Жалған ақпарат жарға жығады

Жалған ақпарат жарға жығады
stopfake.org

Соңғы кездері жалған ақпарат тарату тоқтамай тұр. Әсіресе, адамдарға екпе арқылы чип салу, екпеден соң түрлі ауруларға шалдығады екенсің деген ақпараттар әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Кез келген ақпаратты немесе отбасылық чатқа келген күдікті мәліметті stopfake.kz ресми сайтында тексеруге болады деп хабарлайды  almaty-akshamy.kz

Александр Данилов, Stopfake.kz жобасының жетекшісі:

– Жалған мәліметтерді ғылыми түрде зерттеп, халықаралық ұйымдар мен құзырлы мекемелердің көмегімен зерттеу жүргіземіз. Біз қате жаңалықты немесе жалған болып көрінетін хабарламаларды тауып, тексереміз. Әлеуметтік желілерге мониторинг жасаймыз. Көп жағдайда фейк жаңалықтың дереккөзі болмайды. Күніне 10 шақты фэйк ақпаратты тексереміз.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі:

– Жалған ақпарат таратқандарға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Не болмаса түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондай-ақ бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Жалпы, жыл басынан бері ел бойынша фейк ақпарат таратқандарға қатысты 43 қылмыстық іс қозғалған. Оның біреуі сотқа жолданды. Ал былтыр дәл осы кезеңде, яғни індет өршіп тұрған кезде 63  жалған мәлімет анықталған.

Биыл халықты вакциналау жөнінде жалған ақпарат таратқандарға қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған. Қазір оның үшеуі бойынша тергеу жүріп жатыр.