ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ
almaty-akshamy.kz

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

2021 жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында елімізде  кезекті Ұлттық халық санағы өтті. Санаққа дайындық аясында  нұсқаушылар мамыр-шілде аралығында, тіркеушілер 1 маусымнан бастап 30 маусымға дейін жұмыс істеді.  

2021 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

 

  1. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы басқосуы.
  2. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысы. Жер сатылмайды.
  3. COVID-19 коронавирус инфекциясымен күрес. Қазақстандық вакцина.
  4. Халық санағы – 2021.
  5. Семей полигонының жабылғанына30 жыл.
  6. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің – 180, Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың – 90 жылдығы...

 

    2020 жылғы 14 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Міне, егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі»,– дей келе 2021 жылды  «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Президент тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ екенін, егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт екенін қадап айтты.

    Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығының беташар жылындағы басты саяси оқиғалардың бірі – мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы. Екі науқанды бір уақытта өткізу бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Сайлауға «Қазақстан халық партиясы», «Nur Otan», «ADAL», «Ауыл», «Ақ жол» партиялары қатысты.

    2021 жылғы 5 ақпанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Еліміз  егемендігінің төртінші онжылдығына қадам басты. Қазақ Елі үшін бұл әрине аса маңызды кезең.  Сондықтан да Президент атаулы жылға дайындықтың  сақадай сай болуы керектігін ескертті. 

    Мемлекет басшысы барлық  бастамалардың  тиянақты іске асырылуы қажеттігін,  құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын,  әрбір іс-шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажеттігін аманаттады.       

    Бұл жылы экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынды.   Тәуелсіздіктің 30 жылдық тұжырымдамасы негізінде Үкімет арнайы жоспар әзірледі.  Әрине, Президент айтқандай,  мұндай тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным  болуы шарт. Яғни, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. «Тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізу де қажет емес. Тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударған жөн. Біз үшін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – басты міндет. Елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан ету артық. Жұрт бізден өміріне өзгеріс әкелетін нақты қадамдар күтеді. Мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауға тиіс.Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр.  Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет.   Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны»,– деді Мемлекет басшысы.

    Президент тапсырмасына орай жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеу қолға алынды. Әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобалар бір арнаға тоғыстырылды. 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне,  әрбір іс-шара мемлекетшілдік сананы нығайтуға арналуы керектігіне маңыз берілді. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттауға да көңіл бөлінді. Бұл жылы халықаралық қауымдастық үшін де айрықша маңызды оқиға саналатын Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толса,  елімізде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің –  180, жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы және  тағы басқа да бірнеше тарихи тұлғалардың мерейтойларына орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.   

    Мемлекет басшысы және бір  үш  маңызды мәселені қозғады –  Қазақстанның академиялық үлгідегі тарихын жазуды жедел бастауды, мемлекеттік рәміздерімізді қолдану ережесін қайта қарауды тапсырды.Қасиетті көк байрағымызды үй сыртына және басқа да көрнекті жерлерге ілуге тыйым салуға болмайтыны, керісінше, азаматтардың мұндай әрекетін құптау керектігі, қазақ тілін меңгеру – біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам екендігі туралы Президент аманаттары   қоғамның  айырықша қолдауына ие болды.

    2021 жылғы 1 қыркүйекте   Мемлекет басшысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді.

    ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕЖІРЕСІ.  2021 жылғы қаңтар – маусым айлары

     1 қаңтар

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті.

    Коронавирус пандемиясына қарамастан екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 2,6 миллиард долларды құраған. Мемлекет басшысы сауда-саттықты арттыруға және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға күш салуды ұсынды. Түркия Президенті мұндай ұсынысты қабыл алып, соның нәтижесінде бірлесе отырып сауда көлемін үш есеге ұлғайтуға болатынын айтты. Індетке қарсы екі елдің іс-қимылын жоғары бағалап, Қазақстан басшылығының батыл әрекетінің арқасында мемлекеттегі эпидемиологиялық жағдай бақылауға алынғанын жеткізді.

    10 қаңтар

    Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында өз таңдауын жасады.

    – Бұл сайлау мемлекетіміздің одан әрі дамуына серпін береді. Жалпы біздің Парламентке неғұрлым көп партия кірсе, еліміздің болашағы үшін де соғұрлым жақсы болады. Сондықтан сайлау әділ өтеді деп сенемін. Парламенттің негізгі міндеті сапалы заңдар қабылдау. Қазақстанға сапалы заңнама жүйесі қажет. Сол себепті бәріміз осы мүмкіндікті пайдаланып дауыс беруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    26 қаңтар

    Мемлекет басшысы  Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді.

    – Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын.  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы...Халыққа берілетін шағын несиелердің ставкасы 6 пайыздан аспауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.Ол  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет екенін қадап айтты. Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын әзірлеу тапсырылды. Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірлеп,  енгізу керектігі сөз болды.

    29 қаңтар

    Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысы өтті.

    Жиында Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ, Жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды.

     31 қаңтар

    Алматы әуежайына Елордадан  Ресейдің «СпутникV» вакцинасының алғашқы 2050 дозасы  жеткізілді. Бұған дейін елімізге  Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасының 22 мың дозасы әкелінді. Қазақстан бұл вакцинаны тіркеген әлемдегі 27-ші мемлекет болды. «СК-фармация» ЖШС Алматы қаласы бойынша өкілдігі вакцинаны қабылдап, жан-жаққа таратты.Ал,1 ақпанда елімізде Ресейдің «СпутникV» екпесімен халықты ерікті вакциналау науқаны басталды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қарағанды ​​фармацевтика кешені базасында өндірілетін «Спутник V» вакцинасын тіркеу жоспарланып отырғанын хабарлады.«Спутник V» –  әлемде алғаш тіркелген вакцина. Ол – тиімділігі 90% -тен асатын әлемдегі үш вакцинаның бірі. Вакцинаның тиімділігі 91,6% көрсетті, бұл мәлімет 19 866 еріктіге сынақ жүргізілгеннен кейін алынды.

    5 ақпан

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

    Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды. Қазақ тілін меңгеруді  біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады.

    25 ақпан

    Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысына қатысты

    Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлес қосып келе жатқанын және кеңесте қабылданған шешімдер еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін бергенін айтты.Мемлекет басшысы жер мәселесінің ерекше маңызды екенін атап өтті. «Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға  ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек.  Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды», – деді Мемлекет басшысы.

     12 наурыз

    АҚШ Президенті Джо Байденнің құттықтау жеделхаты келді

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мерекесіне орай Америка Құрама Штаттарының Президенті Джо Байденнің құттықтау жеделхаты келіп түсті.

    Биыл Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Сізді осы атаулы оқиғамен құттықтай отырып, АҚШ Президентінің Әкімшілігі Өзіңізбен және Қазақстан халқымен етене жұмыс істеуге зор мән беретінін айтқым келеді. Ұзақ жылдар бойы біз ядролық қаруды таратпау, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы тығыз серіктесті қолдап келеміз. Менің Әкімшілігім стратегиялық серіктестігімізді тереңдетуге және бұдан 5 жыл бұрын Мемлекеттік хатшы Джон Керридің қатысуымен басталған «С5+1» диалог процесін жалғастыруға мүдделі, – деп жазылған жеделхатта. Наурыз мерекесі қарсаңында Джо Байден Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына бейбітшілік пен құт-береке тіледі.

     31 наурыз

    Мемлекет басшысы онлайн форматта өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты.

    – Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
    Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.

    28 сәуір

    «Вечерний Almaty» газетіне – 85 жыл!  Бұл – еліміздің медиакеңістігіндегі  маңызды оқиға. 

    Биыл 85 жылдық мерейтойын атап өткен газеттің  түп негізі 1936 жылы 28 сәуірде жарық көрген «Социалистическая Алма-Ата» газетінен бастау алады. Мемлекет басшысы газет ұжымына арнайы құттықтау  жолдады. Ал, 25 маусым күні «Қазмедиа орталығында» Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара барысында Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған құттықтауын оқып, Президент сыйлығы мен грантының иегерлерін, Алғысын алған шығармашылық ұжымдарды марапаттады. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысына  біздің әріптестеріміз, «Вечерний Almaty» газетінің шығармашылық ұжымы да – қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардың дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етуге қосқан зор үлесі үшін  иеленді. Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев салтанатты рәсімде  Алғыс хатты  «Алатау Ақпарат» медиахолдингінің Бас директоры Төлеміс Бақтыбайұлы Күлмұхамедовке тапсырды.

    28 мамыр

    Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен видео конференция режимінде кездесу өткізді.

    Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы, атап айтқанда, коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары қарастырылды.

    31 мамыр

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуі жарияланды.

    «Бүгін, 31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні.  Халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті.Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық.Былтыр қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы»,–деді Президент.        

    2 маусым

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті.

    Мемлекет басшылары әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Олар БҰҰ, ШЫҰ және «Орталық Азия – Қытай» форматы сияқты көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылдардың зор әлеуеті бар екенін атап өтті. Екі ел басшылары жаңа дәуір кезеңінде мультилатерализм тұжырымдамасын және «адамзаттың ортақ тағдыры» қоғамдастығын құрудың аса қажет екенін айтты.

    4 маусым

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  видео конференция режимінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу өткізді.

    Келіссөз барысында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен арадағы ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды. Пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға ерекше назар аударылды. Антониу Гутерриш коронавирус індетіне қарсы қазақстандық вакцинаның әзірлемесін және жаппай екпе салу науқанының табысты жүргізіліп жатқанын, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына кіретін мемлекеттердің мүддесін қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамасын құптады.

    18 маусым

    Мемлекет басшысы коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

    Ескерткіш елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында орналасқан.

    23 маусым

    Мемлекет басшысы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

    Жиынға Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің басшылық құрамы да қатысты. Президент алдағы сайлау науқанының маңызды екенін атап өтті.  

    – Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік, – деді Мемлекет басшысы.

    30 маусым

    Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияның іскерлік топтар өкілдерімен кездесу өткізді.

    «Қазақстан Тәуелсіздігін алған уақыттан бері Швейцария экономикамызға 30 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы, тіпті, былтырғы дағдарыс кезінде 1,7 миллиард доллар болды», – деді Президент.  Бүгінде Қазақстанда Швейцария капиталының қатысуымен 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде.

    3 ШІЛДЕ

    Қазақстан Президенті Елорда күніне орай Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Сондықтан бұл рәсімнің тарихи мән- маңызы айрықша. Көк Туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құн­дылық жоқ. Қазақтың тарихы «Туың жығыл­масын!» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған. Елдігі сынға түскен сәтте байрақ астына бірігіп, тұтастығын танытқан. Ерлік пен бірліктің дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалға­сып, Тәуелсіздік дәуіріне ұласты. Егемен елдің Көк Байрағы – мызғымас мемле­кеттігіміздің белгісі», – деді Мемлекет бас­шысы.

    4 ШІЛДЕ

    Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық­тарды Ұлттық домбыра күнімен құттық­тады.

    «Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жару­ға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпақ­қа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айт­сақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз. Ұлты­мыздың рухын көтеретін домбыраға әр ша­ңырақтың төрінде орын бар. Себебі, домбыра – қазақтың жаны», – деді Прези­дент.

    3 ТАМЫЗ

    «Alataý Аqparat» медиахол­дингінің ұжымы Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, «Вечерний Almaty» газетінің 85 жылдығы және «Almaty aqshamy» газетінің ал­ғаш шыға бастаған даталы күні­не орай «Ағаштарды аялайық» челленджін ұйымдастырды. Журналистер мекеме айнала­сындағы және бір жыл бұрын Абай даңғылының бойына өз­дері отырғызған жасыл желекті суарды, айналасын қоқыстан тазартты. Іс-шара оңтүстік аста­наның барлық мекемелері қыз­меткерлерін өздеріне қарасты және жақын маңдағы ағаштарға қамқорлық жасауға, сондай-ақ, экологиялық тазалықты сақтауға шақыруды көздеді. Ізгі бастаманы жалғастыру аманаты Қазақстан Журналистер одағына, «Қазақ үні» мен «Новое поколение» газеттеріне жолданды. Қазақстан Журналистер одағы бас­қармасының төрағасы Сейітқазы Матаев челленджді Қазақстанның халық жазушы­сы Олжас Сүлейменовке жолдады.

    17 ТАМЫЗ

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулдегі Кибер университеттің аумағына орнатылған ұлы Абай бюстінің ашылу салтанатына қатысты.

    – Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі, – деді Қазақстан Президенті. Бюсттің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұ­тас мүсіні Кореяда қоладан құйылған.

    21 ТАМЫЗ

    Нұр-Сұлтанда қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневке еңселі ескерткіш ашылды.

    Ескерткіш Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ғимаратының алдындағы алаңда,Тәшенев көшесінде орна­ласқан.

    30 ТАМЫЗ

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ Президенті Джозеф Байденнен хат келді.

    Джозеф Байден Семей ядролық полиго­нының жабылғанына отыз жыл толуына орай құттықтауын жеткізген. «29 тамыз күні Семей ядролық полигонының жабылға­нына 30 жыл толуына орай Америка Құрама Штаттарының атынан Қазақстан Респуб­ликасының халқына ең ізгі құттықтауымды білдіргім келеді. Америка құрама шаттары бұрынғы сынақ полигоны аймағын қалпы­на келтіру мен оның қауіпсіздігін қамтама­сыз ету бойынша Сіздің Үкіметіңізбен арадағы жалғасып жатқан ынтымақтас­тықты қоса алғанда, Қазақстанмен берік серіктестігін нығайта бермек. Америка Құ­рама Штаттары Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы күнінен бастап Семей айма­ғында әріптестік қарым-қатынаста жұ­мыстар атқарып келеді», – деп жазды АҚШ Президенті.

    1 ҚЫРКҮЙЕК

    2021 жылдың 1 қыр­күйегі мен 30 қазаны аралығында «Қазақс­танда әркім маңызды!» ұранымен елімізде жал­пыұлттық халық сана­ғы онлайн және офлайн форматта өтті.

    Оның алғашқы нәти­желері де күні кеше ғана белгілі болды. Премьер- Министр Асқар Маминнің мәліметі бойынша, қазақс­тандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер. Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14–28 жас аралығын­дағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен.

    Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған.

    30 ҚЫРКҮЙЕК

    Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті.

    Президент айтқандай, Қазақстанда 7500-ден астам ресейлік және 3500-ге жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Ынтымақтастық орнатқан уақыттан бері Форум аясында 200-ге жуық келісім мен шартқа қол қойылды. Осы кезеңде тауар айналымы 3,5 есеге өсіп, 19 миллиард долларға жетті. Ресейден тартылған тікелей инвестицияның көлемі соңғы 15 жылда 16 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Ресейге салынған қазақстандық инвестицияның көлемі 4,5 миллиард долларға жуық­тады. Елдеріміз арасындағы іс-қимылдар экономиканың барлық саласы: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым бағыттары бойынша жүргізілуде.

    1 ҚАЗАН

    Қазақ халқының рухани тірегі, ұлттың үні – Қазақ радиосының хабар тарата баста­ғанына 100 жыл, «Шалқар» радиосына – 55 жыл толды. Қазақ радиосы 1921 жылғы 1 қазанда алғаш хабар таратты. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп жа­риялауды ұсынды. Президент ұсынысымен 13 тамызда ҚР Үкіметінің қаулысы шықты.

    4 ҚАЗАН

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары Қордай ауда­нындағы Биологиялық қауіпсіздік проб­лемалары ғылыми-зерттеу институтына қарасты QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтика зауытының қызметімен танысудан басталды.

    Зауыт өндірістік тәжірибе бойынша ха­лықаралық стандарттарға (GMP) сай келетін иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодуляр­лы дерматитке және басқа да жұқпалы ауру­ларға қарсы вакциналар шығаратын болады. Жылына биофармацевтика препараттарының 30-дан 60 миллионға дейін дозасын әзірлеу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 15,6 миллиард теңге. 16 қыркүйек күні 100 мың доза көлемінде вакцина құю өндірісі іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. «Баршаңызды құттықтаймын. Шын мәнін­де, бұл – үлкен жетістік. Еліміз үшін қа­жетті өндіріс. Негізгі жұмыс орындалды.

    Бәрі дұрыс. Келесі жылы осы жұмысты жалғастырамыз. Вакцина өте тиімді. Гума­нитарлық көмек ретінде бұл вакцинаны Ау­ғанстанға және басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Вакцинамыз дүние жүзінде мо­йындалып жатыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын! Ризашылығымды білді­ремін. Бұл – өте күрделі процесс, өндіріс. Шын мәнінде, дүние жүзінде, шет елде мұндай өндіріс жасау үшін үш-төрт жыл кетеді. Біз тоғыз айдың ішінде жұмысты орындадық. Сондықтан еңбектеріңіз мемле­кет тарапынан жоғары бағаланады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    14 ҚАЗАН

    Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Алаш рухы биікке көтерілді. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ұлттың ұлы ұстазы, көрнекті ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мақсатында тиісті шешім қабылда­ды. «Almaty aqshamy» газетінде талай рет көтеріліп, жазылған мәселе – Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі қала меншігіне алынды. «Келер жылы көрнекті ағар­тушы А.Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық бары­сында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұ­расы мәңгілік сақталады», – деді Б.Сағынтаев.

    20 ҚАЗАН

    Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін аралап көрді.

    Президентке Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ескерткіші, жорық шаты­ры және қонақүйден тұратын кешеннің заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер таныстырылды. Мемлекет басшысы қасиетті тарихи нысанның үнемі ғалымдардың назарында болып, ғылыми айналымға түсуі керек екеніне баса мән берді.

    12 ҚАРАША

    Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық ке­ңесінің VIII Саммитіне қатысты.

    Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтас­тық кеңесінің VIII Саммиті Ыстамбұл қала­сының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізін­де орналасқан Демократия және бостандық аралында өтті. Саммит қорытындысы бо­йынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтас­тық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім қа­былданды.

    29 ҚАРАША

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейца­рия Конфедерациясына ресми сапары ая­сында ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адха­ном Гебрейесуспен кездесті.

    Әңгіме барысында Қазақстан мен ДДСҰ арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Бас директорға еліміздің пандемияға қарсы іс-қимылдар жөнінде қабылдап жатқан шаралары, оның ішінде қазақстандық ғалым­дардың коронавирусқа қарсы әзірлеген препа­раттары мен халыққа жаппай вакцина салу жұ­мыстарының жүргізілу барысы туралы мәлімет берді. Екінші жаңа QazCoVac-P вакцинасы ту­ралы айтты. Аталған препарат клиникалық зерттеулер фазасына кандидат вакциналар тізіміне енгізілді. Президент қазақстандық вак­цинаға қолдау көрсеткені үшін ДДСҰ басшы­сына алғыс айтты.