ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ
almaty-akshamy.kz

Тәуелсіздік кезеңінде негізі қаланған «әралуандығымыз – бірлікте» қағидаты Қазақстанның сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырды. Ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы болып отыр.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

 

    2017 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

 

  1. 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада.
  2. Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі.
  3. Конституциялық реформа: мемлекеттiк билiк тармақтары арасындағы өкiлеттiктердің қайта бөлiнуi.
  4. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы.
  5. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Президент Жарлығы.

 

 25 қаңтарда 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың  алауын жағу рәсімі болды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Бұл  Универсиада еліміздің тәуелсіздігі тарихында халықтың бірлігін нығайтуға ықпал еткен спорт саласындағы ең ірі оқиға болып саналады.

«Атқарылған жұмыстардың бәрін жастар үшін жасадық. Универсиаданың әлеуметтік инфрақұрылымы, спорт нысандары бізге ұзақ жыл бойы қызмет ететін болады», – деді   Қазақстан Президенті .

 9 маусымда Елордада  халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Елбасы 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып жатқан  ЭКСПО көрмесін Қазақстанның ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізіп отырғанын атап өтті.  «Елордадағы ЭКСПО халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 2017 жылы қазақстандық талантты әнші Димаш Құдайберген  наурыз айында «Top Chinese Music Awards» Азиядағы ең атақты әнші») номинацияның жеңімпазы атанды. Ал, сәуір айында Қытайдың «Singer 2017» ән байқауына қатысып, екінші орынды жеңіп алды. Бүгінде қазақтың дарынды қара баласы  әлемді мойындатқан өнер жұлдызы.

 2017 жыл Қазақстан үшін мерейлі де, айтулы, күрделі оқиғаларға толы жыл болды. ЭКСПО-2017, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның саммиті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Халықаралық байытылмаған уран банкін ашу, Сирия жөніндегі Астана процесі, Универсиада сияқты айтулы оқиғалар Қазақстанға төрткүл дүниенің назарын аударып, еліміздің әлем қауымдастығы алдындағы абыройын асқақтатты.

 Сыртқы саясатқа үңілсек, 2017 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмысына кірісті.

Нұр-Сұлтанда өткен ШЫҰ саммитінің (5-9 маусым 2017 жыл) маңызы зор болды. Оның басты оқиғасы – ШЫҰ құрамына Үндістан мен Пәкістан Ислам Республикасын мүшелікке қабылдау процедурасының аяқталуы еді.

29 тамызда Қазақстан және бүкіл әлем үшін айтулы оқиға болды – МАГАТЭ-нің Аз байытылған уран Халықаралық банкі ашылды.

Ішкі саясатқа келсек, Елбасы 2017 жылдың басынан бастап мемлекет пен қоғамды жаңартудың үш бағытын іске қосты. Олар: конституциялық реформа; экономиканы жаңғырту; қоғамдық сананы жаңарту. Бұлар  Қазақстанда үшінші жаңғырудың басталғанын білдіреді.Оның басты бағдары – Қазақстанның жаңа жаһандық ахуалда бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін, XXI ғасырдың ортасында әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуға жағдай туғызатын экономикалық өсудің жаңа моделін құру. Белгіленген саяси реформаның мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және мемлекеттің халық алдында есеп беруін қамтамасыз ету, Президент пен биліктің заң шығарушы тармағының арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік шешімдерді дайындау мен қабылдау үдерісіндегі азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Ұсынылып отырған реформаның мәні – билік өкілеттіктерін Президенттен Парламент пен Үкіметке қайта бөлуде, тұтастай саяси жүйені демократияландыруда жатқан еді. Яғни,  Парламенттің Үкімет жасақтаудағы рөлін күшейту, Министрлер Кабинетінің депутаттар корпусы алдындағы жауапкершілігін арттыру, сонымен бірге, Үкіметтің өкілеттілігін кеңейту қажет. Мақсат – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру.

Президенттің құзырында Конституцияны қорғау, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс пен қауіпсіздік аясындағы стратегиялық функциялар сақталды.

2017 жылдың қаңтарында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Президент Жолдауы жарияланды. Онда ел экономикасының жаңа технологиялық формасына көшуді көздеген бағдарлар анықталды.

Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткен Қысқы Универсиада спорт әлеміндегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Универсиадаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыс спорттың 12 түрі бойынша өтті, 85 медаль жиынтығы жүлдеге тігілді. Қазақстанның жас спортшылары туған елдің төрінде тамаша өнер көрсетіп, командалық есеп бойынша екінші жүлделі орыннан көрінді, 11 алтын,8 күміс, 17 қола медальға ие болды.

Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жасау, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту үшін ЭКСПО-2017 нысандарының базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін жасау тапсырылды.Конституциялық реформа мен Жолдаудан соң іле-шала қоғамдық сананы жаңғырту мәселелеріне маңыз берілді. 2017 жылдың 12 сәуірінде Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. 

Елімізде 2017 жылы 9 маусымда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ашылды. Салтанатқа 17 мемлекет пен үкімет басшылары қатысты. Мерекенің орталығы «Нұр Әлем» – әлемдегі ең үлкен сфералық  ғимаратқа айналды. ЭКСПО-2017 көрмесіне жүзден астам ел, ірі трансұлттық компаниялар және 18 халықаралық ұйымдар қатысты. Үш айдың ішінде көрмені көруге төрт миллионға жуық адам келді, олардың арасында – 180 елден келген жарты миллион турист бар.

 25 қаңтар

28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада алауын жағу рәсіміне қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты іс-шараға қатысушыларды Алматыдағы ғаламат спорт мерекесінің басталуымен құттықтады. Универсиада Алматы қаласында 2017 жылы  29-шы қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында, спорттың 12 түрі бойынша өтті.

 

21 наурыз

Елбасы Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты. Мемлекет басшысы «Сарыарқа» велотрегінде өткен іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде барлық қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, отандастарымыз бұл мерекені туыстарымен және достарымен бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырғанын атап өтті. Мыңжылдық тарихы бар Наурыз елдің ең жақсы көретін және асыға күтетін мейрамы екенін, ол адамның ұлты мен діни ұстанымына қарамай тойланып келе жатқанын айтты.

27-28  наурыз

Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі, шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Келіссөз барысында сауда-экономика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында Дубай халықаралық қаржы орталығы (DIFC) басшылығымен де кездесті.Елбасы  кездесу барысында DIFC қызметімен және  орталықтың бұдан әрі қарай даму перспективасымен танысты.

20 сәуір

 Мемлекет басшысы шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуге белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков және Смағұл Елубаев қатысты.Елбасы өнердің, шығармашылықтың ел-жұрт пен бүкіл қоғам өмірінде маңызды орын алатынын айта келіп, шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне сәттілік тіледі, сондай-ақ оларға ел тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Әңгіме барысында ел өмірінің мәдени-гуманитарлық саласымен қатар, қоғамдық-саяси саладағы кең ауқымды мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, латын әліпбиіне көшу, демографиялық ахуал, көші-қон саясаты, үш тілде білім беру жүйесін енгізу, тағы да басқа мәселелер қамтылды.

 7 мамыр

Мемлекет басшысы Отан қорғаушы күніне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты.

Елбасы барша қазақстандықтарды және парадқа қатысушыларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығымен құттықтады. Бұл  ел тәуелсіздігі тарихындағы ең ауқымды парад болды.Парадқа бес мыңнан астам адам және 400 әскери техника қатысты.

13-15  мамыр

 Елбасы  «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумының жұмысына қатысу үшін ҚХР астанасы  Бейжің қаласына барды. Форумның салтанатты ашылу рәсімі аясында бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесу өткізді. Форум аясында өткен «Тығыз ынтымақтастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» атты «дөңгелек үстел» жиынына қатысушылар алдында сөз сөйлеген Елбасы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд. адам тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкеледі.

9 маусым

 Елордада  халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Елбасы 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып жатқан  ЭКСПО көрмесін Қазақстанның ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізіп отырғанын атап өтті.  «Нұр-Сұлтандағы ЭКСПО халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 16 маусым

 Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа энергия – жаңа экономика» атты Х Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты. «Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістан кірген соң 3 миллиард адамды қамтитын нарығы бар жаңа жаһандық ойыншы пайда болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерін Ұлы Жібек жолын жаңғырту бағдарламасымен қамту жаңа экономикалық субөңірді қалыптастырады», – деді Қазақстан Президенті.

23 маусым

 Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Елордаға әлемнің 39 елінен келген Дүниежүзілік құрылтайдың барлық қатысушыларына арнап сөз сөйледі.Елбасы рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан 6 жобаға, соның ішінде қазақ қарпінің латын әліпбиіне көшуі, гуманитарлық бағыттағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларға ерекше тоқталды. Мемлекетіміз бен қоғам тарапынан қандастарымызды қолдаудың маңыздылығын айтып, «Отандастар» қорын құруды тапсырды. «Қор Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, қандастарымызға қолдау көрсетудің тетіктерін анықтап, тиісті кешенді бағдарлама әзірлеуі қажет», – деді Елбасы.

4 шілде

 Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Америка халқы атынан Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің өткізілуімен құттықтады. «Президент мырза, «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жаһандық диалогты одан әрі ілгерілетудегі Сіздің көзқарасыңыз бен көшбасшылығыңыз үшін Сізге және Қазақстанға ілтипатымды білдіремін. Өзара сыйластық пен ортақ мүддеге негізделген АҚШ-Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі нығая түседі деп сенемін», – делінген хатта.

 29 тамыз

 Елбасы  МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің ашылу рәсіміне қатысты.

Рәсім барысында Қазақстан Президенті МАГАТЭ-нің бас директоры Ю.Аманоға Үлбі металлургия зауытының аумағында орналасқан Төмен байытылған уран банкінің символдық кілтін табыс етті.Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде бүгінгі шараның Қазақстан мен бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жаһандық ядролық қауіпсіздікті сақтаудың қажет екенін айтып, Қазақстанда ашылған Төмен байытылған уран банкі тек бейбіт атомға ғана арналатынын атап өтті.

9 қыркүйек

 Қазақстан Президенті Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті.

Р.Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған бітімгершілік қызметі үшін ерекше алғысын білдірді.Түркия Президенті биылғы 14 қыркүйекте Қазақ Елінің астанасында  өтетін Сириядағы жағдайға қатысты кездесудің маңыздылығына тоқталып, оның Женева келіссөздеріне оң ықпал ететініне сенім білдірді.

 26 қазан

Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Президент Жарлығы шықты.

Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру,қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету міндеттелді.

 9 қараша

 Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық ынтымақтастығы форумына қатысты. Бұл форум Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың және ынтымақтастықтың ажырамас әрі маңызды бөлігіне айналды.

 5 желтоқсан

Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылғы 5 желтоқсанда Орынборда қазақ зиялылары ұйымдастырған ІІ жалпықазақ съезі өз жұмысын бастаған болатын. Осыған  орай, еліміздің барлық өңірлерінде, оқу орындары мен ғылыми институттарда алқалы жиындар, конференциялар ұйымдастырылды. Елордадағы ЭКСПО Конгресс орталығында «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға қатысушылар  Алаш арыстарын ұлықтап, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен сабақтастыру мәселелері көрініс табатын қарар қабылдады.

 15 желтоқсан

 Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысушыларды және Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Елбасы тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жылдам өсуге қол жеткізіп қана қоймай, алдағы уақытта орнықты даму үшін берік негіз қалағанын айтты.

 ЖЫЛ  ТҮЙІНІ

  2017 жыл Тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған оқиғаларға толы болды, Елбасы тұжырымдағандай, жарқын және ауқымды оқиғаларымен есте қалды. Елорданың  және бүкіл еліміздің ажарын ашқан «ЭКСПО» көрмесі беделімізді биіктетіп, абыройымызды асқақтатты. Қысқы Универсиада мен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі қазақстандықтарға және шетелдік қонақтарға спорт пен технологияның тамаша мерекесін тарту етті. Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткізді.

Ата Заңға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін маңызды қадам жасалды.Болашақтың бағдарын айқындайтын Рухани жаңғыру жолы басталды.

 Бұл жыл Қазақ тілінің жаңа әліпбиі қабылданған тарихи шешім арқылы есте қалды. Қазақ Елі  саясатта, экономикада, спорт саласында маңызы зор халықаралық шараларға бастамашы болды. Татулық пен тұрақтылықтың мекені – Қазақстан ел мен елдің арасын жақындатты. Әлемнің әр түкпірінен келген спорт саңлақтары Қысқы Универсиада төрінде бас қосты. Барша мұсылман елдерінің басшылары қатысқан жиын өтті. 2017 жылы Қазақ Елі  он сегіз миллион халқы бар еңселі елге, мерейлі мемлекетке айналды.