Жарқын болашақ бастауы

Жарқын болашақ бастауы
almaty-akshamy.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» - жарқын болашақ бастауын бірге құруға үндеді. Қазақ елі бейбітшілік мекені екені анық. Мұны халқымыздың дархан көңілімен байланыстырамыз. Бүгінгі таңда қастерлі Отанымызды дамытудың бағыт-бағдары айқындалуда. Осыған орай, Саясаттану, философия және дінтану институты директорының орынбасары, экономика ғылымының кандидаты Үлес Мадиярұлын әңгімеге тартқан едік.

– Мемлекет басшысы Жолдауында жаңадан өңірлер құрылатынын айтты, жалпы игі бастамалар көтерді. Ой-пікіріңізді қоссаңыз?

– Әрине, тиімді бастама! Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарын ашу – тарихқа құрмет іспетті дүние. Көпшілік те қуанып жатыр. Бұрын ол өлкелердің облыстық статусы да болған. Мен бір ғана мысал келтірейін. Мәселен, Алматы маңындағы Қаскелең, Талғар сынды аудандар маңындағы тұрғындар Талдықорғанға сабылатын. Енді олай етудің қажеті жоқ. Қапшағайға Қонаев атауы беріледі. Бұл да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Димаш Ахметұлының рухына, аңыз тұлғаға көрсеткен құрмет деп білеміз. Жалпы, әрбір саяси шешім шығарылмас бұрын әбден қаралады, сүзгіден өтеді. Ол – заңдылық. Күнделікті тірлікте де солай ғой. Сондықтан еліміздегі өзгерістер жақсылыққа бастайтынына сенеміз. Әрбіріміз өз саламызда табысты еңбек етсек озамыз, дамудың даңғыл жолына түсеміз.

– Экономикалық тұрғыда қандай істер атқаруымыз керек деп ойлайсыз?

– Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы елдегі аса ауқатты адамдармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық даму бағыт айқындады. Бұл да болса, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына жақын үрдіс. Қазақстан экономикалық тұрғыдан дамып, өркендеп келе жатыр. Бүкіл әлемді пандемия тығырыққа тіреді. Сауда-саттық бәсеңдеді. Елдер арасындағы тауар айналымы азайды. Оның үстіне геосаяси жағдайды қосыңыз. Осының бәрі өз әсерін береді. Бізде осындай тұрақсыздықтарға қарсы іс-қимылдар, жоспарлар бар. Мұндай кезеңдерде жаңадан қаржы табу көздері ашылады. Барлық мәселе шешіледі. Барлық қарама-қайшылықтар келіссөздер арқылы орнайды. Сол себепті, барлық жағдайға дайын болған абзал. Қаржы көздерін, инвестиция тарту маңызды. Қазір блокадаға түскен үлкен бизнес өкілдері жаңа жұмыс нысандарын қарастырып жатыр. Соларды өзімізге тартқан жөн. Қалталы кәсіпкерлер бізге өз қаржыларын салса, нұр үстіне нұр болмақ. Осындай істерді жүзеге асырсақ, жаңадан зауыттар мен фабрикалар салынады. Олар біздің экономикамызға зор серпін орнатар еді. Импортты азайтып, экспортқа басымдық берер едік. Аталған ойларымыз жүзеге асырылып та жатыр. Экономика қуатты болса, ел бақуатты деген сөз.

– Білімді, жігерлі жастарды тәрбиелеу, көтеру үшін қандай істер атқаруымыз керек?

– Бізде білгір жастар жетерлік. Қазақтың қаракөздері әлемді таңдандыруда. Мәдениет, өнер, білім мен ғылымды өркендетіп, табысты қызмет етіп келе жатқан жасөрендерге қайран қалудамыз. Мәселе мынада. Ауылдан келгендеріне мүмкіндік берілу қажет. Елді мекендерде жұмыс көзі тапшы. Бұл жағы жасырын емес. Сондықтан жұрт қалаға ағылады. Оның ішінде алып үш мегаполисімізге келуде. Сөйтіп, қалада әртүрлі істер атқаруда. Дегенмен, баршасы бірдей ұшпаққа шыға бермейді. Егер ауылдық жерде жастарға жұмыс орындары болса, қалаға ойыспас еді. Бүгінде ғылымға жас ғалымдар араласуда. Олардың тәжірибесі аз. Сондықтан бейімдеп, үйретіп, келешекке сапалы кадр дайындауымыз қажет. Арамызда үлкен ғылым кандидаты, доктор, профессорлар бар. Солардың жолын жалғастыру үшін ғылымға жастарды тартсақ, ұтамыз. Жан-жағынан бағамдап қарағанда көп пайда болар еді.

– Дәстүрлі сауал: болашақ кімнің қолында?

– Жаңа біраз ойды қозғадым. Жас күнімде сыныптастарым мектеп бітіріп, Томск университетіне оқуға кете бастады. Өйткені, сол жақтан келіп, үгіт-насихат жүргізген болатын. Кім жақсы оқу оқып, ыңғайлы жатақханада тұрып, мықты жұмысқа орналасуды қаламасын? Әлбетте, ондайды баршасы қалайды. Мен сол уақытта әкеммен ақылдастым. О кісі осында қалуды, өз туған жерімде қызмет істеуді ұсынды. Әлгілердің біреуі де елге оралмады. Томскіде, Санкт-Петербургте қалды. Үйленді, сол елге сіңді. Мен әкемнің ақылын тыңдап, осында жүргеніме разымын. Білімділер шетелге кете берсе, не болмақ?! Айтарым, еліміздің болашағы алғыр, отаншыл, ақылды, тәрбиелі азаматтардың қолында деп білеміз. Болашағымыз жарқын болсын!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Олжас ЖОЛДЫБАЙ