Жақсы маманның орны әрдайым төр

Жақсы маманның орны әрдайым төр
almaty-akshamy.kz

Қазақстан полициясына – 30 жыл

Қазақ топырағында, қазақы ортада өсіп-өнген, қазақтай елдің дархандығы мен қонақжайлылығын бойына сіңірген Мустафаев Анар Мехти-оглы қазақша мақалдатып сөйлегенде, әріптестерінің өзі таңданысып қалады.

Алматы қаласы Қылмыстық атақару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесінде қызмет  етіп жүрген Анар Мехти-оглы Грузия жерінде кіндік қаны тамған,  ұлты – әзірбайжан, анасы – қазақ.

Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында оқып, заңтану мамандығын және магистратурасын бітірген. Қазақ тілінде еркін сөйлейді. Мемлекеттік тілмен байланысты талай жарыста топ жарған азамат құқық саласындағы алғашқы қызметін 2011 жылы Алматы облысына қарасты ЛА-155/18 мекемесінде режим және күзет бөлімінің бақылаушысы болып бастаған. Одан соң жауапкершілігі мол жас маманға осы мекемедегі тәрбие бөлімінде тәрбиеші-маман қызметі сеніп тапсырылды. Бас бостандығынан айырылған, темір торда отырған қылмыскер адамдармен тіл табысу, олармен түсінік жұмыстарын жүргізу, дұрыс жолға бағыттай білу үшін де маманға білім, білік, адамгершілік қасиеттер керек. Бұл қызметтен соң ЛА-155/6 колониясында тәрбиеші және теолог болды. Қазіргі күні осы мекемеде режим және күзет бөлімінің, мекеме бастығының кезекші көмекшісінің  орынбасары болып, әділет капитаны шенінде қызмет етуде.

Анар Мехти-оглы өз бөліміндегі қызметкерлердің әрдайым жинақы, жіптіктей болып жүруіне, нақты жұмыстардың нақты нәтижесі болуына ерекше көңіл бөледі. Сол себепті де бүкіл ұжым алдында беделді. Құқық саласында 11 жылдан астам тәжірибесі бар қызметкер қылмыстық-атқару жүйесіне жаңадан келген мамандарға тәлімгер ретінде әрдайым білгенін үйретіп, жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсетіп, қамқорлық көрсетіп отырады.

Жақсы адамның, жақсы маманның еңбегі қашан да бағаланады. Темірдей тәртіпке төселген әділет капитаны мінсіз еңбегі үшін, Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесіне орай құрметті «Полиция» медалімен марапатталды.

Ісіне адал, ортасына жұғымды, Қазақстан деген рухты елді қадірлейтін Анар Мустафаев – үлгілі отағасы. Жары екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Осындай мамандардың жастарға үлгі болары сөзсіз.