Жасанды шыршалар аллергияны қоздыруы мүмкін - дәрігер

Жасанды шыршалар аллергияны қоздыруы мүмкін - дәрігер
Cурет: pixabay.com

Барлық дәстүрлі жаңажылдық заттар аллергия тудыруы мүмкін

Мәскеу денсаулық сақтау департаментінің ересектерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі штаттан тыс бас маманы Андрей Тяжельников жасанды шыршалар аллергия тудыруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

РИА Новостиге берген сұқбатында дәрігер аллергиясы бар адамдар жасанды шыршаны орнатпастан бұрын, оны алдымен жуып, құрғатып алу керектігін айтты.

«Жаңа жылда, өкінішке қарай, аллергиясы бар адамдар үшін қиын уақыт. Өйткені, барлық дәстүрлі жаңажылдық заттар аллергия тудыруы мүмкін. Мысалы, шырша және басқа қылқан жапырақты өсімдіктер. Мұның себебі - шаң-тозаңда, шайырында және эфир майларында. Синтетикалық шыршалар аллергияны одан да үдете түседі, өйткені бәрі бірдей сапалы, қауіпсіз материалдардан жасала бермейді. Егер шырша бір жыл бойы сақтауда жатып қалған болса, оған шаң-тозаңмен қоса ұсақ жәндіктер де қосылады»,- дейді Андрей Тяжельников.

Сондай-ақ, оның айтуынша, бөлмені жиі желдетіп, шыршаға жақындамау керек. Жасанды шырша сатып алғанда, дәрігер атап өткендей, сертификатын сұрау керек, оның құрамы, неден жасалғанын зерттеуіңіз қажет. Маманның айтуынша, рождестволық әшекейлер аллергия тудыруы мүмкін, сондықтан қатты иісі бар ойыншықтарды алмаған жөн.

Сонымен қатар, ол мерекелік үстелде де аллергендердің көп екенін атап өтті.

«Оның бастысы - цитрус жемістері. Кеңес заманынан бері оларды жаңа жылға қорабымен сатып алу дәстүрі бар. Аллергия ананас пен жидектерден де туындайды. Одан соң жаңғақтар, шоколад, какаоны да бұл тізімге қосуға болады. Дәстүр бойынша, жаңа жылдық үстелге көптеген салат дайындалады. Сонымен қатар, жұмыртқа мен тауық сияқты көп қолданылатын заттар аллергия тудыруы мүмкін»,-дейді Андрей Тяжельников.

Дәрігердің айтуынша, аллергендер тізіміне теңіз өнімдері де кіреді.

«Жаңа жылдық мәзірді мұқият таңдауға кеңес беремін. Бүгін бізде аллергия тудыратын ас-көктің орнын алмастыра алатын үлкен ассортимент бар. Егер дайын тағам сатып алынса, онда оның құрамын мұқият зерделеу керек»,-дейді Андрей Тяжельников.

Дәрігер аллергиясы бар адамдарға аллергияны басатын дәрілерді өз жанында ұстап жүруге кеңес береді.
Жаңалық сипатындағы материалдарды дәрігер тағайындаған рецептімен теңестіруге болмайды. Қандай да бір шешім қабылдамастан бұрын маманмен кеңесіп алғаныңыз жөн.