Жаңа белеске қол жетті

Жаңа белеске қол жетті
almaty-akshamy.kz

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында ЕМВА/МВА бағдарламасының ресми ашылуы офлайн/онлайн форматта болып өтті. Бұл Қазақстандағы азық-түлік өнімдерін өндіру/қайта өңдеу, агробизнес және ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі саласында болашақ мамандар мен кәсіпкерлерді даярлауға бағытталған тұңғыш инновациялық жоба.

EMBA/MBA бағдарламасының ашылу салтанатына арналған конференцияға ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Дархан Балпанов (онлайн қосылды), ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы-ректордың м.а., академик Қанат Тіреуов, ЕМВА/МВА бағдарламасының негізін қалаушы профессор Рафис Абазов,  проректорлар мен профессор-оқытушылар құрамы, шетелдік қонақтар – АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Каролин Саваж ханым, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық кеңсесінің директоры Властимил Самек, Түркияның Алматыдағы елшілігінің вице-консулы Шермин Текин және тағы басқа да жауапты тұлғалар қатысып, сөз сөйледі.

Бұдан кейін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Дархан Балпанов ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің арнайы құттықтауын жеткізді. «Біз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Қазақстанда алғашқы болып ЕМВА/МВА бағдарламасын енгізу бастамасын қолдаймыз. Бұл тың бағдарлама студенттерге жоғары білім берумен қатар, ғылымды дамытуға, бизнесті және жалпы ауыл шаруашылығын өркендетуге зор ықпал ететініне сенеміз. Халықаралық бизнес-білім беру нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруды, әлемдік тәжірибелерді елімізде таратуды басты мақсат тұтатын инновациялық көзқарасы бар шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің қатысумен жүзеге асырылатын жаңа бағдарламаға ақ жол тілейміз! – деді Дархан Балпанов.

АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Каролин Саваж ханым өз сөзінде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған штатта туып-өскенін және азық-түлік өндіру мәселесінің әлемдік деңгейдегі проблема қатарында қаралатынын айта келіп, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ЕМВА/МВА аясындағы жаңа бастамасы барша агросектордың дамуына, осы салада келешекте қызмет атқаратын білікті мамандардың жан-жақты терең білімді, жақсы кадрлар болып шығуына тікелей жол ашатынын атап өтіп, сәттілік тіледі.