Жамбыл фосфор зауыты. Жағдай бақылауда

Жамбыл фосфор зауыты. Жағдай бақылауда
Inform.kz

Жамбыл облысындағы Жаңа Жамбыл фосфор зауытындағы (ЖЖФЗ) келеңсіз жағдай аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтың жеке бақылауында, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

23 қараша күні сағат 11:40 шамасында аталған кәсіпорынның 200-ге жуық қызметкері химия зауыты басшыларының бірінің әрекетіне наразылық білдірген. Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, соның нәтижесінде «Қазфосфат» кәсіпорнының жұмысшылары арасында түсініспеушілік орын алған. «Қазфосфат» ЖШС цифрлық трансформация бөлімінің басшысы әріптестеріне қатысты дөрекі сөйлеген», - делінген ресми хабарламада.

Оқиға орнына дер кезінде барған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы мекеме қызметкерлерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазіргі кезде «Қазфосфат» ЖШС цифрлық трансформация бөлімінің басшысы, Ресей азаматы әріптестерінен кешірім сұрады. Сонымен қатар ол қызметінен босатылды.

«Осы факті бойынша 20 ерікті қызметкерден тұратын жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына цех жетекшілері, кәсіподақ өкілдері кірді, олар өзекті мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда кәсіпорындағы жағдай тұрақты. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - деп хабарлады ведомство.