Жаңа министрлер ант берді

Жаңа министрлер ант берді
Сурет: Еgemen.kz

4 қаңтарда Президент Үкімет құрамын жаңартты.

Бүгінгі өткен Үкімет отырысында жаңа тағайындалған министрлер ант берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.

Зүлфия Сүлейменова Серікқали Брекешевтің орнына келді. Ол қайта құрылған Экология және табиғи ресурстар министрлігін басқарады. Айта кетері, 32 жастағы  Сүлейменова - Үкіметтегі ең жас министр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қайырбек Өскенбаевтың орнына Марат Қарабаев келді.

Оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетовті Ғани Бейсембаев алмастырды. 1990 жылғы Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды.

43 жастағы Азамат Есқараев Әділет министрі болып тағайындалды, бұған дейін бұл қызметті Қанат Мусин атқарды.

Әділет министрі Азамат Есқараев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Экология және геология министрі Зүлфия Сүлейменова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ант берді.

«Қазақстан халқы мен Президенті алдында өз Отаным – Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге ант етемін», - делінген министрлер берген ант мәтінінде.