Жарты сағат дәрігер бақылауында болады

Қала бойынша ашылған вирусқа қарсы вакцина салатын 198 пункттің бірі «Галерея» сауда орталығында орналасқан. Тұрғындарға «Спутник V» вакцинасын салуға бұл орталыққа №17 қалалық емханадан арнайы қызметкерлер жұмылдырылған.

Екпе салатын кабинеттер барлық санитарлық талаптарға сай. Вакцина алуға арнайылап келгендердің саны көп. Кезек көп емес, екпеге келген тұрғындар небәрі 10 минуттың ішінде вакцина салдырып, шығып жатты. Екпеге дейін, екпеден кейін 30 минут дәрігердің бақылауында болатын тұрғындар үшін ара-қашықтық сақталған арнайы орындықтар орналасқан.
Жұмыс аяқталғаннан кейін екпе пункті толық дезинфекцияланады. Пункт Алматының барлық тұрғынын қабылдайды және жұмыс күндері сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін, демалыс күндері сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
– Бастысы жергілікті жер бойынша Алматы қаласында тіркелген болуы керек, өзімен бірге жеке куәлігін әкелсе болды. Екінші кезеңде келісімді толтырып, қол қойып, қан қысымы мен дене температурасы өлшенеді. Екпеден кейін жарты сағат дәрігер бақылауында болады. Екпе алғаннан кейін 3 күн денеге су тигізбей, яғни жуынуға болмайды. Мейлінше көбірек тамақ, сұйықтық ішу керек, – дейді медициналық пункт қызметкері.
Ал №17 қалалық емхананың арнайы қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Гүлсара Сүлейменова:
– Мұнда емхананың 14 қызметкері жұмыс істейді. Күніне вакцина салдыртуға шамамен 100 адамнан 300 адамға дейін қабылданады. №17 қалалық емхана «Галерея» сауда орталығы мен «Атакентте» 9 Е павильонында вакцина салдырту пункттерін ұйымдастырды. Пунктке келетін доза мөлшері күнде жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіледі, –дейді.
Осы пунктке американдық ерлі-зайыпты Шерли мен Натан да екпе алуға келіпті.
– Жаңа ғана жолдасым екеуміз вакцина алып шықтық. Әзірге дәрігердің бақылауындамыз. Ешқандай ауырсыну байқалмады. Екпе алу біз ойлағаннан да оңай болып шықты. Қызметкерлер де жақсы қарсы алып, барлық ақпаратты берді. Баршыңызға денсаулық тілеймін, – деп лебіздерін білдірді.

Гүлжанат СЕМБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *