Жамбыл жырларындағы тәуелсіздік рухы

Уақыт бұлты оның есімін көлегейлей алмаған.  Мәңгілік өмірден енші алудан алдына жан салмаған. Ол өзінің аяқталуды білмейтін ғұмырының 175-шағында Ұлы дала перзенттерімен қайта қауышты. Иә,  Жамбыл есімі көкірегі ояу, көзі қарақты әрбір қазақ баласының жүрегін тебіренте асқақ рухқа бөлеп тұр.

Жалпы, Жамбыл мұрасы аз зерттелген жоқ. Алайда қаншалықты зерделенсе де, ашылмаған сыры, танылмаған қыры жетіп артылады. Қазір ақын мұрасын зерттеуге тіптен жаңаша көзқарас керек. Биылғы Тәуелсіздіктің отыз жылдығы мерейтойымен тұспа-тұс келген поэзия бәйтерегі Жамбылдың 175 жылдығының  тоғысқан тұсында бір тылсым байланыс бардай көрінеді. Өйткені Жамбыл ақын өзінің әр жырында қазақ атты Мәңгілік елдің Ұлы Дала төсінде ат тұяғын дүбірлете еңсе тіктеп, егемен ел боларын аңсап өтті. Дәл осы қасиетті арманды ақын жырларынан дәлел келтіре отырып бағамдап байқайық.

Тәуелсіздікті текті ұл ғана аңсайды, халықтың баласы ғана елі үшін қам жейді. Жырларында осы бір қастерлі тәуелсіздік рухын атойлатқан Жамбылдың өзінің кесек бейнесі жырларынан мен мұндалайды. Жырау «Сұраншы батыр» дастанында былай деген:

…Бата берген Сүйінбай,

Жырдың тіккен туындай,

Айтқанда маған ақылды,

Жырла!-деген батырды…

Халық батырын жырлап, сол арқылы қазағына егемендік рухын тарту еткені осы бір тармақтарда бүкпесіз баяндалады. Яғни, Жамбыл ұлт азаттығының жыршысы, ел тәуелсіздігінің жаршысы болды. Дәл осы себептен де жырау тарихи дастандар  легін туғызды. Енді соларды рет-ретімен саралап көрейік.

Осы «Сұраншы батыр» дастанында ақынның өз бейнесі айқын көрініс береді. Қазақ деген сөздің мәндес сыңарындай болған қаһармандық бейне жырдың басынан соңына дейін жалын атып тұр. Жеңімпаз әрі тәкаппар, намысты батырдың – Жамбылдың өз бейнесі мына тармақтарда астарланған:

…Жалынғанша жауыңа,

Беріп құтыл жаныңды!

Жаудың аяғына бас ұруды сүйекке таңба көретін, ондай масқара өмірден абыройлы өлімді артық санайтын айбарлы баһадүрдің болмысы ақынның өз бойында тұнып тұр. Сондықтан да Жамбылды тәуелсіздік рухты дарытқан, азаттық таңы үшін қара түнек тағдырға қарсы тұрған  жүректінің дәл өзі деп бағалауға болады. Жырына тектілік пен қаһармандық қатар қонған ақынның өз бейнесі ешкімге де, ештеңеге де тәуелсіз күйде асқақтайды.

Ал аталмыш дастанда Жамбыл қазақтың қанына батырлық сіңгенін былай дәріптейді:

…Жауды көрсе шалады-ай,

Тұқым қуған батырлық…

Ақын тұқымнан берілген батырлық барда қазақтың тәуелді, бодан ел болмасына көңіл нандырады. Және де осы дастанның мына бір тұсында азаттық лебі есіп тұр:

...Келген жауды түйіліп,

Жеңген едің бұрын да,

Жау сүйегі үйіліп,

Қалған өзен, қырыңда…

Қазақ тарихының ерлікке, батырлыққа толы жасампаз тұңғиығы Жамбылдың осы бір шумағында барынша  нақышталған. Ақынның қай туындысында да кес-кестеген кеңестік идеологияның қысымы айқын көзге ұрып тұрады. Десе де, түсінген түйсікті жанға жырау өзінің сол кеңестік идеологиядан  орайын тауып жарып шыққан азаттық рухын нұрдай себеді. Оған өзге шығармаларынан да дәлелдер сөйлетіп бағайық.

Атақты «Ленинградтық өренім» өлеңінде Жамбыл асқақ  азаттық үнін мына бір тармақтарға «жасырып қойғандай»:

…Жасағамын өмірді,

Жау біткенді жеңгелі…

Бұл ретте ақын жеке мүддесін емес, күллі қазақ елінің ұлы мұратын-жеңімпаз айбынын астарлап тұрса керек. Осылайша әр жырында дерлік Жамбыл ақын азаттықтың асқақ рухын төкпелейді.  Ақынның  тәуелсіздіктің тұқымын сепкен тағы бір өлеңі – «Патша әмірі тарылды». Тарихи шындыққа негізделген өлеңде жырау халықты бас көтеруге мына бір шумақта үндейді:

…Бүйтіп көрген күн құрсын!

Жапырақтай қалтырап,

Таусылғандай тынысың,

Күнде жүрек қансырап…

Бұл өлеңде ақ патшаның «қазақтан солдат аламын» деген әмірінен қорқып-бұғудан гөрі бодандықтың бұғауын бұзып-жаруға жетелейтін жойқын үн бар. «Бүйтіп көрген күн құрсын!»-деп жатқа тәуелді болып, теперіш көрген ұлтына дем беру бар. «Жапырақтай қалтыраған» елін Жамбыл тәуелсіз кейіпте көруге асығады. Ақынның жырларында осылай ұрымтал тұста андыздап шығатын, бір сыдыртып оқығанда көңілді селт еткізе қоймайтын адуынды азаматтықтың өктем үні бар. Сол азаттық үні бүгінгі тәуелсіздіктің отыз жылдығында жыраудың 175 жылдығымен астасып, қанатынан рух нұрын шашқан қыранға айналғандай.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Халық поэзиясының дүлдүлі,  жасампаз жырдың бұлбұлы Жамбыл мұрасын зерттеп, зерделеп, кейінгі ұрпаққа таныту үшін тың көзқарас, түлеген рух керек. Мектеп қабырғасында Жамбыл мұрасын оқытуда оқушылардың жас кезеңдеріне қарай лайықтап берген орынды.  Ақын поэзиясын танытуда  оның мұрасына қатысты «ол кеңестік дәуірдің қазанын қайнатты»,-деген теріс езу пікірді сылып алып тастайтын шақ әлдеқашан туған. Жамбыл – қазаққа нағыз керек ақын, оның шынайы ұлт ұрпағын тәрбиелейтін, тәуелсіз рухқа жетелейтін жасампаз жырларының құндылығы қасиетті тәуелсіздіктің қасиетімен бірге арта бермек.

Меруерт Үсенқызы

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *