Жаңа үрдіс-игі бастама

Жаңа үрдіс-игі бастама
Сурет: автор

Жаңартылған мазмұнда білім беру жүйесі-оқушының өздігінен дамуына, өзін-өзі жетілдіруіне ықпалын тигізетін бағдарлама. Балалардың білім алуына қолайлы орта туғызу-мұғалім шеберлігінің көрінісі. Мұғалім үнемі ізденісте болған жағдайда жаңалыққа толы инновациялы, сан түрлі белсенді оқытудың әдіс-тәсілдерін меңгере алады. Бүгінгінің талабы оқытушы жаңалыққа жаны құмар болу керек деген  сөз.

 Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №177 жалпы білім беретін мектепте құзіреттілік орталығының «Педагогикалық шеберлік»  бағыты бойынша  «Жаңа инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы педагогтың кәсіби шеберлігін шыңдау» атты тақырыпта Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген  «Жол картасы» бойынша  аудан көлемінде жетекші мектеп деп танылып, осы бағытта  алғашқы жұмыс жоспары жүзеге асырылып, аудандық семинар өткізілді.

Мектептердегі кәсіби байқаулардың жеңімпаздары мен озық тәжірибелі ұстаздардың іс-тәжірибесін тарата отырып, басқа мұғалімдердің  қосымша өз білімдерін толықтыруына жағдай жасау, шебер, креативті мұғалімдер тобынан шығармашылық топ құру, тәжірибе алмаса отырып, басқа да мұғалімдердің талапқа сай, инновациялы оқу үдерісін меңгерген оқытушылар қауымын құру, бірлесе жұмыс жасау мақсатындағы семинар болды. Аудан көлемінде жетекші мектеп деп танылған шығармашылық топтың негізігі міндеттері - шығармашылық топ құру, тәжірибе тарату, түрлі байқаулардың жеңімпазы болу, басқа мектептермен бірлесе жұмыс жасау және кәсіби шеберлікті арттыру бағытында болып, алғашқы жұмыс жоспары жүзеге асырылуы жоғары деңгейде өтті.

Семинардың ашылуы “Мектеп - білімнің бастауы” атты  мектеп жайлы бейнероликті көруден басталып, мектебіміздің мерейін үстем ететін ұстаздарымыздың кәсіби жетістіктері айтылды. Семинарға ауданнан сексенге жуық мұғалімдер келіп, мектептің тәжірибелі мұғалімдерінің семинар-коучинг сабақтарына қатысып, семинардан алған керемет әсерлерімен бөлісіп, пікірлерін білдірді. Мектеп директоры Танатов Тұрсын Танатұлы: «Бұл жоба кәсіби ұстаздардың басын қосатын, конкурстардың жеңімпазы болуға , өзінің тәжірибесін тарата білетін, өз жаңалығымен бөлісетін мүмкіндік беріп түр. Ауданаралық мұғалімдер бір-бірімен тәжірибе алмасып, көкейлерінде тұнып тұрған жаңашылдықтарымен бөлісетін бағыттағы жұмыстың бастамасы»,-деп бұл жобаның мақсат, міндеттерімен таныстырып, мектеп жайлы біраз ақпараттарға тоқталып, кешенді жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтты.

Мектептің мақтанышы болатын, жетістіктермен таныстырып, қонақ болып келген әріптестер төртке бөлініп,  түрлі сабақтарға  қатысты. Сабақтар төмендегідей тақырыптарда жүргізілді. Семинарда «Бізбен бірге бренд ұстаз бол» атты тақырыпта математика пәнінің мұғалімі Адилбеков Алмаз  Муратович,  физика пәнінің мұғалімі Әбдірәсіл Саян Жақыпұлы,  тарих пәнінің мұғалімі Сейсенбек Бауыржан Бекболатұлы өз  тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі күнде мұғалім мамандығы таптырмас мамандық болуымен қатар, оның брендке айналуына өзі себепші бола алатындығын, инновациялы түрлі платформаларды тиімді пайдалана отырып, пәнге деген қызығушылықты арттырып, мұғалім жұмысын титтей де болса жеңілдетуге жағдай жасау жолын қарастырды.

 «Оқушылардың функционалды сауаттылығын дамытуда инновациялық  әдіс-тәсілдердің тиімділігі» деген тақырыпта  бастауыш сынып мұғалімдері - Жумаева Нургул Оразовна мен Байтулеева Нағима Мадиярбекқызы, оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша оқушы білімін арттыруға байланысты оқытудың белсенді әдіс тәсілдерін цифрлы және VR, AR  бейнелерді көрсету арқылы шынайылықты көруге жетелейтін тапсырмалар мен дәйекті ақпарат берді.

«Ұлттық құндылықтарды оқыту дағдысында қолданудың тиімді жолдары» атты тақырыпта  ағылшын тілі пәні мұғалімдері -  Игиликова Нурсулу Зейнегабыловна мен Каримова Меруерт Кадртаевна,  қазіргі күнде өзекті болып отырған ұлттық құндылық мәселесін кез келген біліммен ұштастыруға болатындығын әр түрлі тәсілдер арқылы көрсетті.

 «Оқушыларды 4К дағдыларын дамытудың тиімді әдістері»  атты тақырыпта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері - Сакеева Гульхан Жаманбаевна мен Курымбаева Жанар Темирхановна  оқушының жан-жақты қабілеті мен дарындылығын ашуда креативті, қарым –қатынасқа түсе алып өз ойын білдіре алатын, топтық та, жұптық та жұмыс жасай білетін оқушыны қалыптастырудың тиімді және құнды тәжірибелерімен бөлісті

«Мұғалімнің кәсіби бренді және педагогикалық қызметтің сәттілік атмосферасын құру жолдары» атты тақырыпта  Адилбеков Алмаз Муратбекович, Әбдірәсіл Саян Жақыпұлы және  Жанабаева Мадина Аскарбековналар кәсіби шеберліктерін көрсетті. Қазіргі таңда Цифрлы мәдениетке байланысты түрлі платформаға бір мезетте тіркеп, тапсырмалар жасап, мұғалім АКТ құзіреттілігінде сабақ барысында шебер көрсете білу керектігін одан әрі басқа да тапсырмалар орындаумен келген әріптестердің білімін толықтырып, ақпарат бере алды.

 Семинардың қорытынды  бөлімінде “Кері байланыс кемелдендіреді” тақырыпта          директордың оқу – ісі  жөніндегі орынбасары Смаилова Сәбира Әбдумүтәліқызы сөз алып: «Мектеп мұғалімдері үнемі ізденіс үстінде, тек бұл ғана семинарлармен шектеліп қалмай одан әрі шыңдалып жатыр, әр оқу жылында мектеп басшысының бекітуімен әр түрлі жоспарларды іске асырып отырмыз.  Атап айтсақ, ықшам сабақтар, кіріктірілген сабақтар, Action research, сонымен қатар биылғы жылы Lesson study жүргізіліп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндіктер артып отыр» деп, келген қонақтарды семинардан алған әсерлерімен бөлісе отырып, кері байланыс жайлы ақпарат  берді.

Мектеп директоры Тұрсын Танатов семинар ай сайын жоспар бойынша жалғасын тауып отыратындығын және  білім ордасындағы басқа да білім берушілер өздерінің түрлі сабақ өту тәсілдері мен  шеберліктерімен бөлісетінін және оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттырып, одан әрі ынталануына жол көрсететін әр қилы жұмыстармен тәжірибе алмасатынын айтып өтті.

Келген  қонақтар семинардан алған тамаша әсерлерімен бөлісіп, өз ризашылықтарын білдірді. Бұл семинар аудан көлемі бойынша келген әріптестердің көзқарастарынан, жақсы пікірлерінен жоғары деңгейде өткендігін байқатады.