Жандарбек Бекшин: Алматыда маусым айында коронавирус екі есе азайды

Жандарбек Бекшин: Алматыда маусым айында коронавирус екі есе азайды
Сурет: Liter.kz

Қаланың бас санитары эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтана бастаған кезінде тұрғындардың вакциналануы маңызды екенін атап өтті.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

Жандарбек Бекшин індеттің әлі сейілмегенін, өткен тәулікте мегаполисте КВИ жұқтырудың 112 жаңа жағдайы тіркелгенін айтты.

Бас санитар эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтана бастаған кезінде тұрғындардың вакциналануы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ санитарлық шараларды сақтау қажеттігін еске салды.

«Алматы 12 маусымнан бастап «жасыл» аймақта тұр. Айдың басынан бері коронавирус ауруы 2 есе азайды. Соңғы тәулікте КВИ-дің 112 жағдайы тіркелді, ал тәуліктік өсім 0,1%-ға төмендеді», - деді Жандарбек Бекшин.

Алматы қаласында эпидемия басталғалы КВИ-дің 71 820 жағдайы, ал осы жылдың басында 53 мыңнан астам жағдай тіркелгенін айтты.

«Халықтың 100 мыңына шаққанда ауру деңгейінің төмендеу динамикасы тұрақты, соңғы 7 күнде 64,7-ден 39,8-ге дейін азайды, репродуктивті сан 0,79 деңгейінде тұрақтанды, бұл «жасыл аймақ» параметрлеріне сай», - деп түсіндірді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.

Жандарбек Бекшин 19 маусымнан бастап күшіне енетін Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысының дайын екенін айтты. Жаңа құжатқа сәйкес, бизнес үшін бірқатар жеңілдіктер белгіленген.