«Жаңа Қазақстанды» құруда әр азамат өз ұсыныстарын білдіре алады

«Жаңа Қазақстанды» құруда әр азамат өз ұсыныстарын білдіре алады
Сурет: Egemen.kz

Еліміздің әрбір тұрғыны «Жаңа Қазақстанды» құруға атсалыса алады

Азаматтардың өз ұсыныстарын Қазақстанның «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының ресми сайтында қалдыруына мүмкіндік жасалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com-ға сілтеме жасап. 

Бұл туралы институттың басшылығы хабарлады. Қазақстандықтардың елді қайта құру жөніндегі көзқарастары денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым, әлеуметтік-экономикалық проблемалар сынды кең көлемді мәселелерді қамтуы мүмкін.

«Мұның барлығы жалпыланған ұсыныстар түрінде болады. Салаларға, бағыттарға және өңірлерге бөлінеді. Ұсыныстарды айту барлық уақытта да бола беруі керек. Себебі халықтың мұң-мұқтажы, дауысы әрдайым естілуі, діттеген межесіне жетуі тиіс», - дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова.

«Жаңа Қазақстанды» құруға қатысты халық арасындағы ұсыныстарды жинау, өңдеу және айтылған идеяларды әрі қарай дамытуға арнайы сарапшылардан тұратын жұмыс тобы атсалысады. Оның құрамына саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, журналистер, азаматтық белсенділер, ғылыми-шығармашылық интеллигенция, сондай-ақ республиканың мемлекеттік органдарының өкілдері кірді.

«Мемлекет басшысы диалог алаңын құру, халықпен қоғамдық келісім құру туралы тапсырма берді. Соның негізінде біз халық арасынан, Қазақстан халқынан, қоғамдық пікір көшбасшыларынан, саясаттанушылардан, әлеуметтанушылардан, журналистерден идеялар-ұсыныстар жинайтын топ құрдық. Халық үнін тыңдап, кейін олардың шығарған сараптамасына сәйкес анықтама дайындалып, ол әрі қарай Үкіметке беріледі», - дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова.