Жабық жолға шықпау жөніндегі ескертулерге құлақ аспағандар қомақты айыппұл төлейді

Жабық жолға шықпау жөніндегі ескертулерге құлақ аспағандар қомақты айыппұл төлейді
Cурет: Qazaqstan.tv

Қаңтар айының басында көптеген өңірде ауа райы нашарлап, тоғыз облыста автожолдар жабылды.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Ең қиын күндер 3 және 4 қаңтарда болды, қар, қатты жел, боран болып, көру нашарлады. Еліміздің 9 өңірінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 79 учаскесінде көлік қозғалысына шектеулер енгізілді. Жолдарда ТЖ жою жөніндегі республикалық штаб құрылды», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі апталық онлайн брифингіде.

Ш. Тұрлыбектің айтуынша, эвакуациялау үшін 769 уақытша жылыту пункті дайындалды.

Апаттан құтқару жұмысына 4 мыңнан астам адам және 1,5 мың техника жұмылдырылды.

«Жеке жүргізушілер полицияның жолдағы қозғалыс шектеулерін елемей, қолайсыз ауа райында қауіпті учаскелерге шығып, өздеріне және жолаушыларына өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді. Көп жағдайда олардың көлігі қар құрсауында қалады және оларды құтқару үшін полиция мен ТЖ қызметкерлері тәуекелге барып, ресурстарды жұмсауға мәжбүр болады. Көлік жүргізушілері жабық жолдарға шықпау жөнінде полицияның заңды талаптарына бағынбаған жағдайларда, оларға 30 АЕК немесе 103 500 теңге айыппұл, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жауапкершілік қаралғанын ескертеміз», - деді спикер.

Ауа райы жағдайы нашарлаған жағдайда жолдардағы жағдай халыққа СМС-тарату, интернет-арналар және телерадио хабарлары арқылы алдын ала жеткізіледі.

Ішкі істер министрлігі азаматтарға жолдағы жағдайды алдын ала білуге кеңес береді.

Ауа райының нашарлауына байланысты жабық учаскелер туралы сенімді ақпаратты 112, 102 телефондары, сондай-ақ «Қазавтожол» ҰК» АҚ байланыс орталығынан 1403 телефоны бойынша білуге болады.