Жамбылдағы жарылыс кезінде қираған нысандар қалпына келтіріледі

Жамбылдағы жарылыс кезінде қираған нысандар қалпына келтіріледі
Сурет: Ratel.kz

Жарылыс салдарынан 118 нысан қираған

Жамбыл облысында әскери қоймада болған жарылыс кезінде қираған нысандар қалпына келтіріледі. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде жарылыстан зардап шеккен аумақты қалпына келтіру барысы туралы өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Жамбылдағы жарылыстың салдарынан қираған ғимараттарды қалпына келтіру мен шығынды есептеу үшін әкімдік арнайы топ құрды. Бес жұмыс тобы осы жұмыстармен айналысады. Оның құрамында «ҚазҚСҒЗИ», жобалық ұйым өкілдері мен ТЖМ өкілдері бар», - деді Ерлан Орынбаев.

Орынбаев атағандай, 47 нысанға «ҚазҚСҒЗИ» техникалық шешім шығарды.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, жарылыстан 118 жылжымайтын жеке мүлікке зардап келген. Оның ішінде 106 тұрғын үй мен 12 коммерциялық ұйым. Оның ішінде 35 үй мен 12 коммерциялық ұйым айтарлықтай қираған. Бүгінде 12 мердігерлік ұйым қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. 23 техника мен 185 қызметкер жұмыс істеп жатыр. 71 тұрғын үй жеңіл қираған. Оның 43-інде жөндеу жұмыстары аяқталды», - деді ол.

Өзге нысандарды жөндеу жұмыстары 1-1,5 ай ішінде аяқтау жоспарланған.

«Төрт әлеуметтік нысанға зиян келтірілген. Оның үшеуі мектеп болса, біреуі - медпункт. Жібек жолы ауылындағы орта мектеп айтарлықтай қираған», - деді ол.