ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ
almaty-akshamy.kz

Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

                        

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН

 

2011 жылғы бастамалар:

 

  • Мамыр: «G-GLOBAL» жобасы – жаһандық ақпараттық-коммуникациялық алаң;
  • Шілде: ҚР-ның МАГАТЭ-ге Қазақстан аумағында Халықаралық аз байытылған уран банкін орналастыруға ресми тапсырысы берілді;
  • Қыркүйек: Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын әзірлеу туралы ұсыныс. – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында сөйлеген сөзі;
  • Қазан: «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы – БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясындағы ҚР бастамасы.

2011 жыл –  ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен сипатталады. Жыл «Бейбітшілік мен жасампаздықтың 20 жылы» ұраны аясында өтті. 2010 жылдың желтоқсан  айындағы Шығыс Қазақстан өңіріндегі бастамашыл топтың  Мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы  бастамасы 2011 жылы қызу жалғасын тапты. Қазақстандықтар жер-жерде бұл идеяға жаппай  қолдау білдіріп жатты, бар-жоғы бір ай мерзімде еліміздегі сайлаушылардың жалпы санының жартысынан астамы – бес миллионнан аса адам бұл  ұсынысты жақтап дауыс берді. Парламент депутаттары да өз  сайлаушыларының  аманатын құп алды, азаматтардың талап-тілегін заңнамалық тұрғыда рәсімдеді. Мемлекет басшысы  бұл ұсыныстан бас тартатынын мәлімдеді. Алайда,  14 қаңтар күні  Парламент, Нұрсұлтан Назарбаевтың  келісімінсіз, Конституцияға референдум арқылы Президент өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды көздейтін түзетулер енгізу шешімін  бірауыздан қабылдап жіберді. Мемлекет басшысы   бұл түзетулерге қол қоймағанын айтқан жөн. Нәтижесінде түпкілікті  мәмілеге келу үшін шешім  Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің қарауына жіберілді. Осы  тағдыршешті сәт туралы Нұрсұлтан Назарбаев жылдар өте келе былайша еске алады: « ...Мәміле – сайлау өткізу.  Референдум өткізуге байланысты қол жинауға қатысқандардың бәріне алғысым мен құрметімді білдіре отырып, мен сонда да болса сайлауға қатысуды құп көретінімді, бірақ түпкілікті шешімді Конституциялық кеңестің тұжырымынан кейін қабылдайтынымды айттым. Ең бастысы, мен сол сәтте халықтың тілегін ұқтым, «қызметті тастап кетпеймін, жұмысты әрі қарай жалғастырамын» деп шештім. Сөйтіп, халықтың мұндай бірауыздылығы сақталған жағдайда, ел үшін қанша қажет болса, сонша уақыт жан аямай еңбек етуге бел байладым. 31 қаңтарда Конституциялық кеңес түзетулерді Конституцияға қайшы келеді деп тапты. Конституциялық кеңестің тұжырымына және нақты саяси ахуалға сүйене отырып, мен халыққа арнаған сөзімде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсындым. Кезектен тыс сайлауды 2011 жылдың 3 сәуіріне белгілеген Жарлыққа 4 ақпан күні қол қойдым. Сайлау барысында менің бәсекелестерім – Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы Ғ. Қасымов, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы ОК хатшысы Ж. Ахметбеков және «Табиғат» экологиялық ұйымының көшбасшысы М.Елеусізов болды. 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен Президент сайлауында сайлаушылардың 95,55 проценті менің кандидатурамды қолдап дауыс берді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 89,98 проценті қатысқан. Тәуелсіздік дәуірінің тарихында тұңғыш рет қол жеткізілген осындай айқын басымдықты мен отандастарымның өзіме жүк- теген қосымша жауапкершілігі деп қабылдадым».

Тәуелсіздігіміздің жиырмасыншы жылында, 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Қазақстанда өткен   VII Қысқы Азия ойындары тарихқа айшықты оқиға ретінде енді. Оған  27 елден келген 1 мыңнан астам спортшы қатысты. Құрлықтық жарыста Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальды олжалап, командалық есепте бірінші орынды еншіледі.

Бұл жылдың есте қалған оқиғаларын тізбелесек, ақпан айында Президент Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды, елімізде  қабылданған «Ғылым туралы» Заң озық ғылыми жетістіктер үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Мамыр айында Дін істері жөніндегі агенттіктің құрылуы  мультиконфессиялық Қазақ Елі  үшін маңызды қадам болды.Ал, қазан айында «Діни қызмет және діни  бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Маусым айындағы  ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға ресми сапары нәтижесінде  екі ел арасындағы  Жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.

2011 жылдың тағы бір жаңалығы –Қазақстан, Ресей және Белоруссия елдерінің арасында Кедендік Одақ пайда болды. Тараптар келер жылы Еуразиялық экономикалық кеңістікті құру жайлы келісімге келді. Алматы қаласында 1 желтоқсан күні метрополитен  пайдалануға берілді.  Ал, 14 желтоқсан күні Парламент Сенатының салтанатты жағдайда өткен жиынында Президентке Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған төсбелгі табыс етілді.  Елімізде тағы бір мереке пайда болды. Алдағы жылдан бастап  1 желтоқсан –Тұңғыш Президент күні деп белгіленді.

2011 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

 

  1. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы
  2. ҚР Президентінің өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдум.
  3. ҚР Президентінің сайлауы.Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі.
  4. ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл!
  5. Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайы.

 

 

ЖЫЛ ҰРАНЫ: «БЕЙБІТШІЛІК МЕН ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ»

 18  қаңтар

Нұрсұлтан Назарбаев  DVB –S2   стандартындағы отандық спутниктік телерадио хабарларын тарату желісінің салтанатты ашылуына қатысып, отандық телеарналардың көрсетілімін іске қосты.

 27  қаңтар

 2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы деп жариялау туралы Президент Жарлығы (№ 1144) жарияланды. Жарлыққа сәйкес, 2011 жыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы деп жарияланды. Жыл ұраны –  «Бейбітшілік мен жасампаздықтың 20 жылы» болып белгіленді. Мерейтойды мерекелеудің тұжырымдамасы бекітілді.

28  қаңтар

Мемлекет басшысы  Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында өзінің « Болашақты бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария етті.

30  қаңтар

 2010 жылдың 31 желтоқсаны – 2011 жылдың 7 қаңтары  аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында VII Қысқы Азия Ойындары өтті. Азиадада қазақстандықтар  70 медаль, оның ішінде 32-алтын, 21-күміс, 17-қола медальдарды иеленіп, қысқы Азиада ойындарының тарихында жаңа рекорд орнатты.

 4  ақпан

«Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Президент Жарлығы жарияланды. 11  ақпанда   Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер болып ұсынылды.

21-22 ақпан

 Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның кездесуінде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

 5  наурыз

Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында  Қазақстан әйелдерінің  съезі өтті. Оған Елбасы қатысып, сөз сөйледі.

17 наурыз

 Қазақстан Президенті  жұмыс сапарымен Ресей Федерациясына барды. Сапар барысында Елбасы Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен келіссөз жүргізді.

1  сәуір

Нұрсұлтан Назарбаев   ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Роберт Спенсер Оливер  мен   Парламенттік ассамблея делегациясының  басшысы, ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушыларының арнайы үйлестірушісі Тонино Пицуланы қабылдады. 

3  сәуір

 Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы  өтіп, оның қорытындысы бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысын иеленген  Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті. 4-сәуірде  «Қазақстан» спорт кешенінде 5000 адам қатысқан  «Көшбасшымен бірге алға!» атты  жеңімпаздар форумы өтті. 8-сәуірде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында  Президенттің өз  қызметіне ресми кірісуіне арналған ұлықтау  рәсімі болды. Салтанатты рәсімде Нұрсұлтан Назарбаев  Ата Заңымыздың 42-бабына сәйкес: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатал сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!» деп Қазақстан халқына ант берді.

18  сәуір

 Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы, Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» атты күн тәртібімен Ассамблеяның XVII сессиясы  ашылды.

19 сәуір

 Киевте  Чернобыль АЭС-індегі апатқа 25 жыл толуына байланысты атом қуатын қауіпсіз  және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелеріне арналған саммит өтті. Оның жұмысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясында  БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Еуропа комиссиясының президенті  Жозе Баррозумен,Украина президенті Виктор Януковичпен кездесті.

3  мамыр

 Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Жаңа онжылдық: болашақтар мен талаптар» тақырыбымен   IV  Астана экономикалық форумы ашылды. Оған дүние жүзінің 80 елінен  үш мыңнан астам делегат,олардың ішінде  Нобель сыйлығының алты лауреаты  қатысты.

18  мамыр

Нұр-Сұлтанда  Елбасының төрағалығымен  «Қазақстандық кәсіпорындарды жаңғырту және жаңарту»  тақырыбында  ҚР Президенті жанындағы  Шетел инвесторлары кеңесінің 24-ші пленарлық басқосуы өтті.

25  мамыр

 Елордадағы Тәуелсіздік сарайында  Мемлекет басшысының қатысуымен  Дүние жүзі қазақтарының  ІV  құрылтайының салтанатты ашылуы болды. Алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбылысы» тақырыбында сөз сөйледі.

8  маусым

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен  Нұр-Сұлтанда VII  Бүкіләлемдік Ислам  экономикалық форумының  салтанатты ашылу рәсімі болды.  Форумға Ислам әлемінің  елуге жуық  елінен делегаттар келді, Ислам халықаралық ұйымдарының көрнекті өкілдері, саяси және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар, ірі  кәсіпкерлер қатысты.

13  маусым

Мемлекет басшысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоны қабылдады.  Қазақстан мен Қытай мемлекеттері  ынтымақтастығының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасылды. Бұл Қытай басшысының Қазақстанға жасаған 7-ші сапары болса,  екіжақты 25-ші басқосу  еді.

15  маусым

 Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің басқосуы өтті.Ұйымның он жылдық мерейтойына арналған саммитте өткен он жыл ішіндегі ШЫҰ қызметіне талдау жасалды және   даму перспективалары айқындалды. Осы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев  төраға ретінде, әріптестеріне бейбітшілікті дамытудың негізгі бағыттарына сай әрі Ұйымның бірнеше құрылымын ашуды қарастыратын «ШЫҰ-ның мейірімді бес ісі» деп аталатын бес оңтайлы мақсат ұсынды. Олар – Қақтығыстарды реттеу кеңесі (өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін), Құрылымдық ықпалдастық жөніндегі комитет (құбырлар жүйесі мен электр желілері бойынша), Су және азық-түлік комитеті, Төтенше жағдайлар бойынша кеңес, ШЫҰ болжам жасау орталығы. ШЫҰ қызметін күшейтудегі Қазақстанның маңызды бастамаларын кездесуге қатысушылар  зор ықыласпен және қызығушылықпен қабылдады.

 28–30 маусым

Нұр-Сұлтанда Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлер кеңесінің 38-сессиясы өтті. Оған мүше-мемлекеттер «ынтымақтастық» ұғымы ұйымның алдағы уақыттағы атқаратын жұмыстарымен көбірек сәйкесетіндігі туралы Қазақстанның пікіріне құлақ асты. Осылайша, Қазақ Елінде Ислам әлемінің басты құрылымы өзінің қазіргі – Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) атауын иеленді. Қазақстанның 2011–2012 жылдары ИЫҰ-ға төрағалығы – ұйым тарихындағы жаһандық өркениетті және дінаралық диалогта Қазақстан рөлінің  маңыздылығын танытқан кезең.

2  тамыз

Мемлекет басшысы Алматыда құрылысы жүріп жатқан  метро  нысанын аралады. Іске қосу шарасына қатысқан Президент  «Абай» және «Жібек жолы» стансалары аралығындағы бағытты жүріп өтті,  метро қызметінің сапасы мен азаматтардың қауіпсіздігі  мәселелеріне айырықша көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.

12  тамыз

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Елордада бейресми жағдайда бас қосты. Алқалы басқосуға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Дмитрий Медведев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Серж Саргисян  қатысты.

30  тамыз

 Қазақстан Республикасының 20 жылдығы мен  Кон­сти­туция күніне орай Астанадағы «Қазақ елі» мо­нументі алдында Елбасы – Қазақстан Рес­­­публикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назар­ба­евтың қатысуымен әскери шеру болды.

 22 қыркүйек

 БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясы  өтті. Осы сапары барысында Мемлекет басшысы жалпы пікірталасқа және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуге қатысты. Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер: мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін нығайту, аймақтық қақтығыстарды реттеу, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру, жаһандық басқару жүйесін реформалау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және климаттың өзгеруімен күрес. Қазақстан Президенті Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын әзірлеу идеясын ұсынды. Оның ядролық қарусыздану, жаһандық экономикалық басқару, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы бірқатар бастамалары  әлем басшылары тарапынан қолдау тапты. Елбасы бірқатар елдің басшыларымен және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев  ядролық қауіпсіздіктің үш түрлі артықшылығын атап көрсетті. Бірінші - әскери-саяси аспектісі – адамзатты ядролық қарудан қорғау. Екінші – кез келген ядролық терроризмге қарсы тұру. Үшінші – атом энергетикасының қауіпсіздігі.

12 қазан

 Елордадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшысының қатысуымен «Ядросыз әлем үшін» атты  халықаралық форум ашылды. Оған БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЯСЖТКҰ секілді беделді де танымал халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар - барлығы 400-ден астам адам қатысты. Форум аясында  Ядролық қарусыз әлем Декларациясы қабылданды.

6 қараша

Мемлекет басшысы «Төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы»  Жарлыққа қол қойды. Мәжіліс депутаттарын сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленді.

18  қараша

 Ресей астанасы – Мәскеу қаласында  Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 1-ші отырысы болды және  Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі өтті.

14 желтоқсан

Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Осы жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» кеуде белгісі тапсырылды.

СТАТИСТИКА:

  2011  жылы Президент республика өңірлеріне 28  рет, шет елдерге  16  рет ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы  148 Заң қабылданып,  254  Жарлыққа қол қойылды.Елбасы халықаралық сипаттағы 165 кездесулер мен шараларға, 15 мемлекетаралық саммиттер мен халықаралық форумдарға қатысты. 36 баспасөз конференциялары мен брифингтер өткізді ,бағдарламалық сипаттағы екі мақала жариялады, шетелдік, отандық 14 бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. 

Бұл жылы  Қазақ Елі спорттық ірі доданың отанына айналды, саясатта да дүбірлі оқиғаның орталығы болды -   бүкіл әлемнің назарын  аударған Қысқы Азия ойындарын, Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитін абыроймен өткізді.

Жалпы,2011 жыл елімізде Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында өтті.

 

ТҮЙІН:

26  желтоқсанда  Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте елімізде 2011 жылы атқарылған жұмыстар  алдын ала қорытындыланды. Президент айтқандай 2011 жыл өте маңызды, ерекше және табысты болды. Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын жақсы көрсетіштермен аяқтады. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі жылдың қорытындысы бойынша 7,3 пайызды құрады. Жыл ауыл шаруашылығы үшін табысты болды - өнім өсімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25,5 пайызды, ал құрылыс саласында – 3 пайызға дерлік, өнеркәсіпте – 4 пайызға жуық көрсеткішті құрады, сауда мен көлік салаларында да өсім болды. Президент  Индустрияландыру картасына 9,6 триллион теңгені құрайтын 609 жоба енгізілгенін атап көрсетті. Екі  жылдың  ішінде нысандарды іске қосудың есебінен 90 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Мыңдаған адамдар  тиісінше табыс пен жоғары білікті жұмысқа ие болды. Бұрын   Қазақстанда ешқашан  өнім  шығарып  көрмеген  106  өндіріс  игерілді. Мемлекет  басшысының тапсырмасы  бойынша тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырыла бастады. 389 нысан  бойынша 53  мың  үлескерлердің  проблемасы  шешімін  тапты. Бұл зор  мәні бар мемлекеттік шешім болды.

Елбасы  сондай-ақ әлеуметтік салада оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Жұмыссыздық  деңгейі  5,3  пайызға  дейін  төмендеді. 2011-2015 жылдарға  арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы  жүзеге асырыла бастады. Бұл  бағдарламада  ана мен бала өлімін, ауру деңгейін төмендету жөнінде нақты индикаторлар қамтылған. Сонымен бірге  мерейтойлық жыл экономиканың одан әрі жылдам өсімі мен халықтың өмір сүру деңгейінің арту жылы болғанын атап өтті Президент.