Жарасым тапқан жұртпыз

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы,сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенімі бар!
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі әрқайсымыз үшін ерекше қымбат. Ол біздің миллиондаған отандасымыздың жүрек қалауынан орын тапқан мереке. Бұл – қазақстандық патриотизмнің, елге және халыққа деген адалдықтың мерекесі.
Біздің тағдырымыз ортақ. Ол ортақ Отанымыз – Қазақстанның тағдыр-талайымен ортақ өрілген. Тарих – өмір сүрудің ұстазы. Себебі, Қазақстанның тарихы мен тағдыры – миллиондаған жандардың кездесу мен бауырласу жолы. Ол – бірлігімізді, бірегейлігімізді нығайтатын, ұлт болып ұйысудың әліппесі. Оны Қазақстан халқы өздерінің шынайы істерімен дәлелдеп келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпұлтты мемлекетімізде ынтымақ пен бірлікті нығайта түсу үшін барлық жағдай жасап отыр. Қазақстандықтар үшін де керегі осындай берекелі де бейбіт өмір. Бүгін біз айтулы мерекеге орай, бір топ қоғам қайраткерлерінің жүрекжарды сөздерін беріп отырмыз.
Бірлік – таптырмайтын қазына
Бұл мереке Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша халық үшін айрықша қымбат мереке. Ол біздің миллиондаған отандасымыздың жүрегіне жол тапқан асыл құндылығымыз. Біз жарқын болашақ пен асқақ мүмкіндіктер ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Біздің тағдыр-талайымыз ортақ. Ол – ортақ Отанымыз Қазақстанның бүгінгі тағдырымен байланысты.
Қазақстан қашаннан ұлттар достығының алтын бесігі. Бүгінгі таңда Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері бірлігі мен ынтымағы жарасып өмір сүруде. Олардың тілі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір. Олар Қазақстанды туған Отаным санайды.
Қазақстан менің бақ мекенім. Бабаларым о баста тік көтеріліп бел асқан жерім, бүгінде өзімнің кіндігімнің қаны тамып, бауыр басқан жерім. Арғы тарихты қозғасам, дадам Қорқыт біріктіріп, Бамсы Бәйрек қорғаған даңқты елім.
Әзербайжан мен қазақтың түбін алып қарасаң, түркілерден өрбіген, бір төскейді өрістеп, заманалар көшінде оғыз атам бұтағы шалғай қонып алыстап, тау асып, тас басып, көшінің басын Кап тауына бұрғанда, Отанда қалған бауырым. Оның дархан даласындай мейірге толы көңілі түбірі бір біз тәрізді туысқа ғана ашылмайды, жаны жомарт жайсаң жұрттың жүрегі баршаға бірдей, төгілген нұры көпке бірдей.
Қазақстанда ұлтына, наным-сенімі мен білім деңгейіне қарамастан, адамдар бір-біріне құрметпен қарайды. Мен Елбасымыздың «Бұл күн барша қазақстандықтың бір-біріне деген мейірімділігінің, достығы мен құрметінің жарқын мерекесіне айналуы тиіс» деген сөзіне құрметпен қараймын. Біздің барлығымызды бір құндылық біріктіреді. Бұл – тату-тәтті өмір сүруге деген құлшыныс. Осы құрмет сезімі бізге бір-бірімізге деген толеранттылық пен төзімділік сипатында болуы тиіс.
Қазақ жерінде қаншама этнос өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп, ұрпақ өрбітуде. Солардың бірі де өгейдің күнін кешпейді, қайта жақсылығын көріп, жанына жақын балаған қазақтың кең қолтығында әрқайсысы өз этносының мәдениеті мен ұлттық дәстүрін дәріптейтін орталықтар ашып отыр. Тіпті, елдің ең жоғары заң шығарушы органы – Парламентке депутат сайлап, мәртебесі Ата Заңда дәріптелуде.
Ел бірлігі, тұтастық – таптырмайтын қазына. Қазынаны қадіріне жеткендер ғана толайым толықтырып отырады. Қазіргі Қазақстан осындай бірлікті ортақ қасиет, баға жетпес қазына етуде.
Бірлікке сына түспесе, елім деген халықтың алар асуы, бағындырар биігі, жететін жеңісі көп болады. Баршаңызды алдағы бірлік мерекесімен құттықтаймын! Халқымыздың бірлігі жарасып, Мәңгілік елдің жұлдызы жана берсін!
Асылы ОСМАН,
Қазақстан халқы Ассамблеясының
мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, профессор.
Ырыс ынтымақпен келеді
Қазақстанды Отаным деп қабылдаған әр түрлі ұлт өкілдерінің өзара достық пен татулықта өмір сүруіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Әр ұлтқа өз ана тілін меңгеріп, салт-дәстүрі мен әдет ғұрпын жаңғыртуда және өздерінің мәдениеті мен әдебиетін дамытуда қамқорлық көрсетіліп, ол жұмыстар одан әрі жетілдірілу үстінде. Сондай-ақ, түрлі этнос өкілдері де еліміздің дамуы жолында еңбек етіп, игі бастамалардың басы-қасынан табылуда. Соның ішінде Қазақстанда тұрып жатқан түркімен ұлты да еліміздің бірлігі мен дамуына өз үлестерін қосуға атсалысуда.
Қай дәуірді алып қарасақ, тарихтың көмескі тартқан беттерін парақтасақ, Қазақ елі ежелден бітімгерлігімен, араағайындығымен, достық қарым-қатынасымен айшықты із тастап келеді. Ырыстың, береке атаулының бастауы әсілінде достықта, адамгершілік қасиеттерде жататыны айқын. Ынтымақ бар жерде жақсылық үстемдік құрады. Елдің пейілі кең болғаннан ешкім де кем болмайды.
Бүгінгідей үлкен үдеріспен дамып жатқан жаһанда ел ішіндегі татулықты сақтай отырып, ұлттар арасындағы достық қатынасты нықтай түсу үлкен парыз.
Гүлнара АННАКУЛИЕВА,
Түркімен мәдени орталығының
төрайымы.
Бұл – менің Отаным!
Қазақстанда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанымыз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы екені талас тудырмайды.
Қазір біз айналамызға барлап көз салсақ, небір зұлымдық, ашкөздік, лаңкестік секілді оқиғаларды көреміз. Әлемде орын алыпжатқан осындай адами қасиеттерге жатпайтын әрекеттерге жанымыз ауырады. Қазақстанда барлық ұлт пен ұлыстардың құқығы тең дәрежеде сақталған. Ол осынысымен құнды. Қазақстанда шоғырланған ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәрі де мейірбан қазақ халқына тек қана алғыс айтады. Сол үшін де мемлекет тізгінін ұстаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жаңарған, жасарған Қазақстанның гүлденуі, сәулеті келіскен еңселі ғимараттардың бой көтеруі – тәуелсіздік жылдарының жемісі. Осы уақыт аралығында Қазақстанда көптеген халықаралық деңгейдегі шаралардың өткізілуі – мемлекет мерейінің артқанын, дәулетінің кемелдене түскенін көрсетсе керек.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – бұл қазақстандық патриотизмнің, елге және халыққа адалдықтың мерекесі.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау тәуелсіз Қазақстанның басты және талассыз табысы.
Бұл – менің Отаным! Демек, ортақ Отанымыздың тағдыры үшін әрбір азаматтың жауапкершілік сезімі күнделікті өмірдің қалпына және баршаны біріктіруші бастауға айналуы тиіс.
Үсейін ХАСАНОВ,
Түрік мәдени орталығының төрағасы.
Бізді бір мақсат топтастырады
Бірлік мерекесінің басты мазмұны – Қазақстан Президентінің этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы теңдестірілген және көреген саясаты, қазақстандықтардың жоғары мәдениеті мен даналығы, ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайту. Ол біздің жүрегімізге жақын, біздің еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі болып табылады.
Қазақстанда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де заң алдында тең. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының теңқұқылы ұлдарымыз. Біздің бәрімізді бір мақсат топтастырады. Ол – біздің ортақ Отанымыздың Қазақстанның гүлденуі мен көркеюі. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз еліміздің қарыштап дамуына бар күшімізді салуымыз қажет. Мұны өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың бойына сіңіре түсуіміз керек. Елбасымыз салған сара жолда еңбек етіп, жыл сайынғы Жолдаудың құндылығын ұғындыруға тиіспіз. Осы жолда жас ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын, бейбітшілік ортаймасын деген тілегім бар.
Бүгінгі қол жеткен табыстарымыз – бұл біздің тәуелсіздікпен бірге келген сыйымыз. Алдағы уақытта бұл құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа тасымалдау баршамыздың ортақ міндетіміз болмақ.
«Біз Қазақстан халқының мызғымас бірлігі мен ұлы Отанға мәңгілік сүйіспеншілігін ұлықтай түсеміз!» деген Қазақстан Президентінің мұратын алға апарамыз. Бұл жолда бізді біріншіден, ортақ үйіміз Қазақстанға деген шынайы махаббат біріктіреді. Осы жерде гүлдендік, осы жерде өркениетімізді жаямыз!
Мемлекет басшысы еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас пен оның тарихы мектептерде, білім мен ғылым ордаларында ашық оқытылуы қажеттігін айтып келеді. Бүгінгі таңда еліміздің бүкіл халқы Қазақстан Президентінің өміршең идеясы төңірегінде бірігіп отыр. Ол – бірлікті сақтау, ел тыныштығын қорғау, еңбек ету арқылы дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін мемлекетті өркендетуге үлес қосу. Өйткені, қазақ тарихтан сабақ алған халық. Небір жаугершілік замандарды бастан кешті. Соғыстың қасіретін, дау-жанжалдың кесапатын жақсы біледі.
Күш бірлікте, түсіністікте. Бүгінгі біздің мақсатымыз – бірлігіміз бен ынтымағымызға сызат түсірмеу. Қазақстан халқы Ассамблеясының ең басты мақсаты да осы құндылықтар деп ойлаймыз.
Қазақстандағы халықтар достығының еліміздің бірлігінің кепілдігі екенін таныту, жастарды отансүйгіштікке, тілін, дінін, мәдениеті мен салт-дәстүрін білуге, сондай-ақ, басқа ұлттардың да рухани құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық қазақстандықты бір мүдде, бір мақсатқа біріктіру бағытындағы саясаты елімізді түрлі қақтығыстардан аман сақтап, бүгінгідей мамыражай заманға жеткізіп отыр. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көптеген тау халықтары қатарында біз, шешен халқы да өз туған жерімізден күшпен көшіріліп, қазақ жерінен пана таптық. Ақсақалдарымыз күні бүгінге дейін «қазақтар бізді аштықтан аман алып қалды. Бауырына тартты, оларды өмір бойы сыйлап өтіңдер» деп айтып кетті. Сондықтан біз әкелер аманатына адалдық танытуымыз керек.
Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтап келеміз. Біздің бірегей жолымыз тек адалдық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімін сақтау болып табылады.
Абу-Касим ХАЖАЛИЕВ,
«Вайнах» ассоциациясы төрағасының
бірінші орынбасары, Қазақстан халқы
Ассамблеясының мүшесі.
Әзірлеген — Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ