Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді

Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетеді
Сурет: Ашық дереккөзі

Әлімханұлы – Бентли айқасы жексенбі, 13 қараша күні таңертең өтеді

WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (12-0, 8КО) британиялық Дензел Бентлиге (17-1-1, 14КО) қарсы жекпе-жегін қазақстандықтар тікелей эфирден көре алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әлімханұлы – Бентли айқасы жексенбі, 13 қараша күні таңертең өтеді. Тікелей көрсетілім «Хабар» арнасында астана уақытымен сағат 08.00-де басталады», - делінген Instagram-дағы «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында.

Еске салайық, «Qazaq Style» лақап атымен танымал Жәнібек Әлімханұлы биылғы 22 мамырда британиялық Дэнни Дигнумды (14-0-1, 8 КО) екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO нұсқасы бойынша орта салмақта «уақытша» чемпион атанған еді.

Кейін Америка боксшысы Деметриус Андраде Ж.Әлімханұлымен міндетті жекпе-жектен бас тартты. Осыған байланысты, қазақстандық боксшыға WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы толық құқылы әлем чемпионы мәртебесі берілді.

Боксшыны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Ал 3 қазан күні Top Rank промоутерлік компаниясы Ж.Әлімханұлы – Д.Бентли жекпе-жегін ресми түрде жариялады.