар.

Осыдан соң БАҚ өкілдері бір кезде Елбасы алғашқы қадасын қадаған, бүгінде қаламыздағы ең үлкен кітапханалардың біріне айналған әл-Фараби бабамыздың атындағы кітап патшалығына келді. Университет басшысы Қазақ ұлттық университетінің қалыптасқан дәстүрі, жетістігі мен келешек жоспары туралы баяндады.

Еліміздегі байырғы оқу ордасында бүгінде 16 факультет, 68 кафедра, 8 ғылымизерттеу институты және 29 ғылыми орталық жұмыс істейді. Бүгінде университетте 26 мыңнан астам студент білім алады. Университет түлектеріне деген сұраныс та жоғары. Олардың 96 пайызы жұмыспен қамтылады.

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ыстықкөлдегі спорттықсауықтыру лагері мен 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханасы іске қосылғаны туралы айта келе, білім сапасын жақсартып, ғылымды дамыту жолында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар, университет оқытушылары мен профессор­ лар құрамының әлеуметтік жағдайы да назар­ дан тыс қалмай, жасалып жатқан қолдау ту­ ралы сөз болды.

Университет басшысы өз сөзінде әлі де оқытушыларды материалдық жағынан ын­ таландыруға ерекше көңіл бөлінетінін айт­ ты. Мәселен, биылдың өзінде жалақы екі рет көтеріліп отыр. Алғашында ақпан айында 20 пайызға өссе, содан кейін Білім және ғылым министрлігінің нұсқауына сәй­ кес, 1 қыркүйекте тағы да көтерілді. Қазір оқытушылардың ең төменгі жалақысы – 285 мың, аға оқытушылар – 312 мың, ал қауым­ дастырылған профессорға – 389 мың, про­ фессорға 500 мың теңге көлемінде жалақы белгіленді.

Сонымен қатар, ҚазҰУ-да 650-ден астам білім беру бағдарламалары жүзеге асып жа­ тыр. Бұған қоса, биыл ең өзекті әрі перспек­ тивалық бағыттар бойынша тағы да 100-ден астам жаңа оқу бағдарламасы іске қосылды. Олардың қатарында неврология, киберфизи­ ка, биологиялық инженерия, роботтық жүйе­ лер, жаратылыстану мен инженерлік-техни­ калық бағыттағы табиғи және технологиялық тәуекелдер бар. Сондай-ақ, әлеуметтік-гума­ нитарлық бағыттағы мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық эконо­ мика, креативті индустриялар, медиа-комму­ никация, ақылды қала экономикасы сияқты мамандықтардың бар екені туралы да баян­ дады.

Бүгінгі таңда оқу ордасының инфрақұрылымын модернизациялау жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, биыл 7 оқу ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізілсе, 3 оқу ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Кампустың аумағын абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Университет басшысы білім беру мен ғылымның озық инфрақұрылымын заман талабына сай дамытуда әлі де ауқымды жұмыстар атқарылатынын, әлемдік үздік университеттер қатарындағы оқу ордасының мақсаты сапалы білімге қол жеткізу екенін айтты. Университеттегі қарқынды жұмыстар үшін бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында шетелдік инвестицияларды тар­ тудың түрлі тетіктерін қарастырып жатқанын жеткізді.

Қазақ білімі қара шаңырағының екінші тынысы ашылып жатқандай. Бір кездері Ө.Жолдасбеков түрен салған қалашықтағы құрылыс тағы да жандана түсті