«Жәрдем» медициналық пойызының дәрігерлері еліміздің шалғай аудандарының 40 мыңнан астам тұрғынына тегін көмек көрсетті

«Жәрдем» медициналық пойызының дәрігерлері еліміздің шалғай аудандарының 40 мыңнан астам тұрғынына тегін көмек көрсетті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

5 ай ішінде 140-тан астам жеңіл хирургиялық ота жасалды.

6 қарашада Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлері бойынша жүретін «Жәрдем» медициналық пойызы шалғайдағы станциялардың тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету үшін Алматыға келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

«Медициналық пойыз 79 шалғай станцияда жұмыс аялдамаларымен 12 мың шақырымнан астам жол жүрді. 40 мыңнан астам тұрғын тегін медициналық көмек алды. Пойыз жұмыс істеген 5 ай ішінде 140-тан астам жеңіл хирургиялық ота жасалды» - деді Назгүл Иманғалиева, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Көмек сұрағандарға жалпы тәжірибелік дәрігерлер, терапевт, педиатр, хирург, уролог, невропатолог, офтальмолог, ЛОР, акушер-гинеколог, стоматолог, психолог, дерматовенеролог мамандар кеңес берді. 13 мыңнан астам ультрадыбыстық зерттеулер және 9 мыңға жуық ЭКГ тексерулері жүргізілді.

Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздің шалғайдағы станциялары мен жақын орналасқан ауылдарының сапалы медициналық көмекке қолы жетпейтін тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу және диагностикалау.