Zhas Project жобасы әзірге 4 өңірде пилоттық режимде іске асырылады

Zhas Project жобасы әзірге 4 өңірде пилоттық режимде іске асырылады
Сурет: Aikyn.kz

Бұл жоба әлеуметтік жағынан осал топтардағы, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын жастарды қолдау мақсатында іске асырылады.

 Үкіметтік емес ұйымдарға гранттар ұсыну жөнінде конкурс жарияланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Zhas Project жобасын іске асыру мақсатында қазақстандық ҮЕҰ-дан өтінімдерді қабылдауды бастады. Бұл жоба Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында пилоттық режимде, Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы аясында іске асырылады», - делінген ведомство сайтында.

Аталған өңірлердің әрқайсысында белгілі бір жобаны қаржыландыруға 1 млн теңгенің 63 шағын гранты бөлінбек. Мақсат – әлеуметтік осал топтардағы, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын жастарды өз елді мекендерін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға, өнімді жұмыспен қамтуға тарту, сондай-ақ жастардың бизнес-идеяларын қолдау.

АБҚО басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, бірінші кезеңде белгілі бір өңірде жобаны жүзеге асыратын ҮЕҰ таңдалмақ. Тәуелсіз конкурстық комиссия ҮЕҰ-ның өтінімдерін қарау кезінде Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында әлеуметтік жобаларды іске асыру тәжірибесін ескеретін болады.

Екінші кезеңде грантқа ие болған ҮЕҰ қоғам белсенділерінен, салалық сарапшылар мен кәсіпкерлерден тұратын өңірлік комиссияларды құрады. Олар әр жобаның тиімділігін сараптаумен айналысады. Гранттар конкурсына ҮЕҰ-дан өтінімдерді қабылдау 17 маусымға дейін жалғасады.