«Жас қанат» жаққан жұлдыздар

«Жас қанат» жаққан жұлдыздар
Суреттерді түсірген - Қ.Қоныспаев

Республика сарайында «Жас қанат - 2023» жас орындаушылардың республикалық байқауы аяқталды. Араға үш жыл салып заман талабына сай жаңа леппен қайта оралған ән байқауы биыл Алматыда 29-рет ұйымдастырылып отыр.

Байқаудың соңғы күні еліміздің әр өңірінен келген 20 қатысушының арасынан ұпай саны бойынша ақтық сынға жолдама алған 8 үміткер сынға түсті. Финалда сайыскерлер белгілі композитор, дирижер және өңдеуші Илья Башқатовтың жетекшілігімен тамаша кәсіби Live бэндының сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Мұны «Жас қанат» байқауының жаңалығы деуге болады.  

Илья Башкатовтың айтуынша, репертуар бойынша конкурстық концерттерге енген әндердің басым бөлігін қатысушылар өздері таңдаған.  

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен байқауда алғаш рет тағайындалған Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев атындағы «Жас қанат – 2023» байқауының бас жүлдесі – Гран-при атыраулық Ерназар Жұбанға бұйырды. «Алтын қанатты» (1-орын) Ақтөбеден келген ару Нарғыз Жанұзақова иеленді. «Күміс қанат» (2-орын) алматылық Беназир Әлімходжаева берілсе, «Қола қанатты» (3-орын) алматылық Алмагүл Батталиева қанжығасына байлады.  Қалған төрт финалист – оралдық Аружан Бисембай, петропавлдық Нариман Жолдасбеков, павлодарлық Мәдина Қабдолла және шымкенттік Нұрасыл Сатыбалды байқаудың дипломанты атанды.

Үміткерлер байқаудың үшінші күні джаз жанрында, негізінен, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өнер көрсетті. Еліміздің әр өңірінен келген жас орындаушылардың ішінде осалы жоқ. Әділқазы мүшелерінің айтуынша, олар өздерінің шын талант екенін байқаудың алғашқы күнінен-ақ байқатқан. Сол себепті шын талантты анықтауда ешқандай келіспеушілік болған жоқ. 

Жүлделі орындардан бөлек қатысушыларға, ынталандыру ретінде әділқазылар мен жан-жақты қолдау көрсеткен серіктес компаниялар арнайы сыйлықтарын табыс етті.

Алматы қаласының негізгі ақпарат құралдарының басын біріктірген «Alatau aqparat» ЖШС медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы ән әлеміне қанат қаққан жас таланттарға жүрекжарды лебізін білдіріп, арнайы сыйлығын табыстады. 

– Армысыздар, ардақты өнерсүйер қауым! Бүгін ерекше кеш өтті. Ғаламат шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген азаматтарға, сонымен қатар, ән додасында бақ сынаған барлық қатысушыларға өзімнің алғысымды білдіргім келеді. Әсем Алматының баурайына «Жас қанат» байқауының қайта түлеуі, бұл – қазақ руханиятына үлкен олжа, тарихи оқиға деп санаймыз. Кезінде осы байқаудан түлеп ұшқан талай дарынды, талантты өнерпаздар бүгінде қазақ мәдениетінің бір-бір дарабоздарына айналып, қазақ өнеріне үлес қосып жүр. Бүгінгі жас таланттарға алдыңғы толқын аға-апайларының жолын берсін деп тілейміз. Қазақта жұлдызың биік болсын, жұлдызың жоғары болсын! - деген әдемі сөз бар. Ән әлемінде жарық жұлдыз болып жанатын жастарымыздың өнері қазақтың даласында ғана емес, әлемнің көгінде шарықтайтынына сенеміз. «Alatau Aqparat» медиахолдингі олардың жеңісті, қуанышты сәттерін – әрқашан сүйіншілеп халыққа жеткізуге дайын. Өнерлеріңіз үстем болсын! Қазақ мәдениеті жасай берсін! - деді ол. 

Медиахолдинг басшысы Ержан Қалымбайұлы сайыскерлердің арасынан финалға өтпесе де марапатқа лайық деп таныған Диас Жорабекке «Alatau aqparat» медиахолдингінің атынан жыл он екі ай бойы FITNESSBLITZ фитнес клубында дайындалуына және DREAM-MOMENTS дүкенінен қаламыздың ең көрікті жерлерін көріп рухани ләззат алуына жолдама ұсынды.

Ал Медеу Арынбаев петропавлдық Нариман Жұлдызбеков пен оралдық Аружан Бисембайды қазақ әніне деген құрметі үшін өзінің арнайы сыйлығын ұсынды. Ренат Гайсин Нұрасыл Сатыбалдымен ынтымақтаса жұмыс істейтіндерін айтып, өз қанатының астына алатынын жеткізді. Ал Байғали Серкебаев өзінің «Emporio Music Fest» музыкалық фестивалінің арнайы жүлдесін Ерназар Жұбанға табыс етті. Ол 5-7 шілде аралығында Швейцарияда өтетін, әлемнің ең танымал музыканттары бас қосатын әйгілі «Montreux Jazz Festival» джаз фестиваліне жолдама болатын.  Финалистерден басқа, конкурстың тағы 12 қатысушысы диплом-сертификаттар алды.  

Биыл «Жас Қанат – 2023» байқауынан бөлек, аңызға айналған «Азия дауысы» фестивалі де қайта жандануда.  Оған дайындық барысында Темірбек Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің басын қосқан қызықты шығармашылық жоба ұйымдастырылған болатын. Жоба аясында академия студенттері арасында фестивальдің ерекше стилін сақтай отырып, жаңа сахнаға сценография жасау тапсырылған. Комиссия тапсырманың сәтті әрі жоғары деңгейде орындаған Дана Нұршаева мен Әлихан Сатыбалдыны жеңімпаз деп таныды. Арнайы сыйлықпен марапатталған жеңімпаздар «Азия Дауысы 2023» фестиваліне сценография жасау үшін шығармашылық топқа шақырылды. 

Алматыда «Азия дауысы» мен «Жас қанаттың» қайта жандануын армандаған Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономаревтың оң қолы болған тұлға, байқаудың ұйымдастырушысы, «Азия дауысы» студиясының басшысы Ирина Ковыряконың айтуынша, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» болды. Біріншіден, жанды музыка! Үміткерлерді 60 адамнан тұратын ең мықты оркестр сүйемелдеді. Екіншіден, Live бэнд болды. Сайыскерлердің керемет өнер көрсеткені сонша, барлығы 2 шілдеде өтетін «Азия дауысы пикнигіне» шақырылды.

– Енді біз «Жас қанат – 2024» байқауына дайындықты бастаймыз. Қуандым, жыладым... Сайыскерлер ән салғанда жанарым жасқа толып, толқыған сәттерім көп болды. Мен үшін киелі сахнадағы әрбір сәт эмоцияға толы әсер қалдырды, - деді ол байқау соңында.

Байқау соңында үш күн бойы жас таланттардың үміт толы жанары мен лүпіл қаққан жүрегінің дүрсіліне куә болған алматылық көрермендер «Жас қанат – 2023» жаққан жаңа жұлдыздарға қол шапалақтап, қошемет көрсетті.

P.S. «Alatau aqparat» ЖШС медиахолдингі «Жас қанат – 2023» ән байқауына сыйлық ұсынған серіктестеріміз – DREAM MOMENTS дүкеніне және FITNESS BLITZ фитнес клубтар желісіне шын жүректен алғыс білдіреді!