Әскери бөлімдегі жарылыс: Ауруханадағы 28 адамның алтауының жағдайы ауыр

Әскери бөлімдегі жарылыс:  Ауруханадағы 28 адамның алтауының жағдайы ауыр
almaty-akshamy.kz

Соңғы деректер бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан аурханаға 28 адам түскен. Оның алтауының жағдайы ауыр, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«27 тамыз күні сағат 08.00-дегі жағдай бойынша, уақытша эвакуациялау пункттерінде 171 адам тұрып жатыр. Оларға қажетті жағдайлар жасалған және оларға таңғы ас берілген. Эвакуациялау жұмыстарына 32 дәрігер, оның ішінде травматолог, нейрохирург, хирург, реаниматолог және т.б. дәрігерлер, 56 орта медициналық қызметкер қатысты. Дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген», - делінген хабарламада.

Ал жарылыс салдарынан ауруханаға түскендердің ішінде жағдайы ауыр 6 адам жатыр. Жалпы, жарылыстан зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел медициналық жәрдем бригадасы, оның ішінде 3 медициналық авиация бригадасы жұмылдырылды. Бір бригада Тараз қаласының №5 мектебінде, 1 бригада Байзақ ауданының Базарбай ауылынан бұрын 226 адамды эвакуациялаған Тараз политехникалық колледжінде кезекшілік етеді.

«27 тамыз күні сағат 08.00-де ауруханаларда 28 науқас бар, оның 6-ы ауыр халде. Жамбыл облысының Бірыңғай диспетчерлік қызметке 473 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 265 өтініш «109» қысқа нөмірі бойынша, 190 өтініш WhatsApp мессенджері арқылы жолданған. Келіп түскен қоңыраулардың көбі тұрғындарды эвакуациялау туралы ақпарат пен әскери бөлімдегі қойманың жай-күйі туралы сұрақ қойылуда», - делінген хабарламада.

Бұған дейін өңірде төтенше оқиғаға байланысты «109» нөмірі мен 8-778- 810-91-09 WhatsApp арқылы шұғыл желі іске қосылғаны хабарлаған еді. Түндегі ақпарат бойынша апат болған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып, облыс орталығынан 400-ден астам орын дайындалған. Қосымша 1 000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған. Оның ішінде Тараз қаласында 221 адам арнайы жасақталған жатын орындармен қамтамасыз етілген.