Жалған интернет-дүкен ашқан алматылық 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Жалған интернет-дүкен ашқан алматылық 3 жылға бас бостандығынан айырылды
Сурет: Inform.kz

Жалған интернет-дүкен ашып, тұрғындарды тақырға отырғызған Алматы тұрғынына қатысты мұндай үкімді Петропавл қалалық соты шығарды.

Петропавл қалалық сотының төрағасы Михаил Гусевтің айтуынша, жақында еш жерде жұмыс істемейтін, бұған дейін сотталмаған Алматы тұрғынына сот үкімі шықты. Ер адам Instagram әлеуметтік желісінде он шақты адамды алдап, олардың ақшаларын қалтасына басқан.

«Әлеуметтік желіде Modnyi-store атты аккаунт құрып, ол жерде әйелдердің сәнді, сұранысқа ие киімдерін жарты бағасына сатамын деп жарнамалаған. Әдемі фото, арзан баға онлайн-тұтынушылардың қызығушылығын тудырады. Ештеңеден секем алмаған қыз-келіншектер шарттарды қабыл алып, алдын ала төлем жасаған. Осылайша К. деген азамат 12 адамды 900 мың теңгеге алдаған», - дейді Михаил Гусев.

Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды ер адамның туыстары толық өтеді. Петропавл қалалық соты Алматы тұрғынын кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Жазаны сотталушы қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік деңгейдегі мекемесінде өтейді.

«Соңғы кезде кең таралған интернет алаяқтықтың тағы бір түрі – банк қызметкері болып хабарласу. Әңгіме барысында олар хабарласқан адамының барлық жеке құпия мәліметтерін білуге және оның атына үлкем сомада несие рәсімдеуге тырысады. Алаяқтардың бір ғана мақсаты бар – алдау арқылы ақшаға қол жеткізу. Олар хабарласқан кезде аса діншіл болып көрінгісі келеді, психологияны жақсы меңгерген, тез тіл табысады. Сезімге әсер етіп, қажет болса қорқытады да. Сондықтан да алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін қырағылық таныту керек. Білмейтін адамдарға жеке мәліметтерді бермеген жөн», - дейді Петропавл қалалық сотының төрағасы.