Жанға сая жасыл белдеу

Жанға сая жасыл белдеу
Aikyn.kz
Қазақстан Республи­касы­ның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы­мен Нұр-Сұл­тан қала­сы­ның ма­ңын­дағы қо­лайсыз климаттың ахуа­лын жақсарту, қала халқы­ның жайлы өмірі мен демалысына жақсы жағдай туғызу үшін 1996 жылы «Астананың жасыл белдеуін құру» мәселесі қолға алынған болатын.

Жасыл белдеу Орталық Азия­да теңдесі жоқ жасанды орман алқабына айналды. Елба­сының бағалы бастамасы баянды болып, игілігін жалпақ жұрт көруде. Қаланың өзінде және жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастырып, аялап өсірудің өзі оңай шаруа емес еді. Топырағы сортаң, қу даланы гүл жазира алқапқа айналдыру туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бұл орман – таза ауамен тыныстауға мүмкіндік бе­ретін еліміздің «өкпесі». Орман ала­ңы желден, шаңнан қорғайды, таза­лыққа үлес қосады. Бұл – біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған сый, болашаққа ескерткіш» деген сөзі ақиқатқа айналды.

Елорда аумағындағы ор­ман шаруа­шылығын дамыту бойынша берілген тапсырма жүйе-жүйесімен орын­дала бас­тады. Алдымен ағаштардың түрлі сұрыптағы жиынтығы, орманның ортасына қарағай, шыр­ша, аққайың тәрізді ағаш­тар отырғызылды. 

Бірте-бірте орманшылардың жан­қиярлық еңбегінің нәти­жесінде орман өзі гүлдеп, тұқым шашып, ағаш пен жасыл желектің түр-түрі көбейе бастады. Ең бастысы, елорда жұрты және алыс-жақын шетелдерден дүмеп келіп жатқан меймандар көкірегі қанша жұтса да тоймайтын саф ауамен тыныстап, алаңсыз дем алатын, жайлы да әсем, сүйікті орындарына айналды. Жыл өткен сайын жасыл белдеудің аумағы ұлғая түсті. Көгілдір сағыммен мұнартып, көз арбап, көңіл тоғайтып жататын жасыл желектің көкжиегі бірте-бірте кеңейе түсті. Елбасы айтқандай, бұрынғы айтақыр жер сыңсыған орман алқабына айналып, елорданың қолайлы климатын қалыптастырып, экологиясын жақсарта түсті. Әуел бас­та көздеген мақсаттың бірі – туған топырағын құр­меттей біле­тін патриот­тарды тәр­биелеу. Бұл орайда да, ауқымды жұмыс атқарылды.

Мамандар елорданың жасыл бел­деуіндегі екпе ағаштардың санитарлық жағдайын кірпік қақпай бақылау үс­тінде болды. Бар жұмыс ғылымның сүйе­мелдеуімен жүргізілді. Оның өзі бір­неше бағытта өрістеді. Айталық, орман-патологиялық зерттеу, ғылыми-тәжі­рибелік аймақтарда орман өсімдігі түр­лерінің жағдайын бағамдау, кесіп-күту әдістерінің ағашқа әсері таразы ба­сына тартылды.

Жалғыз ағаш қана емес, оның ішін­дегі тірі организмнің тіршілігін білдіретін жан-жануардың құрамын мейлінше көбейту де қолға алынды. Жасанды ор­манның өсімдік әлемі әрі жануарлар құрамы қатар дамыды. Инкубация арқылы мыңдаған құс шығарылып, ер­кіндікке жіберілді. Қазір ну орманның ішіне енсеңіз, он сан құс жасыл желекке оранған гүл жазира мекеннің сәнін келтіріп, дала оркестрінің қуаныштан құйқылжыған күйін шертіп тұр.

Негізгі жұмыс 1997 жылы басталып, екі кезеңге бөлінді. Алғашқы жылы 14 827 гектар жерге 9,6 млн-нан астам ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде қайың, шегіргүл, үйеңкі, қарағай тәрізді ағаш түрлері болса, бұтадан қарақат, дерен, үшқат, мойыл өсірілді. Екінші кезеңде, яғни 2012-2020 жылдар аралығында жасыл белдеудің жалпы аумағындағы 8 127 гектар алқаптың

2 594 гектарына 3 174 342 дана ағаш кө­шеті отырғызылды. Оның ішінде мәңгі жасыл шырша мен көркі көзтартар қа­рағай, балқарағай мен бұл өңірде сирек кездесетін арша бар. 2011-2016 жылдары елорданың оңтүстік батыс бөлігінде жалпы ұзындығы 25 658 метр болатын веложол салынып, ондаған самалжай бой көтерді.

Мамандардың айтуына қарағанда, жасыл белдеудің жақсы әсері аз емес. Жергілікті климаттың жұмсаруына да әсер еткен. Ит тұмсығы өтпейтін орман пай­да болғаннан кейін желдің орташа жылдамдығы да бәсеңдепті. Оның үстіне сыңсыған орман алқаптары қар тоқтатуға да сеп. Соңғы жылдары шаң­ды дауылдың, қыстағы боран-ша­шынның екпіні азайған.

Елордадан бастау алған жасыл белдеу жер жәннаты – Бурабай курорты аймағына дейін созылуға тиісті. Бұл да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы. Қазіргі күні 160 шақырым жол бойында ертеңге деген ел үміті тәрізді қаулап өскен жасыл желек жан жадыратып, жайқалып тұр. Жалпы аумағы

2 575 гектарды құрайды. Бұл алқаптарда ағаштың 11 түрінің 6,3 млн көшеті отыр­­ғы­зылған. Алғашқы кезеңде егіл­ген нәзік көшеттер бұл күні бой салып, ұшар басы әсірелеп айтқанда бұлт бауырын сызардай көтерілген.

– Бурабайдан шығып, елордаға жеткенше қос қапталыңда жайқалып өскен жасыл желек бір үзілмейді, – дейді ел ағасы Сапар Нұрпейісов, – өтпелі кезеңде Ақкөл мен Бурабай аудандарының төңірегіндегі орман алқаптарын әлденеше мәрте өрт шалды. Осы кезде заңсыз ағаш кесу оқиғалары да жиі орын алып жататын. Күтімі бол­маған соң селдіреп те қалды. Қазір сол олқылықтың орнын толтырып, тіпті еселей көбейтіп, жасанды орман алқабы қайта жаңғырды. Экологияға пайдасы өз алдына, шарапатын қарапайым халық та көріп отыр. Жаз бойы табиғаттың тартуын, қойнауындағы иен тегін игі­лігін – жеміс-жидегін теріп, пайдаланушылар аз емес.

Төрт ауданның аумағында бой түзе­ген жасанды орман алқаптары біртұтас экожүйе қалыптастырып отыр. Әр кезең бойы, рет-ретімен отыр­ғы­зылған орман тиісті технология бойынша күтіп-бапталады.

– Біз үш ауданда топырақ құрамын зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Төкішев. – 2,5 мың гектар аумақ мұқият зерттеліп, ағаш егуге жарамды деп табылса, көшет отырғызылатын болады. Алғашқы жылдары материалдық-техникалық базаның әлсіздігі қолбайлау бол­ды. Облыстық әкімдіктің бөлген қа­ра­жатына 20 трактор, 4 автокөлік сатып алынды. Енді ойға алған шаруаны мұ­қият атқаруға толық мүмкіндігіміз бар.

Жасанды орман алқабын кеңейту, ең алдымен тәлімбақтардың жұмысына байланысты екені белгілі. Қазір облыста 3 тәлімбақ үздіксіз жұмыс істеп тұр. Көшетке деген сұраныс артқан. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында 2 млрд ағаш көшетін отыр­ғызу міндетін қойғаннан кейін кө­шетке деген тапсырыс көбейе түскен. Қажеттілікті уақытылы өтеу үшін өңірде тағы екі тәлімбақ ұйымдастырылмақ. Қуат кемелденіп, келелі мәселені оңы­нан шешу осылайша қолға алынбақ. Орманшылар қауымы алдағы бес жыл­дың ішінде 150 млн дана ағаш көшет­терін отырғызуды межелеп отыр.

Сөз арасында Ақкөл орман шаруа­шылығында 51 гектар аумақты алып жатқан нысан 2004 жылы қайтадан қал­пына келтірілгендігін айта кетелік. Ауа райы құбылмалы өңірде көшеттерді тамшылатып суару әдісіне көшіпті. Бұл жерде барлығы 80-ге таяу ағаш түрі өсіріледі. Нұр-Сұлтан – Щучинск бағы­тындағы тас жолдың бойында құл­пыра көктеп тұрған көшеттің дені осы тәлімбақта көктеген.

– Біздің тәлімбақта қараағаш көшет­тері өсіріледі, – дейді Ақкөл орман шаруашылығының директоры Алек­сандр Белоусов. – Биыл көктемде 200 мың көшет босаттық, қалған көшеттерді күзге дейін осында баптаймыз. Жұмыс өз ырғағымен жүріп жатыр. 2018 жылдан бері 1,5 мың көшет жол бойындағы жасыл белдеуге отырғызылды. Қазір жапырағын жайып, көктеп тұр.

Жанға жайлы жасыл белдеу уақыт өткен сайын жайқала көктеп, сайын да­ланың сәніне айналуда. Елбасының даналығымен жүзеге асқан дала салта­наты – кейінгі ұрпаққа өнеге болар ескерткіш.

Ақмола облысы