Жалғас Arlan MMA Pro Team командасынан шыққанын мәлімдеді

Жалғас Arlan MMA Pro Team командасынан шыққанын мәлімдеді
Сурет: Рrosports.kz

Жалғас Жұмағұлов өзі өнер көрсеткен құрамасымен қош айтысты

Қазақстандық ММА спортшысы Жалғас Жұмағұлов Arlan MMA Pro Team командасынан кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл туралы Жұмағұлов Instagram желісіндегі парақшасында айтты.

«Ассаляму алейкум!
Бұл постты екі жыл жұмыс жасаған @arlan.mma.pro командасына алғысымды айтып, бүгіннен бастап мен @arlan.mma.pro командасынан шыққанымды ресми түрде жариялаймын.

Ең алдымен, менеджментке үлкен үлес қосқаны үшін және жемісті жұмысы үшін, жалпы біздің команданың құзыреттілігі мен дамуы үшін, кәсіби шеберлігі үшін, сондай-ақ маңызды рөл атқарған мақсаттарға жетудегі табандылығы үшін алғыс айтқым келеді.
Барлық жасалған еңбегіңізді жоғары бағалап, спортшылардың кәсіби дамуына қосқан үлесіңіз мол.

Мен өз кезегімде команданың мүшесі болғаныма қуаныштымын. Әркім өзі туралы ойламай, шын ниетімен көмектесуге дайын, осындай достық ұжымда жұмыс істегеніме мақтан тұтамын.
Маған тату және мықты команданың мүшесі болуға бұйырғанына қуаныштымын.

 Басқа командалармен жұмыс туралы ұсыныстарды- қарастырмаймын», - деп жазды спортшы.