Жылы киінген жадырап жүрер

Жылы киінген жадырап жүрер
Сурет: Рixabay.com

Сыз табаннан өтеді

Үлкен кісілер үнемі жылы киінуді ескертеді. Әрдайым ата-аналар денені жылылықта ұстағанды дұрыс көріп жатады. Ал славян халықтарында мынадай сөз бар. Олар «Басты салқын, аяқты жылы ұста» дейді. Арғы мағынасы тереңде жатыр. Мұның біріншісі астарлы болса, екіншісін тура мағынасында түсінуге болады.

Желең жүрудің салдары. Бүгіндері қыстың қақаған суығында желең жүретіндерді көзіміз шалады. Тіпті жиі ұшырасатын болдық. Олар жастардың арасында көп. Шетелдік трендті қуалап, тәннің саулығынан айрылып жатады. Соның негізінде жас отбасылар дүниеге бала әкеле алмай жатады. Айтуға қиын, арты өмір-бақи бедеулікке соқтырмасына кім кепіл? Одан бөлек қаракөздеріміз жер таңдамай, өздері оқитын, жұмыс жасайтын мекеме алдына жеңіл-желпі шыға салады. Сол арада әңгіме-дүкен құрып, темекі тартады. Бір қарағанда, жәй нәрсе сияқты. Десе де, осының салдары уақыты келгенде байқалып жатады.

Ақ халатты абзал жандар жан мен тәннің саулығы әркімнің жеке өзіне байланысты екенін айтып келеді. Енді осының байыбына барар болсаң, бірқатар әдеттерден құтыласыз.

Түйін. Әрбір жан жарасымды киімге құштар. Бастысы, соны ретімен пайдаланса, құба-құп. Қыстың көзі қырауда аяқ-қолды жауып тұратын жылы да жарасымды киім кім-кімнің де ажарын ашары анық.