ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ

Қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі.

               Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

1994 жыл мемлекеттік құрылыстың ал­ғашқы қадамдары жасалған, тоталитарлық жүйенің сарқыншақтарынан арылу, нарық­тық экономиканың басталған кезеңі болды. Қазақ Елі дамудың жаңа моделін – «қа­зақ­стандық жолдың» іргетасын қалауға тал­пынды. Әрине, мұндайда, ең алдымен, ұтымды саяси жүйені қалыптастырып алмай, экономикалық дағдарысты еңсеру де, халықтың әл-ауқатын жақсарту да, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де мүмкін емес еді. Осы жәйттерді жан-жақ­ты зерделеген ел билігі экономиканы ырықтандыру арқылы макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуді мақсат етті. Жаңа реформалар мен өзгерістерді құ­қықтық тұрғыда негіздеу үшін кәсіби бі­лікті парламент керек болды.

1994 жыл қазақстандық парламен­та­ризмнің қалыптасуындағы айрықша маңыз­ды кезең ретінде есте қалды. Ел та­рихында саяси партиялар мен қозғалыстар тұңғыш рет биліктің нақты тұтқаларына қол жеткізді. Көппартиялылыққа жол ашыл­ды. Демократиялық сайлау нәтиже­сінде Жоғарғы Кеңесте Қазақстан Халық Бірлігі Одағы, Қазақстан Халық Конгресі партиясы, Социалистік партия және Кәсіподақтар федерациясы фракциялары құрылды, сондай-ақ, негізінен кәсіби белгісі бойынша 14 депутаттық топ қалып­тасты. Олар мемлекеттік бағдарламаларды қалыптастыруға және қабылдауға қатысу мүмкіндігін алды. Он үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңе­сінің төрағалығына белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев сайланды.

Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес аз уақыт жұмыс істесе де (1994 жылғы сәуір – 1995 жылғы наурыз) тәуелсіз Қа­зақ­­стан парламентаризмінің жүйесін қалаған Қазақ Елінің тұңғыш кәсіби парламенті еді.

КСРО-ның шикізат базасы болып келген республика тәуелсіздігін алғаннан кейін халық шаруашылығының «үзіліп қалған тамырларына қан жүгіртіп, дем беру», Қазақстанды тек шикізат шығаратын мемлекеттен өндірісі дамыған өркениетті өнеркәсіптік мемлекетке айналдыру – кезек күттірмес шараларды талап етті. Күн тәртібінде жас тәуелсіз елдің басқаға тәуел­ді болмауы үшін жүйелі экономи­калық реформаларды жеделдете жүргізуді қолға алу қажеттігі тұрды. Бағаны ырық­тандыру салдарынан пайда болған ги­перин­фляцияны ауыздықтау мен қар­жы­лық тұрақтылыққа қол жеткізу әлі буыны қатаймаған мемлекеттің эконо­микалық саясатының негізгі міндеті болды. Соны­мен бірге, одақтан еншісін алған жергілікті кәсіпорындарды «тірілту» мақсатында ұлттық экономиканы инвестициялармен «қоректендіру» бағыты да Президенттің алғашқы қадамдарының қаншалықты күрделі болғандығын көр­сетсе керек. Тіпті, осы жылдан бастап жеке­меншік инвестициялық қорларға шет ел капиталын құюға да рұқсат етілді. «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік экспорт-импорт банкі» құрылды. Ұлттық алтын-валюта резерві 805,221 млн. АҚШ долларын құ­рады. Парламентте страте­гиялық жағынан маңызы зор «Мұнай туралы» Заң жобасы қабылданды. Әлемнің ядролық держа­валары бейбіт даму жолын таңдаған Қазақ­станның қадамын жоғары бағалап, ел қауіпсіздігіне кепілдеме берді.

1994 жыл қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуындағы айрықша маңызды кезең ретінде есте қалды. Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес тәуелсіз Қазақстан парламентаризмінің жүйесін қалаған Қазақ Елінің тұңғыш кәсіби парламенті болды деп бағалауға да болар.

 1994 жыл, 13–18 ақпан. Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Америка Құрама Штаттарында болды. Екіжақты келіссөздер барысында екі елдің мем­л­екет басшылары демократиялық ықпал­дастық Хартиясына қол қойды. Қазақ­стан ядролық қаруы жоқ ел ретінде танылып, Ядролық қаруды таратпау ту­ралы Шартқа қол қойылды.

 

ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ 1994

Тәуелсіздік шежіресі

 

1994 жыл, 10-11 қаңтар

Президент мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасына барып, Нүкіс қаласында өткен Орта Азия мемлекеттері басшыларының Арал теңізі бассейнінің проблемаларына арналған конференция­сына қатысты. Онда «Арал теңізі алабының бағдарламасы» қабылданды. Бағдарлама арқылы Арал теңізі алабындағы қоршаған ортаның жағдайын тұрақтандыру, Арал маңының бү-лінген экологиясын қалпына келтіру, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру және басқа да жұмыстар көзделді.

 

1994 жыл,  28 қаңтар – 1 ақпан

Мемлекет басшысы Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты.

1994 жыл, 12 ақпан

Қазақстанда Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия құрылды. Ол адам құқығы мен бостандығының құрмет­телуін қамтамасыз ету, олардың сақталуы жолындағы кепілдікті күшейту мақсатын көздеді.

 1994 жыл, 13–18 ақпан

Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Америка Құрама Штаттарында болды. Екіжақты келіссөздер барысында екі елдің мем­л­екет басшылары демократиялық ықпал­дастық Хартиясына қол қойды. Қазақ­стан ядролық қаруы жоқ ел ретінде танылып, Ядролық қаруды таратпау ту­ралы Шартқа қол қойылды. Осы сапар аясында Қазақ Президенті Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Б.Галимен жүздесті.

1994 жыл, 25 ақпан

Ақмолада, Тыңгерлер сарайында тың және тыңайған жерлерді игерудің 40 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.

1994 жыл, 7 наурыз

Ата Заң негізінде дәл осы күні рес­пуб­ликаның жоғары заң шығару органының алғашқы демократиялық сайлауы өткізілді. Аты айтып тұрғандай, бұл сайлау Қазақ­стан­да көппартиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Сайлауға барлық сайлау­шы­лардың 73,84 пайызы қатысты. Саяси пар­тиялар мен қозғалыстардың, бір мандатты округтерден сайлауға түскен үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары шынайы демокра­тия­лылықтың көрінісіндей болғанын ерекше атап өткен жөн. 135 бір мандатты округтер бойынша 910 адам ұсынылса, тіркеу шарттарына сәйкес 692 адам іріктеуден өтті, бір депутаттық мандат үшін 5 үміткер күресті.

1994 жыл, 28–30 наурыз

Қазақстан Республикасының Прези­денті Ресей Федерациясына ресми са­пармен барды. Екі ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельцин экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны тереңдету туралы Шартқа қол қойды. Сондай-ақ, «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы келісімге келді. Ресей Федерациясында тұратын Қазақстан азаматтарының, Қазақстан Республика­сында тұратын ресейлік азаматтардың азаматтық және құқықтық мәртебесі жө­нінде Меморандумға, Әскери ынтымақ­тастық туралы шартқа қол қойылды. Осы сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінің профессор-оқытушы құрамы мен сту­денттері алдында сөз сөйлеп, өзінің әйгілі бастамасы – Еуразиялық экономикалық Одақ құру идеясын ұсынды.

1994 жыл, 15 сәуір

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасында еге­мендігін, территориялық тұтастығын және шекараларының қол сұғылмау­шылығын сақтау туралы Декларация қабылданды.

 

1994 жыл, 19 сәуір

Он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің 1-сессиясы ашылды.

 

1994 жыл, 26 сәуір

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Респуб­ликасы мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Пэнмен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан–Қытай шекарасы туралы, Қытай тарапынан Қазақстанға мемлекеттік несие және гуманитарлық көмек беру жөнінде, екі ел арасындағы халықаралық жүк және жолаушылар тасы­малын дамыту, тағы басқа да келісімдерге қол қойылды.

 

1994 жыл, 28 сәуір

Бұқаралық ақпарат құралдарында АҚШ президенті Билл Клинтонның Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хаты жарияланды. Онда Клинтон Қазақстанның ядролық қаруларды таратпау жөніндегі Шартқа қосылуы күллі әлем үшін үлгі болатын қадам екендігін, бұл бағытта Қазақстан көшбасшы мемлекет болған­дығын ерекше атап өткен.

1994 жыл, 29 сәуір

Бішкекте Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан мемлекеттері басшыларының үшжақты кездесуі өтті.

1994 жыл, 10 мамыр

Америкадағы «Сабин металл кор­порейшн» зауытында арнайы Қазақстан шикізатынан балқытылған тұңғыш қазақстандық платина құймалары (жалпы салмағы 14 килограмм болатын алты құйма) алынды.

1994 жыл, 27 мамыр

Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасына қосылған 19-шы мемлекет атанды.

1994 жыл, 3 маусым

Қазақстан Республикасының он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің Үйлестіру кеңесіне қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Еуразиялық Одақты құру туралы жобасын жария етті.

1994 жыл, 9 маусым

Он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің бірінші сессиясының пленарлық мәжілісіне қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады.

 

1994 жыл , 22 маусым

Мемлекет басшысының тапсырмасы­мен Министрлер Кабинетінің арнайы оты­рысында Үкіметтің реформаларды те­реңдету және 1994-1995 жылдары эко­но­микалық дағдарыстан шығу жөнін­дегі іс-қимыл бағдарламасының жобасы қаралды. Онда мемлекеттің экономикалық дамуына байланысты жаңаша бағыттар талқыланды.

1994 жыл, 3 шілде

Қазақ Елінің тағы бір азаматы – Талғат Мұсабаев ғарыш сапарына аттанды.

 

1994 жыл, 6 шілде

Қазақстан Республикасы Парламент сессиясының жалпы отырысында Прези­денттің астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысы мақұлданды. Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшіру жөнінде шешім қабыл­дады.

1994 жыл, 8 шілде

Алматыда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері басшыларының үшжақты кездесуі өтіп, бірлескен мәлім­демеге қол қойды.

 

1994 жыл, 21 қазан

Мәскеуде ТМД мемлекеттері басшы­ларының кезекті мәжілісі болып өтті. Онда мемлекетаралық экономикалық комитет құру мәселесі талқыланды.

 

1994 жыл, 23 қазан

Қазақ Елінің жаңа ордендері мен ме­дальдары алғаш рет тапсырылған күн.

­

1994 жыл, 4 қараша

Мемлекет басшысы космостағы вах­тасын аяқтап, Жерге оралған ғарышкерлер Т.Мұсабаевты, Ю.Маленченконы және У.Мербольдты қарсы алу рәсіміне қатысты.

1994 жыл, 5 желтоқсан

Будапештте Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің жоғары дәрежелі кездесуі өтті. Онда Ресей, Ұлыбритания және АҚШ басшы­лары Қазақстан Республикасының қауіп­сіздігіне кепілдік беру туралы Меморан­думға қол қойды.

Меморандумға қол қоюшы мемле­кеттер өздеріне Қа­зақстан Республи­ка­сының территориялық тұтас­тығы мен саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолдан­бауға, тәуелсіз жас мемлекетті экономи­калық жағынан қысым мен мәжбүрлеуден бас тартуға міндеттеме алды. Бұл мін­деттемелерге кейіннен Фран­ция мен Қытай Халық Республикасы да қосылып, кепілдіктерін берді.

 

  • Біздің дәйектеме:

Ел астанасын ауыстыру, бірін­ші­ден, Қазақстанды геосаяси жағынан күшей­тудің қажеттігінен туындады. Ақ­моланың географиялық жағынан елдің орталық бөлігінде, ірі көлік жол­дарының түйіскен жерінде, маңызды шаруашылық, астықты аймақтарға жақын орналасуы ескерілді. Екін­шіден, бұл шешімнің қабылдануы қауіп­сіздік мәселесіне тікелей бай­ланысты еді: тәуелсіз мемлекеттің астанасы орта­лықта, мүмкіндігінше, шекарадан жы­рақта орналасуы тиіс деген тұжырым жасалды.Үшіншіден, күн тәртібінде Қазақстанның эко­но­микасын сауық­тыру қажеттігі тұр­ған еді, ал мұның өзі ел экономикасының тиімділігін қамтамасыз етудің жолы деп есептелді. Облыс орталық­та­рының дамуына айрықша көңіл бө­лінді. Осындай шаралардың нәти­же­сінде экономика­ның құрылыс ма­те­риалдары өндірісі, тұрғын үй құрылысы, жол төсеніштері, энер­гетика және машина жасау сияқты салалары жоғары қарқынмен дами бастады. Жаңа астананы көтеру елі­міздің солтүстігінде белең алған славян­дық қозғалыстардың жер дауы хақында белсенділігі артқан тоқса­ныншы жыл­дары ерлікпен пара-пар қиын да күрделі шаруа еді. Бұл бағ­дарлар түсіне білген адамға Қазақ Елінің тәуелсіз­дігінің іргетасын нығайтудағы батыл қадам болғаны сөзсіз.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

 халықаралық бастамаларынан

1994 жыл, 22 наурыз

Ең алғаш рет мемлекет­тердің Еуразиялық одағын құру идеясы мәлім­делген күн. Болашақ мемлекетаралық бірлес­тікті – «Еуразиялық Одақ» деп атау ұсынылды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «CHATHAM HOUSE» Корольдік халықаралық қатынастар институтында сөйлеген сөзі (Ұлыбритания).

СТАТИСТИКА:

1994 жылы Президент респуб­лика өңірлеріне 14 рет, шет елдерге 22 рет ресми сапарға шықты. Түрлі ресми жиындарға қатысып, сөз сөйлеген. Бір жыл ішінде барлығы 24 Заң қабыл­данып, 308 Жарлыққа қол қойылды.

Жыл  түйіні:

«Бұл жыл біздің қазақстандықтар үшін елдігі мен ерлігін танытқан жыл болды. Республика халқы инфляцияның ащы дәмін татып, қиын шақтарды бастан кешірді. Осындай күрделі жағдайға қарамастан біздің адамдардың бойында тамаша қасиеттер қалыптаса бастады: өтпелі кезеңнің болмай қоймайтын ауыртпалықтарына түсіністікпен қарады, ең бастысы – әркімнің көкірегіне болашаққа, қалап алған бағытымызға деген сенім ұялады».

(Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы 31 желтоқсандағы

 Қазақстан халқына жаңажылдық Үндеуінен).

Төрехан ДАНИЯРОВ

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *