Жамбылдықтарға жаз бойы орманға баруға тыйым салынады

Жамбылдықтарға жаз бойы орманға баруға тыйым салынады
Сурет: Gov.kz

Мұндай шешім тілсіз жаудың алдын алуды көздейді. 

Жамбыл облысында 1 маусымнан 20 қыркүйекке дейін тұрғындардың орманға баруына тыйым салынады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Орманда өрт қаупі жоғары болып тұрған кезеңде (жыл сайын 1 маусымнан 20 қыркүйекке дейін) жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына тыйым салынсын. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін», - делінген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қол қойған қаулыда.

Әкімдік сайтында жарияланған құжатат көрсетілгендей, бұл шектеу орман өртінің алдын алу мақсатында енгізілген.

Таяуда осындай тыйым салу шарасы Қостанай облысында да қабылданды.

Былтыр аталған өңірге қарасты Әулиекөл ауданындағы орманда алапат өрт болды.

Бірнеше аптаға жалғасқан тілсіз жау салдарынан 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды. Сонымен қатар, бір азамат көз жұмды.