Жасампаз да жанкештi жапондар

«Шыдамыңды шегiне жеткiзген Төзiмдi ғана Нағыз Төзiм деп айтуға болады!» (Жапон мақалы).

Жапондар мен ерекше құрметтейтiн ұлттың бiрi. Салты мен дәстүрiнде Қазақ халқына жақын  тұстары көп болғанымен, жапондардың ерекше атап өтерлiк екi қасиетi бар. Бiрiншiсi – тәртiпке бағынатындығы, екiншiсi – олардың жанкештiлiгi. Осы екi қасиет табиғи апатқа тап болған жапондардың бойынан бұл жолы да айырықша көрiндi. Халқы қырылып, мемлекет миллиардтаған шығын шегiп, елдiң жиған-тергенi далаға шашылып қалса да, жапондар бөтеннiң мүлкiне көз алартатын сұғанақтыққа барған жоқ. Бүкiл елдiң басына түскен зауалды олар бiр адамдай қасқая қарсы алды. Жапондардың қайсар мiнезi мен тәртiпке бағынатын байсалды қалпына  бүкiл әлем тағы да бас иiп, төрткүл дүниенi олар тағы да таңғалдырды. Тiптi, атом электр стансасының аптығын басуға аттанғалы тұрған бiр топ адамды самурайлардың көне салтымен шығарып салды. Осыны көргенде, екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiндегi жапон жанкештiлерi есiме түстi. Бұлар да сол камикадзелерден кем болған жоқ. Бастарын бәйгеге тiгiп, апатты ауыздықтауға  аттанып бара жатты. Оларға ерiнiң алдын кесiп өтпейтiн жапон әйелдерi сәттiлiк тiлеп қала бердi. Бұл олардың дәстүрге берiктiгiн байқатты. Жапондар қай кезде де дәстүрге адалдығынан айныған емес. Бұл өз ұлтынан жерiп  жүрген бiздегi кейбiр безбүйректерге үлгi болатын ұлы қасиет. Интернет беттерiнде де осы ауыр жағдайға байланысты жапон халқының тағдырына жанашырлық бiлдiрген адамдардың пiкiрлерi өте көп берiлiптi. Тiптi, бiреуi былай деп жазған: «Жапондарды мен робот адамдар деп ойлайтынмын. Бiрақ, көздерiнен жас шыққанын көргенде олардың да адам екенiн түсiндiм…» Тарихқа тоқталсақ, бұл халықтың бастан кешкен қияметi аз емес. Бiрақ, барлығында да жапондар мойыған жоқ. Екiншi дүние жүзiлiк соғыстан кейiн де Жапонияның күл-талқан болып қирап қалғаны белгiлi. Тiптi, жұрт бұл елдiң болашағы жоқ деп кесiп-пiшкен. Бiрақ, Америкамен арнайы келiсiм жасаған Жапон үкiметi АҚШ пен Батыс Еуропаға үш жүз мыңдай студентiн оқуға аттандырады. Бұлар хұқықтан бастап, маркетинг пен инженерлiк мамандықтарды ағылшын тiлiнде оқып-үйренуi тиiс болды. Екiншi дүниежүзiлiк соғыста масқара болып күйрей жеңiлген соң, Жапонның синтоизм iлiмiнiң ақсақалдары Ұлтқа былай деп үндеу тастайды: «Бiз бұл соғыста абыройдан жұрдай болып жеңiлдiк. Ендi бiз бiлектi сыбанып бүкiл әлемдi ақшамен жаулап алуымыз керек. Сонда ғана есемiздi қайтарып, елдiң бетiне еркiн қарайтын боламыз!»

Осыдан кейiн жапондар тәкаппарлығын тастап, өздерiн тiзе бүктiрген ұлттың тiлiн үйрене бастады. Жеңiмпаздардан Мемлекет пен бизнестi басқару тәсiлiн, ғылым мен технологияның соңғы жетiстiгiн оқып-тоқыды. Өзге елдiң тiлi мен технологиясын бiлген жапондар көп ұзамай қайта бас көтерiп, мәдениетi мен салт-дәстүрiн   жаңғыртуға көштi. Сөйтiп, бүкiл әлемге нағыз самурайдың рухы мен келбетi қандай болатынын көрсеттi. Жапондардың жетiстiгiн байқаған бүкiл әлем ақыр соңында өздерi де Жеңiмпаз Жапондардың  тiлiн қалай үйрене бастағандарын аңғармай қалды. Осылайша самурайлардың күрескер ұрпағы тағы да жеңiп шықты. Күншығыс елiнiң басына түскен кезектi апат та оларды жасыта алмайды. Жеңiмпаз, Жасампаз әрi Жанкештi жапондар бүкiл әлемге бұл жолы да өздерiнiң нағыз самурайлардың ұрпағы екенiн дәлелдейтiнiне кәмiл сенемiз.

Жолымбет МӘКIШЕВ,

журналист

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *