Жас шахматшылар Алматыда бас қосты

Жас шахматшылар Алматыда бас қосты
Сурет: Ашық дереккөз

Жеңімпаздар Италияда өтетін әлем чемпионатына барады

Елде шахматқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Оған Алматыда өтіп жатқан ел біріншілігі дәлел. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы ұлттық біріншілікке Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам үміткер келіпті. "Бұл - бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш", - дейді ұйымдастырушылар. Әзірге классикалық шахматтан жүлделі орындар сарапқа салынуда. Одан кейін жас шахматшылар рапид пен блицте бақ сынайды. 

Биылғы жарыстың ұтыс қоры да қомақты. Ол 13 млн 500 мың теңгеге тең. Қазір 8 турдан кейін 8 жастағы өрендер арасында Әміржан Әнетов пен Ризат Ұлан топ бастап келеді. Ал қыздар арасында 6 жастағы Айша Бисалиева алда тұр. 

Жарыс жеңімпаздары 30 наурыз күні белгілі болады. Ел чемпионы атанғандар Италияда өтетін әлем чемпионатына барады. Ал екінші орын алғандар Азия біріншілігіне қатысады.   

«Шахмат қазір Қазақстанда өте жақсы дамып келе жатыр. Қолдау көрсетіліп жатыр. Сондықтан көптеген бала қазір шахматқа көңілдерін көбірек бөліп, үйренгісі келетін балалар да көптеп келіп жатыр. Чемпионатқа да, шахматқа да келіп жатыр. Сондықтан осы чемпионаттан кейін көптеген таланттарымыздың бүкіл әлемге аттары шығады деп сенемін», - деді жарыс директоры Алма Аширова.