ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ
almaty-akshamy.kz

Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игіліктерді сақтау,қайта қалпына келтірілген мемлекеттігімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр.

                                                                                       Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

   2008 жылы  Елордада «Қазақ елі»  тарихи-архитектуралық монументінің ашылу салтанаты өтті. «Қазақ Елі» мемориалдық кешені, Бейбітшілік пен келісім сарайы және  Тәуелсіздік сарайы – бүгінгі  Қазақстанның ажырамас ең қастерлі  үштаған символдық белгісі.

                                                                  2008  ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

 

  1. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан  халқына  Жолдауы
  2. Астананың 10 жылдық  мерейтойы
  3. «Қазақ Елі» монументінің салтанатты ашылуы
  4. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның  қабылдануы.
  5. «Нұрлы көш» бағдарламасы.

2008 жыл. Бұл – Қазақ мемлекеті  тәуелсіздігінің он жетінші жылы!  Жаңа ғасырдың сегізінші жылы АҚШ-тағы ипотека дағдарысынан басталған әлемдік-экономикалық дағдарысты еңсеру   Қазақ Елі үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен, жылдар өте әлем сарапшылары Қазақстанның дағдарысқа қарсы саясаты Орталық Азия өңірі мен ТМД елдерінің ішінде ең тиімді жол екенін мойындағаны көпке мәлім.Дағдарыстың басты себебін олар  несие және тұрғын үй секторларындағы «дүмпуден» кейін жалғасқан күйреумен түсіндіреді. Президент тұжырымдағандай, «әлемдік қаржы нарығындағы тұрақсыздықтың алғашқы толқыны қарыз капиталы нарығының жабылуына әкеліп соқты. Дағдарыстың ең үдемелі тұсы 2008 жылдың соңы мен 2009 жылдың басына сәйкес келді.

Жаһандық қаржы дағдарысы жалпы экономикалық дағдарысты туғызды. Жаппай өнеркәсіптік құлдырау басталды. Жылжымайтын мүлік нарығы күрт төмен құлдилады.2008 жылы тұрғын үй бағасы екі есеге арзандап кеткенін көз көрді. Көптеген құрылыс компаниялары өз қызметін ықшамдауға мәжбүр болды. Үлескерлер, әсіресе өз тұрғын үйін несие есебінен қаржыландырғандар өте қиын жағдайға тап болды. Үлескерлер құрылысына қатысқан ондаған мың қазақстандық тұрғын үйге ие болу үмітінен айырылды. Шамадан тыс несиеленіп кеткен Қазақстан банктері сыртқы нарықтан алған ақшаларын қалай қайтарарын білмей, талайының басына дефолт қаупі төнді. Жыл бойына көптеген мемлекеттердің ұлттық валютасының құнсыздануы да  Қазақстан тауарларының бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әсер етті.

 Мемлекет басшысы Үкіметке  экономикалық дағдарысқа қарсы кешенді  бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Оның негізгі бағыттары ретінде  қаржы секторын тұрақтандыру, тұрғын үй нарығындағы өзекті мәселелерді шешу, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, агроөнеркәсіп кешенін ынталандыру,индустриалдық-инфрақұрылымдық жобаларды  жүзеге асыру  міндеттелді. Бұл шаралар көп кешікпей өзінің нәтижелі  жемісін бергені белгілі. Қазақстан  2008 жылды  сәтті қорытындылады.

2008–2009 жылдарда орын алған әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа орай ел билігі  ІЖӨ-нің құлдырауына жол бермеуге және экономиканың өсімін сақтауға мүмкіндік туғызатын бағыттарды  айқындады. Бұл бағдарлар Елбасының  6 ақпандағы  «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп аталған Жолдауында көрініс тапты. Қазақстанда игеріліп жатқан халықаралық мұнай жобаларындағы мемлекеттің  үлесін күшейтуге маңыз берілді. Инфрақұрылым саласында электр энергетикасы мен көлік желілерін дамыту, соның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық дәлізі жобасына қатысу мақсаты алға қойылды. «300 корпоративті көшбасшы» бағдарламасы арқылы шикізаттық емес секторды дамыту қолға алынды. Дағдарысқа қарсы біздің жүйелі жоспар жасалып,  оны жүзеге  асыруға мемлекет  қорынан жеткілікті мөлшерде қаражат бөлінді.  Сондай-ақ, Жолдауда  экономикалық серіктестікті дамытуға, технология тартуға, ел заңдарын  жетілдіруге жол ашқан  «Еуропаға жол» атты арнайы бағдарлама жарияланды.

Осы жылдың  тамызында «2009–2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлық шықты. Бұл бағдарлама әлемнің  алпауыт елдерінің назарын аударғанын айта кеткен жөн. Бірегей жоба ретінде  бағдарлама жаһандану кезеңіндегі еліміздің  бағыт-бағдарын айқындап берді. Нәтижесінде  Еуропаның беделді мемлекеттерімен жоғары деңгейдегі  қарым-қатынасқа  қол жеткізілді, Түркиямен,  Франциямен, Италиямен және Испаниямен Стратегиялық ынтымақтастық туралы  шартқа қол қойылды. Германиямен үкіметаралық бағдарлама жасалды.      2008 жылы  Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы тауар айналымы 17 миллиард долларға дейін өскен екен.

Президенттің  Жолдауы да  әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы  мемлекеттік саясаттың нақты бағдарларын  тұжырымдап берді.   Дағдарысқа қарсы қолға алынған шаралар қатарында  еліміздің тоғыз облысында 2008  жылы    ашылған, пайдалануға берілген  19 жаңа өнеркәсіптік өндіріс орындарын атауға болады. Олардың арасында  «Астана – Бурабай» автобаны, Қазақстанның шығысы мен орталығын  жалғап, Ресей аумағы бойынша өтетін 82 шақырымдық  транзиттік жолды алмастырған  «Шар – Өскемен»  темір жол магистралі  және тағы басқалары бар.

Жолдаудағы  ұтымды қадамның бірі  –  бизнеске түсетін әкімшілік салмақ мәселесі қайта қаралды. Түрлі тексерулер  экономика мен жеке кәсіпкерлік үшін апатты ахуал қалыптастырғанын атап өткен Президент  бей-берекет тексерулерге тыйым салып, Үкіметке оларды қысқарту туралы тапсырма берді. Шағын және орта бизнесті тексеруге тағы да мораторий жарияланып,ол 2009 жылдың шілде айына дейін созылды.

Жыл басында, қаңтар айында  Қазақстанға этникалық отандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жариялануын қазақ қоғамы  ұлттық бағдардағы  ақжолтай хабар  ретінде жылы қабылдағанын айта кеткен жөн.

 1 қаңтар

 Президент тапсырмасына орай  Өзбекстаннан қоныс аударған екі мың қандастарымызға арналған «Асар» атты шағын ауыл жобасы  қолға алынды.

1 ақпан

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Қорғаныс департаменті арасындағы 2008-2012 жылдарға арналған бес жылдық ынтымақтастық жоспарына сәйкес, Өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.

 6  ақпан

Елбасы Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында  Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.

21 ақпан

Елорда көшелері мен даңғылдарын жаңадан атау, атауларын өзгерту  туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес,   кеңес дәуірінен қалған тоталитарлық атаулар өзгертіліп, оған қоса жаңадан бой көтерген аудандар мен көшелерге 309 жаңаша атау берілді.

22 ақпан

 Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми бас­қосуына қатысты.

21 наурыз

Елордада    «Астана – менің тағдырым» жобасының тұсауы кесілді.

22 наурыз

Президент  қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтады. «Аяулы отандастарым, қадірменді қауым! Күн мен түннің теңелген, малдың аузы көкке тиген, адам аузы аққа тиген, түннің күнге бет бұрған, табиғаттың гүлденіп құлпырған қуаныш кезеңі Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын.  Жаңа жылды 1 қаңтарда атап өтуді І Петр патша Ресейге Еуропадан алып келсе, одан бізге жеткен. Қытайдың өзінде бұл мереке ақпанның ортасына таман бір апта бойы тойланады. Шығыс халықтарының барлығында дерлік солай. Түбінде біз де өз мерекемізге оралатын шығармыз. Бұл халықтығымыздың, тәуел­сіздігіміздің негізгі тамырының бірі», – деді Президент өз құттықтауында.

 2 сәуір

Оңтүстік астанадағы  «Медеу» спорт кешенінде «Бейжің - 2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды. Олимпиадалық ойындардың басты рәмізін салтанатты табыс ету рәсіміне Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

 

12-13 мамыр

   Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали  Рахмонмен кездесті. Тараптар Тәжікстанның электр энергиясы, ауыл шаруашылығы жәнетау-кен салаларындағы жобаларына арналған Қазақстан-Тәжікстан инвестициялық қорын құру туралы шешімге келді. Сондай-ақ Мемлекетаралық үйлестіру кеңесін құру келісілді. Қадірменді мейманның тұжырымдауынша,  сол кезде Тәжікстанда 47 бірлескен қазақ-тәжік кәсіпорны құрылған екен. Оның 15-і қазақстандық капиталдың 100 пайыздық қатысуымен тіркелген.

 14 мамыр

 Нұр-Сұлтанда  «Жас Отан» Жастар қанатының І съезі  өтті.

 25 маусым

«Қазақстан Республикасындағы  Мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына» толықтыру енгізілді. Бұдан былай «6 шілде – Астана күні» болып бекітілді.

5-6  шілде

Мемлекет  басшысы  Нұр – Сұлтандағы  Бейбітшілік және келісім сарайында   еліміздің жаңа  астанасының 10  жылдығына орай өткен мерекелік  шараға қатысты. Заңнамаға 2008 жылы енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, 6 шілде – жаңа мереке – Астана күні  ретінде тарихқа енді.

 Екінші күні «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты өтті. Монументтің биіктігі – 91 метр. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады», - деген атадан қалған ұлағатты сөз бар. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейдi. Бүгiнгiдей кең байтақ жерi бар, киелi төрi бар қазақ - шын мәнiнде, жұлдызы жанған бақытты халық. Алайда, бұл бақыт бiзге оңайлықпен, өздiгiнен келген жоқ. Қазақ өз тарихында ұлт ретiнде талай мәрте жойылып кете жаздады. Тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметiн тартты. Бүгiнгi тәуелсiздiкке дейiнгi аралықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы-төкпелi тағдыры, арманы мен аңсары арпалысқа толы күресiп жатыр. Iштей булыққан бұлқынысы мен өкiнiшi, жеңiстерi мен жеңiлiстерi де жатыр. Бүгiнде Алтай мен Атырау, Сыр мен Тобыл арасындағы байтақ өлкеде орын тепкен Қазақстан Республикасы ежелден қалған ұлы iстердiң, ұлағатты дәстүрлердiң, iргелi мем­лекеттердiң заңды мұрагерi болып саналады», - дедi «Қазақ елi» монументiн ашу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Біздің дәйектеме

           «Қазақ елі»  мәдени-архитектуралық монументі  Нұр–Сұлтан қаласында  орналасқан. Тарихи-мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5,2 гектар, монумент орна­лас­қан орталық тұғырнамасы 1 гек­тар жерді алып жатыр. Ақ мәр­мәрдан құйылған монумент­тің биіктігі – 91 метр, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жыл­дың белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояу­мен әрленген алып құс – Сам­ұрық Қазақ­стан­ның тынышты­ғын «күзетіп» тұр. Монументтің түсі – ақ. Ол қазақстан­дық­тардың дос­тық­қа адал, бау­ырмал, ақ ниетін паш етеді.

    «Қазақ елі» монументінің сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес ақ колон­на  орнатылған. Стеланың өзі осы ақ колоннаданың қақ орта­сында, қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға отырғызыл­ған. Оның төрт қырлы болған се­бебі – дүниенің төрт бұрышына да Қазақстанның құшағы ашық, көңілі адал дегенді айғақтайды.

Орталық барельеф – «Халық және Президент» деп аталады. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сыртында халықтың бейнесі көрінеді. Алдыңғы фигура­ның биіктігі – 5 м, онда Н.Назар­баевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бейнеленген. Бұл – біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үс­тем­дік құратынын айғақтайтын нышан. Президенттің сыртындағы халық – қазақстандықтар, олардың бейбіт, мейірімді көңілін ұшып жүрген қарлығаштар дәйектейді.

    Монументтің оң жағындағы екінші барельеф – «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлдарының ежелден қасиетті борышы болғанын көрсететін бейнелер шоғырланған. Соның ішінде ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған.

      Батыс жақ бетке орналастырылатын «Жасампаздық» атты барельефте авторлар Қазақстанның көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолын бейнелемек болған. Сондағы жасампаздықты туғызған ғалымдар мен инженерлер, металлургтер мен диқандар бейнесі көрінеді.

      Ал монументтің шығыс жағындағы «Болашақ» атты барельефте тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары бейнеленген. Осы идеялардың бәрі Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген «Бірлік» атты мүсіндік композициямен аяқталады.

(Дереккөз: Уикипедия — ашық энциклопедиясы).

 8 шілде

«Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» аумағын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне қабылдау туралы шешім қабылданды. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 32-сессиясының бұл шешіміне сәйкес,  аталмыш аумақ құрамына Қорғалжың мемлекеттік табиғат қорығы мен Қостанай облысындағы Наурызым мемлекеттік табиғат қорығы енген. Екі қорық та ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген Орталық Азиядағы ең алғашқы нысандар.

24 шілде

Елбасы тапсырмасы бойынша  Елорданың жаңа ауданы  құрылды. Үкімет Есіл ауданының құрылғаны туралы шешім шығарды.

8 тамыз

Қытай Халық Республикасының астанасы – Бейжің қаласында ХХІХ жазғы Олимпиада ойындары  басталды. Төрт жылда бір өтетін әлемдік доданың  ашылу салтанатына әлемнің 80-нен астам елінің мемлекет және үкімет басшылары қатарында  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Жалпы Бейжің Олимпиадасында әлемнің 200-ден астам елінен 11 мыңға жуық спортшы өнер көрсетті. Жаһандық бәсекеде  спорттың 41  түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстандық спортшылар төрткүл дүние көз тіккен бұл әлемдік додада спорттың алты түрінен 13 медальді қанжығаға байлап қайтты.

28 тамыз

Мемлекет басшысы Душанбеде өткен  Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының саммитіне қатысып,сөз сөйледі.

4 қыркүйек

 «2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Ел Президентінің Жарлығы жарияланды.

 5 қыркүйек

Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында өткен  Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) отырысына қатысты. Дәл осы күні Елбасы Қазақстанға бір күндік, яғни қысқа мерзімді ресми сапармен келген  АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райспен кездесті. Тараптар халықаралық және  аймақтық мәселелердi талқылады.

 22 қыркүйек

Ақтөбеде  Қазақстан мен Ресей мемлекеттері шекаралас өңірлері басшыларының бесінші форумы өтті.  Форум жұмысына  екі  елдің  Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев қатысты.

 5  қазан

Елбасы  Қазақстанға қысқа мерзімді ресми сапармен келген АҚШ-тың мемлекеттік  хатшысы Кондолиза Райсты қабылдады. Тараптар  аймақтық  және халықаралық, сондай-ақ екі ел қарым-қатынастары мәселелерін талқылады.

10 қазан

Бішкекте ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесі және Орталық Азия мемлекеттері басшылары Саммитінің қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Достастықтың аймақаралық және шекара ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы келісімге қол қойылды. Есірткі заттарымен, психотроптық заттармен күресудегі ынтымақтастықты жандандыру туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды.

 13 қазан

Мемлекет басшысының  Жарлығымен «Қазына» тұрақты даму қоры мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару холдингі негізінде  «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры  құрылды.  

14 қазан

   Елімізде алғаш рет қазіргі заманғы технологиялар бойынша салынған Нұр–Сұлтан – Щучье алты жолақты автобаны пайдалануға берілді.

17-19 қазан

 Нұр–Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында ислам әлемі елдерінің  және батыстың бірқатар мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері деңгейінде «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы ілгерілеу» атты форум ашылды. Алқалы жиында  конференцияның негізгі құжаты  құжаты – Астана декларациясы қабылданды.

23 қазан

 Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті  сессиясы өтті. Онда  «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылданып, ол  елдегі саяси және қоғамдық өмірдің толыққанды субъектісіне айналды.

1 қараша

 «Электронды үкімет» порталында (www.e.gov.kz) Қазақстан Республикасы азаматтарынан сауалдар  қабылдау басталды.

21 қараша

 Елордада   Президент жанындағы  Ұлттық инвесторлар кеңесінің алғашқы пленарлық басқосуы болды. Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен бұл алқалы жиында  қаржы дағдарысын еңсерудің өзекті мәселелері қаралды.

15 желтоқсан

Елордадағы  Тәуелсіздік сарайында Қазақстан  Тәуелсіздігінің 17 жылдығына орай салтанатты жиын  болды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Тәуелсіздік мерекесі тұңғыш рет астананың елордалық сипатын аша түсетін аса айшықты нысан – Тәуелсіздік сарайында өтті. Елбасы «Қазақ Елі» мемориалдық кешенін,Бейбітшілік пен келісім сарайын және  Тәуелсіздік сарайын бүгінгі  Қазақстанның ажырамас ең қастерлі  үштаған символдық белгісі деп атап өтті.

 29 желтоқсан

Мемлекет басшысы еліміздің жетекші БАҚ басшыларына сұхбат беріп, 2008 жылды қорытындылады. «2008 жыл, Тәуелсіздігіміздің он жетінші жылы, бұрынғы жылдар сияқты, қауырт шаруаларға толы өтті. Бұл жолы біздің бәріміз күрделі әлемдік қаржы дағдарысына куә болдық. Дағдарыс бүкіл әлемді шарлап барады, баршаны қамтып барады. Бұрын да мұндай дағдарыстар болған, мысалы, АҚШ-тағы 30-шы жылдардың Ұлы күйзелісі белгілі. Алайда, ол кездегі Кеңес Одағы сол күйзелісті сезіне қойған жоқ. Еуропа сезінді. Қытай да, тегі, сезіне қоймаған шығар. Біздің есімізде бұрынғы Кеңес Одағындағы дағдарыс әлі тұр, үлкен елдің қирауы оңайға түскен жоқ. Алайда, оны да негізінен сол бұрынғы Кеңес Одағының тұрғындары сезінді, өзге әлемге оның әсері бола қойған жоқ. Біз ол дағдарысқа қатты қиналдық, үлкен ауыртпашылықтарды бастан кештік. Үшінші дағдарыс - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыс. Оның өзі Американы, Еуропаны қамти қойған жоқ. Ал мынау жаһандық дағдарыс, бұл баршаға әсер еткелі отыр», - деді Президент.  Елбасы бұл жылы елімізде атқарылған шаралар  мемлекетіміздің жаһандық дағдарысты  сәтті еңсеруіне септігін тигізгенін бірқатар дәлелді мысалдармен  тұжырымдап  берді.  

СТАТИСТИКА:

2008  жылы Президент республика өңірлеріне 19  рет ( барлығы 39  күн), шет елдерге  13  рет ( барлығы 20  күн)  ресми  сапарға шықты. Жалпы Елбасының қатысуымен  халықаралық сипаттағы  112  кездесулер мен шаралар өткен екен.  Бір жыл ішінде барлығы  102  Заң қабылданып,  217  Жарлыққа қол қойылды.

 

ЖЫЛ  ТҮЙІНІ

2008 жыл  қауіп-қатерлерге толы  жыл болды.  Әлемдік дағдарыс ұлттық экономиканы тез арада әртараптандырудң  қажеттілігін туғызды. Қиындықтарға  қарамастан әлеуметтік салаға арналған бюджет көлемінің бір тиыны да қысқар­май­тын­ы туралы шешім  қараша  көңіліне сенім ұялатты. Дағдарыс тегеурініне  қарамастан ел билігі  ма­ңыз­ды жобаларды жүзеге асыратынын мәлімдеді. Қиын-қыстауға толы осы жылы түбегейлі даму мен жаңа өрлеуге бастайтын 2009-2011 жыл­дар­ға арналған үш жылдық бюджет қабылданды. Үкімет тез арада экономика мен қаржыны тұрақтандыру бойынша 2009–2010 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті. Жаңа салық, бюджет кодекстері, бәсекелестік, қаржы тұрақтылығы туралы заңнамалар қоғамға  тың серпіліс әкелді. Елбасы  «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құру туралы шешім қабылдады. Жаңадан құрылған холдинг Үкіметпен бірлесе отырып, қысқа мерзім ішінде  қаражатты игерудің «дағдарысқа   қарсы»   бағдарламасын ұсынды. Қаржы жүйесін құтқару үшін екінші деңгейлі банктердің күйзелісті активтерінің мемлекеттік қоры құрылды.

Жаһандық экономикада  қалыптасқан  дағдарысты кезеңге  қарамастан шетелдік инвесторлар үшін Қазақ Елінің  инвестициялық тартымдылығы   жоғары деңгейде болды. Бұл жылы елге бұрын-соңды болмаған инвестиция тартылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылы   шетелдерге  барған  сапарының қорытындыларына үңілсек, мұны айқын аңғарамыз. Бахрейнмен  және   Абу-Дабимен  жалпы сомасы 1,5 млрд. доллардан   асатын  екі бірлескен қор құру, Қытайдың «СІТІС» корпорациясымен 1  млрд.долларлық  бірлескен қор, сонымен қатар   француздық және жапондық компаниялармен әріптестік негізде  3  млрд.доллардан асатын  жобаларды  жүзеге асыру туралы уағдаластықтар  осы жылдың еншісіндегі қадамдар. 2008 жылы ғылыми мекемелер мен алдыңғы қатарлы жоғары оқу  орындарының қатыстырылуымен алты инновациялық-білім беру консорциумдары құрылды.

Президент «Үкімет пен Ұлттық банктің бірінші және басты міндеті – мемлекеттің эконо­ми­­калық саясатын бірлесе үйлестіріп, инфля­цияны Үкімет белгілеген межелерде ұстап тұру. Бұл міндет Қазақстанның барлық өңірлерінің әкім­деріне де қатысты, өйткені, ол халық мүд­десіне тікелей әсер етеді» деген талап қойды.  Осындай қатаң  міндеттердің арқасында  еліміз 2008 жылды нәтижелі қорытындылады,   құнсыздану 10 пайыздан асқан жоқ, экономикалық өсім 4 пайызға жетті. Ел өңірлерінде бірқатар  жаңа өндіріс ошақтары (Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма өн­дірісі, Ақтөбедегі базальт талшығын өндіру және  т.б. кәсіпорындар) ашылды.   Бұл   жылы    инновациялық жобаларға да айырықша маңыз берілді.Елбасының қатысуымен  Алматы облысының Іле ауданында «Даму» индустриалды-логистикалық орталығы,  Оңтүстік Қазақстанда  ТМД  бойынша  тек Қазақстанда ғана ашылған  «Қан орталығы» және   «Аспаптар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды залалсыздандыру орталығы», ұзындығы 224 шақырым болатын  алты жолақты жолды «Астана – Щучинск» автобаны, әлем бойынша қолданыстағы барлық атаулы әуе кемелерін шектеусіз қабылдай алатын Алматы әуежайының жаңа ұшу-қону алаңы, Қарағанды облысында металдық кремний өндіретін «Silicium Kazakhstan» зауыты іске қосылуы соның айқын айғағы.

Дағдарысқа қарсы бағдарлама  жасап, оларды дер кезінде қолға  алу нәтижесінде елдің экономикалық іргесі беки түсті.  Жаһанның кәнігі сарапшылары Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасын жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы ең жүйелі және барынша жедел бағдарлама деп негіздеді.