«Жас қаламгер» жобасы жұмысын бастады
Елімізде алғаш рет «Жас қаламгер» оқыту мектебі қолға алынды
Аталған жоба Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізде алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Әлеуметтік жоба оқу сауаттылығын арттыру, жас дарындардың танымдық-шығармашылық белсенділігін дамытуды мақсат етіп отыр.
Бастаманы «Қазақстанның жастар конвенті» қоры жүзеге асырады. Алдағы уақытта оқыту мектептерінде елордадағы орта және арнаулы орта оқу орындарының 10-18 жас аралығындағы дарынды балалары әдебиет саласының драматургия, поэзия, проза бағыты мен «Ғылым тап = Find science» (Абай шығармаларын ағылшын тілінде оқыту), «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты тақырыптар бойынша дәріс алады.
Оқыту мектебіне қатысушы балаларға ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер-ақын Серікзат Дүйсенғазы, абайтанушы-журналист Ернат Мелсұлы және тағы басқа ақын-жазушылар дәріс оқиды.
Жоба аясында биыл 10 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында қабылданған өтініштер нәтижесінде жобаға 200-ге жуық бала қатысатыны белгілі болды. Оқыту 8-20 қыркүйек аралығында өтеді.