Жапония Үкіметінің экс-басшысы Синдзо Абэ қайтыс болды

Жапония Үкіметінің экс-басшысы Синдзо Абэ қайтыс болды
Сурет: Inform.kz

Синдзо Абэге белгісіз біреу оқ атқан болатын.

Бүгін таңертең Жапонияның бұрынғы Премьер-Министрі Синдзо Абэні белгісіз біреу атып кеткен болатын. Арада бірнеше сағат өткенде экс-премьер ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Бұған дейін ақпарат агенттігі либерал-демократиялық партияның бұрынғы басшысы ауыр жарақат алғанын хабарлаған еді. 

Жапонияның халықаралық NHK телеарнасының хабарлауынша, үгіт-насихат науқаны аясында елдің батысындағы Нара префектурасына келіп, халық алдында сөз сөйлеп тұрған Синдзо Абэге белгісіз біреу оқ атқан. 

Экс-премьер денесіне оқ тиіп, сол мезетте жерге құлап түскен. Оқиға жергілікті уақыт бойынша 11:30-да болған. Өрт сөндіру қызметінің хабарлауынша, бұрынғы Премьер-Министр ауруханаға жеткізілген. Полицияның ақпаратына сәйкес, күдікті оқиға орнында қамауға алынған. Ол - шамамен 40 жастағы ер адам.