ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ
almaty-akshamy.kz

Қазір біз ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз. Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

2020 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

 

  1. 2020 жыл – Еріктілер жылы. Праймериз.
  2. Ұлы Абайдың 175, Әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы.
  3. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылуы
  4. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын баспана сатып алуға және емделуге жұмсауға мүмкіндік беру жөніндегі шешім
  5. COVID-19 коронавирус инфекциясымен күрес. Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуі.Блокбекекттер. Қазақстандық вакцина.

  Өткен 2019 жыл еліміз үшін аса маңызды оқиғаларға  толы болды. Өз өкілеттігін  тоқтатқан Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жолы сақталатындығын мәлімдеген жаңадан сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы  ел дамуына жаңа серпін әкелді. Қазақстан үшін   тарихи дамудың жаңа кезеңі басталды. Халық пен билік арасындағы диалогты күшейту үшін маңызды реформалар ұсынылды. Жаңа Президент әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған бірегей шешім қабылдады. Соның арқасында 500 мыңнан астам борышкердің қарызы айтарлықтай азайды. Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы, зейнетақы, жәрдемақ және студенттердің стипендиясын  көбейетін болды.Шағын және орта бизнесті қолдау үшін теңдессіз шаралар қабылданды. Жаңа жұмыс орындары ашылатын болды.  Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан ел  экономикасы  орнықты даму жолына түсті. 2020 жылы қазақстандықтардың  тұрмыс сапасын жақсарту  жолында нақты шаралар қолға алынды. Nur Otan партиясы халықаралық тәжірбиеде мойындалған партияішілік іріктеу тәсілі – праймеризді елімізде қолданысқа енгізді.

 2020 жыл –  Еріктілер жылы деп жарияланды.  Бұл  жылы да тарихи атаулы даталар мен  елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануының  30 жылдығы,  Қазақстан Конституциясының 25 жылдығы, әлем мәдениетінің  тасқа таңбаланған маңызды құндылығы – Тоныкөк ескерткішінің  1300 жылдығы,  қазақтың Бас ақыны, ұлы һәкім Абайдың – 175 , адамзаттың ақыл-ойының шамшырағы Әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуының  ширек ғасырлық мерекесі – міне осы даталарға  орай  іс-шаралардың барлығын  ысырапшылдыққа  жол бермей, мазмұнды ой тудыратын деңгейде өткізу жоспарланды.   

Алайда,  2020 жылға жоспарланған  саяси-экономикалық, мәдени-рухани, мерекелік іс-шаралардың барлығына дерлік  шектеу қоюға тура келді.  Адамзат баласы  бастауын Қытай елінен алып, әлемді шарпыған  алапат вирустың  құрсауында қалды. Қауіпті індетпен жаһандық күрес басталды. Бұл күресте сын-қатерлер аз болған жоқ.

Ел билігіне шұғыл шаралар қолдануға, қауырт қимылдар мен  іс-әрекеттерге баруға тура келді. Коронавирус инфекциясының  жылдам  өршуіне байланысты санэпидахуалға қатаң  бақылау күшейтілді. Қытай еліндегі Қазақстан азаматтарын елге  жеткізуге шешім қабылданды. Наурыз  айының 13-інде  елімізде COVID-19 инфекциясының алғашқы жағдайы тіркелді. Ал, 20-наурыздан бастап  коронавирустың ушығуына байланысты тәуелсіз Қазақстан  тарихында алғаш рет елімізде  төтенше жағдай енгізілді. Қалааралық көлік қозғалысы жабылып, мемлекеттік шекарадан өтуге шектеу қойылды. Сәуір айында мемлекет пандемия салдарынан кірісін жоғалтқандарға 42500 теңгеден әлеуметтік төлемдер төлей бастады. Осы  айдан бастап оқушылар қашықтан  оқуға көшірілді.  Отандық телеарналарда  мектеп оқушылары үшін  қосымша бейнесабақтар ұйымдастырылды. 11 мамырдан елімізде  төтенше жағдай тоқтатылғанымен, карантиндік шектеу шаралары сақталып қалды.  Бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды.

Барлық ойын-сауық орындары да жабылды. Шілде айынан  Қазақстанда локдаун режимі жұмыс істей бастады. Аймақтар арасындағы автобус қозғалысы тоқтатылды.  Қауіпті індеттен  қайтыс болғандар үшін 13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 17 тамызда елде карантин жеңілдетіліп, бұрын жабылған кейбір нысандарға жұмыс істеуге рұқсат берілгенімен, демалыс күндері локдаун және бетперде тағу режимі қатаң сақталды. Жаңа оқу жылы басталған қыркүйек айынан бастап  мектептер мен жоғары білім беру орындарында, кәсіпорындар мен мекемелерде, жалпы қоғамда  қашықтан оқу, онлайн жұмыс  терминдері қалыптасты.  Қазан айында зейнетақы жинағын емделуге және баспана сатып алуға  жұмсауға мүмкіндік берілетіні, оған кім үміт арта алатыны жөнінде  әңгіме қозғалды. Желтоқсанда  бокстан орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин поляк Камил Шереметамен жұдырықтасып, титулдарын 21-рет қорғап қалып, жаңа рекорд орнатты. Шеремета төртінші рет нокдаунға түскеннен кейін кездесуді жалғастырудан бас тартты. Қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті. 

Тағы  бір ақжолтай ақпарат, егер БЖЗҚ-да  қаражат жинағандардың  зейнетақысы жеткіліктілік шегінен асып тұрса, оның артығын алып алуға болатыны көптеген  қазақстандықтар үшін  жақсы жаңалық еді. Қараша айында диджей Иманбек Зейкенов тарихқа Грэммиге ұсынылған алғашқы қазақстандық ретінде енді. Ол  Billboard  жыл сайынғы кестесінде Black Eyed Peas, J Balvin, Lady Gaga және Kygo-ны басып озып, бірінші орынға шықты.  

4 қаңтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі басшылығымен 2020 жылғы жұмыстардың басым бағыттары жөнінде жиын өткізді. Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы мен сыртқы саясат жөніндегі мәселелері талқыланды. 2020 жылға жоспарланған негізгі іс-шаралар тізбесі қаралды. Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидың 1150 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру шаралары да пысықталды. 

 21 қаңтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты.

 27 қаңтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы айтты. «Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктерінің 350-ге жуық заңды тұлғалары, филиалдары мен өкілдіктері табысты жұмыс істейді. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде құны 11 миллиард доллар болатын ауқымды жоспар бар», – деді Президент.

28 қаңтар

Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-Министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Екі елдің өңірлік және жаһандық деңгейдегі серіктестік мәселелері талқыланды.

29 қаңтар

Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойының басталуына арналған салтанатты шара өтті.

2 ақпан

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоны қабылдады. «Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған ел. Біз бұл тарихи фактіні үнемі есімізде ұстаймыз. Мемлекеттеріміз арасында көптеген бағыт бойынша, оның ішінде, ядролық қаруды таратпау, халықаралық терроризммен күрес және экономикалық ынтымақтастық секілді салаларда тығыз қарым-қатынас орнаған. Сонымен қатар өзара ықпалдастығымызды одан әрі дамыту мақсатында пайдалануға болатын әлеуетіміз де бар», – деді Қазақстан Президенті.

12 ақпан

Мемлекет басшысы «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысты. «Qazvolunteеr.kz» онлайн-платформасының жұмысымен танысты.

15 наурыз

Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы Президент Жарлығы жарияланды (2020 жылғы  15 наурыз, №  285).  Соған сәйкес Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16  наурыздағы 08  сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілді.

25 наурыз

Қазақстан Президенті Ұлттық биотехнология орталығына барып, отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен танысты. Орталық қызметкерлері Мемлекет басшысына ДНҚ жасанды синтез жолымен әзірленген және жұқпалы коронавирус ауруының жаңа түрін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) негізіндегі тест жүйесін таныстырды.

10 сәуір

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында «СОVID-19 пандемиясымен күресудегі ниеттестік және ынтымақтастық» тақырыбында өткен Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің (ТТМЫК) төтенше саммитіне қатысты.

14 сәуір

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің жұмыс мәжілісіне қатысты.

Жиынның күн тәртібінде коронавирус індетінің таралуын болдырмау және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

 27 сәуір

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады. Еліміздегі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсынысына орай төтенше жағдай режимі 2020 жылғы  11 мамырға дейін ұзартылды.

 27 мамыр

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңға қол қойғанын атап өтті. Аталған Заң бойынша жиын өткізудің алдын ала ескерту қағидаты енгізілді. Жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді.

 29 мамыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасады. Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

13 шілде

Мемлекет басшысының Өкімімен 13 шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді. Осыған орай түнгі сағат 00:00-ден бастап еліміздегі барлық Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Қазақстандықтар Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 12:00-де республика бойынша коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

 1 қыркүйек

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды.

 25 қыркүйек

Қазақстан Президентінің Алматыға жасаған жұмыс сапары И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалына барудан басталды.Қасым-Жомарт Тоқаев 500 адамға стационарлық медициналық жәрдем беруге арналған және заманауи құрылғылармен жабдықталған палаталарды аралап көрді.

 21 қазан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Ақорда» резиденциясында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысы өтті.

 9 қараша

Мемлекет басшысы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жетілдірілген әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді, диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Бұл әліпби жобасында қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.  

8 желтоқсан

Мемлекет басшысы Волонтер жылының ресми жабылу рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Волонтер жылының табысты болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жыл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем тарихында аса күрделі кезеңдердің бірі болғанына қарамастан, «қайырымды істер» жалпыұлттық идеясы он мыңдаған қазақстандықтың қайырымдылығы мен жанашырлығының арқасында өмір шындығына айналды.

14 желтоқсан

 Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан, бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты», – деді Президент.

 

ЖЫЛ  ТҮЙІНІ

Пандемия салдарынан 2020 жылға белгіленген атаулы мерейтойлар мен  іс-шараларды,  еліміздің басты ұлттық мерекелерін кең көлемде атап өту мүмкін болмағаны белгілі.  Барлық  жоспарланған іс-шаралар шектеулі форматта және онлайн режимде өтті. Бірақ, Президент тұжырымдағандай,  бұл жағдай мерейтойлар мен мерекелердің  құны мен маңызын еш төмендете алған жоқ.  Мемлекет басшысы ұлық мерекелердің салтанатты рухы әр шаңырақты шаттыққа бөлеп,  әр қазақстандықтың жүрегін қуанышқа толтыратынына сенім білдірді.

«Өтіп бара жатқан жыл күллі әлем жұртшылығының есінде қалатын ерекше жыл болды. Дүние жүзі бұрын-соңды болмаған алапат індетпен бетпе-бет келді.  Біздің халқымызға да оның зардабы тиді. Осындай қиын кезеңде тұтас ұлт болып бірлігіміздің қадір-қасиетін жете сезіндік. Дертке шалдыққан әрбір адамның тезірек сауығып кетуін тіледік. Бірақ, індет адам талғамайды. Пандемияның салдарынан көптеген азаматтарымыздан айырылып қалдық. Олардың ішінде елімізді өркендетуге зор үлес қосқан танымал тұлғалар да бар.  Өмірден өткен адамдардың имандары саламат болсын! Енді мұндай қасірет қайталанбасын. Бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Әр азамат мемлекеттің қамқорлығында болады. Алдағы жылдан бастап коронавирусқа қарсы тегін вакцина егуді бастаймыз.  Оны азаматтардың қалауымен, ерікті түрде жүргіземіз. Осы күрделі кезеңде халқымыз береке-бірлігі мен ынтымағын арттыра түсті. Отандастарымыз бір-біріне қол ұшын беріп, жанашырлық танытты. Бұл – шын мәнінде, ізгілік пен қайырымдылықтың үлгісі.  Ең бастысы, біз бәріміз бірге болдық. Мемлекет тарапынан миллиондаған адамға қолдау жасалды. Біз қоғамның игілігі үшін қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтардың жұмысын бағалай білдік. Дәрігерлер, мұғалімдер, тәртіп сақшылары, еріктілердің ерен ерлігіне куә болдық. Бұл азаматтар – бейбіт күннің нағыз батырлары. Оларға халқымыз шексіз риза. Келе жатқан Жаңа жыл – қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Біз егемен еліміздің тарихындағы төртінші онжылдыққа қадам басамыз. Бұл – шын мәнінде, аса маңызды белес. Біз келешекте Қазақ елінің қуатын одан әрі арттыра түсеміз.  Барлық саладағы реформалар лайықты жалғасын табады»,– деді Қасым–Жомарт Тоқаев.  

 Ол Президент лауазымындағы өзінің басты міндеті – әлеуметтік әділдік және халықтың әл-ауқатын арттыру екеніне маңыз берді. Сондықтан мемлекеттің күнделікті іс-әрекеті азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталады. Атап айтсақ, 2020 жылы  4 миллионға жуық азаматтың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемақыларының көлемі өсті.  Әлеуметтік сақтандыру төлемақысы 5 пайызға көбейді. Аз қамтылған отбасылардың 500 мыңнан астам балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді. Пандемия кезінде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету үшін мемлекет  бұрын-соңды болмаған қадамға барды. Азаматтарға 42500 теңге көлемінде тікелей төлемақы берілді. Мемлекеттен 4,5 миллионнан астам адам қаржылай көмек алды. Несиелердің шегерілуі 1 миллион 900 мыңға жуық қазақстандықтың дефолтқа түсуіне жол бермеді.

Президент   Тәуелсіздігіміздің 29-шы жылы күрделі, қиын әрі ерекше болғанын атап өтті. Мұндай тағдыршешті сынақтар әр ұрпақтың басына түсе бермейді. Жаһандық дағдырысты еңсерген мемлекетіміз бұдан да зор мақсаттар мен міндеттерді көздейді. «Алдағы жыл – межелі кезең. Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады. Экономика, әлеуметтік сала, экологиядағы жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Тұрғындардың барлық топтарының, әсіресе жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне баса мән береміз. Біз еліміздегі саяси жаңғырту үдерісін жалғастыра береміз», – деді Президент.