Жаңа жыл қарсаңында заңсыз кесілген 2,5 мыңнан астам шырша тәркіленді

Жаңа жыл қарсаңында заңсыз кесілген 2,5 мыңнан астам шырша тәркіленді
Сурет: Ашық дереккөзі

240 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Ішкі істер министрлігі мереке қарсаңында шыршаны заңсыз кесуге жол бермеу үшін рейдті күшейтті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек апталық брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«15 желтоқсаннан бастап республика аумағында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, дайындау және өткізу орындарын анықтау және жолын кесу бойынша орман қорғау органдарымен бірге рейд жүргізіліп жатыр. Автожолдарда, базарларда және басқа жерлерде бақылау үшін 500-ге жуық мобильді топ құрылды, олар 10 күнде мыңнан астам рейд жүргізді», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Шыршалар мен қарағайлардың сатылуын бақылау, оларды белгіленбеген жерлерде және тиісті құжаттарсыз сату бойынша тексерулер жүргізіледі.

«Қазіргі уақытта 235 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде 3 заңсыз кесу, 45 қылқан жапырақты жас көшетті заңсыз сату фактілері бар. 11 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. 240 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның көпшілігі шырша мен қарағайды заңсыз кесіп тасымалдаған және сатқан. Құқық бұзушылардан 2,5 мыңнан астам қылқан жапырақты ағаш тәркіленді. Алдын алу шарасы Жаңа жыл мерекесіне дейін жалғасады», - деді Ш.Тұрлыбек.