Жалғыздықпен күрес

Жапония елінде жалғыздықпен күрес жөніндегі министр лауазымы бар. Премьер-министр Ёсихидэ Суга аталған жаңа қызметке аймақтарды қалпына келтіру жөніндегі министр Тэцуси Сакамотоны тағайындады. Ол енді екі лауазымды қоса атқаратын болады.

Жаңа қызметтің пайда болуы аталған елде пандемия кезінде суицид санының көбейгенімен байланысты болса керек. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3,7 пайызға өскен. Сакамото айдың соңында төтенше форум жасап, пандемияның әлеуметтік салдарын жоюға бағытталған шаралар кешенін талқылайтынын айтты.

Карантиндік қонақүйлер

Ұлыбританияда карантиндік қонақүйлер ашылып, жұмысын бастады. Бүкіл ел бойынша олардың саны 20-ға жуық екен. Жергілікті билік эпидемиологиялық ахуалы нашар 33 елдің тізімін жасаған. Осы мемлекеттерден келген азаматтар 10 күн қонақүйде карантинде болуы тиіс. Бірақ бүкіл шығынды елге келушінің өзі өтейді. Сонда тест тапсыру ақысын қосқанда әр келуші шамамен 1750 фунт стерлинг төлеуге міндетті. Бұл теңгеге шаққанда бір миллионнан асады. Ал аталған елге келушілер соңғы 10 күн ішінде осы «қызыл тізімдегі» елде болғанын жасырса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Билік осындай шаралардың арқасында коронавирустың жаңа мутацияларының тез тарауына жол бермеуді көздеп отыр.

Жаңа тренд

Финляндияда жаңа тренд тарап жатыр. Карантиндік шектеулерден спорт залдарға бара алмай қалған белсенділер далада жүннен тоқылған шұлық киіп алып, жүгіруді бастаған. Биыл онда қар да жылдағыдан ерекше қалың түскен. Желаяқтар ел астанасы Хельсинкиден 35 шақырым жерде орналасқан Нууксио ұлттық паркінде бас қосады екен. Сондай-ақ, індет басталғалы Финляндиядағы қыз-келіншектер локдаунда үйде бос отырмай, шұлық тоқуды қолға алыпты. Ал салауатты өмір салтын ұстанғандар бірнеше шұлықты қабаттап киіп алып, омбы қарда орағытып жүгіреді. Тұрғындар шұлықпен жүгіргенде аяққа жеңіл әрі еркін болатынын айтқан. Табанға массаж жасалады екен.

Дайындаған Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *