Жаңа кірпіш зауыты ашылды

Жаңа кірпіш зауыты ашылды
Сурет: Egemen.kz

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа кірпіш зауыты ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа кірпіш зауыты ашылады деген әңгіме осыдан екі жыл бұрын басталған еді. Зауыт Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылында салынады және бөлінетін инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрайды деп болжанған. Өндіріс қуаты тәулігіне 150 мың кірпіш өндіруге жететіні және 150 адамға жұмыс орны ашылатыны да айтылған. Бірақ бұл кезде қатты өршіп бара жатқан індет аяққа тұсау салып, жұмыс қарқыны баяулап қалған еді.

Подгорное ауылының бұл жо­ба­ға тар­тылуы да тегін емес. Өйт­кені елді мекен облыс ор­­та­лығынан бар бол­ға­ны 30 ш­ақ­ырымдай жерде орна­лас­­­қан және кірпіштің негізгі ши­­­кі­заты – лайбалшықты да жақын маңнан өндіруге болады. Өзі үлкен жолдың үстінде болғандықтан қаладан қысы-жазы жұмысшыларды жеткізуге де еш кедергі жоқ. Алайда 2021 жылы алғашқы өнімін бе­ре­ді деген өндірістің жұмысы жо­ғарыда айтылған себеппен тоқырап қалған-тын.

Бірақ «СК Кирпич» ЖШС құрылтайшысы Гарик Бер­нецян да алған бе­тінен қайтпай, кірпіш за­уы­­тын іске қосты. Өн­діріс оша­­­­ғының ашылуына облыс әкі­мі Құмар Ақсақалов қа­ты­­сып,өнеркәсіптің ал­ғаш­қы өнімдерімен таныс­ты.

Әрине, зауыт төрт аяғынан тең басып кетті деу қиын, әлі де жетілмеген жағы көп. Құ­рыл­тайшының өзі жұмыс күші­не толық енгенде 160 адам жұ­мыс істеп, айына 4,5 млн дана кірпішке дейін шығаратынын айтты. «Әзірге кірпіштің екі түрін шығарамыз, қазір бір же­лі ғана іске қосылып, 80 адам еңбек етіп жатыр. Лайбалшықты жергілікті орындардан аламыз. Оған көмір қосып күйдіріп, да­йын өнім шығарамыз», деді ол.

Өнімнің қаншалықты сапалы боларын уақыт көрсетер, бірақ жергілікті құрылыс компанияларына 110-120 теңгеден сатылып, кірпішті алыстан тасытпай, құрылыстың өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізері хақ.

Облыс әкімі Құмар Ақса­қа­лов маңызды жоба 4 па­йыз­дық өсіммен берілген 800 млн теңгеге бой көтергенін айтты. Біз құрылыс компанияларына қа­жетті негізгі құрылыс ма­те­риалын жақыннан табуды көздеп, кірпіш зауытын салатын инвес­торды ұзақ іздедік. Сөйтіп та­ла­бымызға сай келетін ин­вес­торды екі жыл бұрын таптық. Енді, міне, жо­баның іске асы­рыл­ғанын көріп отырмыз. Біз ком­панияға жер учаскесін де бес жылға тегін бердік. Түрлі салықтан да босаттық. Кәсіп­орын құ­ры­лысына инвестордың сал­ға­нымен қоса есептегенде, бар­лығы 1,8 млрд теңге қа­ра­жат құйылды. Алдағы 2-3 айда бұдан басқа да құрылыс ма­териалдарын жасайтын кә­сіпорындар ашуды жоспарлап отырмыз. Сөйтіп жергілікті құрылыс компанияларын ішкі материалдармен толық қам­тамасыз ету жөніндегі мақ­са­тымызды орындаймыз», деді ол.

Кірпіш өңдеуді жақсы игерген солтүстікқазақстандықтар бұ­рын облысты ғана емес, көр­шілес өңірлерді де қам­та­масыз ететін. Енді Үкіметтің қол­да­уы­мен сол жетістікті қай­та­­дан жан­­дандыруға жол ашылып отыр.