Жалғыз жүлде – алматылық балуанда

Дзюдо

Израиль астанасы Тель-Авив қаласында өткен Grand Slam турнирінде қазақстандықтардан алматылық Ғұсман Қырғызбаев қана жүлдегерлер қатарына енді. Басқа дзюдошылар алысқа ұзай алған жоқ.

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ғұсман жарысты екінші айналымнан бастады. Ол бразилиялық Аллан Кувабараны жеңді, одан кейін әзербайжан балуаны Давуд Маммадсойға есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде Израиль өкілі Мата Коколаевтан басым түсті. Қола жүлде үшін «кіші финалда» отандасымыз украиналық Артем Лесюкпен кездесіп, «вазари» ұпайымен жеңіске жетті.

«Ұзақ уақыттан кейін халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Бұл сынға қатты дайындалдым. Бірақ осының алдындағы турнирде алған жарақатым кедергі жасады. Тель-Авив татамиінде бір қолыммен ғана күресіп шықтым деуге болады. Әзербайжандық Маммадсоймен бұған дейін екі рет кездесіп, екеуінде де айқын басымдықпен жеңген едім. Бұл жолы оның бағы жанды» деді Ғ.Қырғызбаев.

73 келі салмақта Жансай Смағұлов Гуллам Чейнді (Франция), Петер Пеливанды (Молдова) жеңгенмен, швед Томми Мациасқа жол берді. 81 келіде белдескен Дидар Хамза үшінші айналымда ресейлік Аслан Лаппинаговтан ескерту арқылы ұтылды. Осы салмақта Мәди Амангелді де сынға түсті, бірақ ол алғашқы қарсыласынан аса алған жоқ. Ислам Бозбаев (90 келі) жұбаныш белдесуінде кұресуге мүмкіндік алғанмен, венгриялық Кристиан Тоцке тізе бүкті.

Әйелдер арасында 70 келіде Зере Бектасқызы алғашқы айналымда-ақ ирландиялық қарсыласына жол берді. 63 келіде Иоланта Бердібекова алғашқы айналымда румыниялық Аделина Дорбиеден жеңілді.

Естен САБАЛАҚ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *