Жаңғырып жатыр Алматым

Жаяу жүр, өркениетке таяу жүр

Мегаполистегі көлік саны миллионнан асып кетті деген де деректер айтылады. Соған орай жаяу жүргіншілердің проблемасы да асқынып отыр. Әлбетте, мұндай мәселенің қала басшылығының назарынан тыс қалмайтыны айтпаса да белгілі.

Үстіміздегі жылы мегаполисте 17 жаяу жүргіншілер аймағы көгалдандырылатын болды. Сол арқылы шаһардың экологиясы да жақсармақ.

Биыл Төле би – Достық даңғылы – Абай даңғылы – Есентай өзені аймағындағы 170 гектар алқапты модернизациялау жоспарлануда.

Алдағы жылы тағы да Республика алаңы реконструкцияланады, сондай-ақ қосымша тура биылғыдай 17 жаяу жүргіншілер аймағы көгалдан­дырылады, деген жоспар бар.

Қала басшылығы  әдеттегідей  қала эколо­гиясы мен мәдениетіне айрықша көңіл бөліп отыр. Үстіміздегі жылы шаһардағы саябақтарды, гүлзарлар мен жасыл аймақтарды дамыту үшін бөлінетін қаржы мөлшері 2017 жылмен салыстырғанда 6,3 есеге молаймақ.

Арықтар арнасынан асады

Қаладағы асқынған проблеманың бірі – арықтарға байланысты. Бұрынғы тау өзендерінен бастау алып, сарқырап ағып жататын көл-көсір су жоқ. Арықтар құрғап қалған.

Осыған орай алдағы жылы 500-ден астам аула жөнделіп, арық жүйесі қайта жаңғыртылмақ. Оған қоса қаладағы көлік қатынасын дамыту үшін жаңа автобустар сатылып алынады. Тағы бір қуанышты оқиға – биыл 600 мыңнан астам қала тұрғынын жеңілдікпен тасымалдауға қала бюджетінен субсидия бөлінеді. Оған алдағы уақытта пайдалануға берілетін екі метро бекетін қоссақ, мәселенің ақ-қарасы барынша айқындала түспек.

Арықтарға байланысты айта кетер тағы да бір жәйт – үстіміздегі жылы тау мұздақтарындағы суға мониторинг жүргізудің сандық жүйесін жасау қолға алынатын болды. Бәрінен бұрын бұрынғы қаңсып жатқан арықтардың суға толатынын айтсаңшы!

Сары түсте сабыр бар

Әлемдегі ірі мегаполистердің біріне айналып келе жатқан Алматымыз күн санап өркениетке қарай жақындай түсетінге ұқсайды.

Қала қозғалысындағы маңызды көліктердің бірі – жедел жәрдем. Әр қызметтің, әр саланың өзіне тән түсі, бояуы болатыны да белгілі. Іс жүзінде бұған дейін шаһардағы жедел жәрдем көліктерінің түр-сипаты біркелкі, заманға лайықты болды дей алмаймыз.

Осы жәйтті ескерген қала басшылығы халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкес жедел жәрдем көліктерін бір түсті етуге шешім қабылдап отыр.

Әлбетте, медицинаға ең жақын түс – сары деп есеп­телінеді. Осыдан бастап қала көшелерінде бұрынғыдай ала-құла емес, өңкей сары түсті жедел жәрдем көліктерін ғана көретін боламыз.

Екі минутта – бір сәби

Республикалық Статистика комитетінің мамандарының айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан халқының саны 19 миллиондық деңгейден аспақ. Оның ішінде, әсіресе Алматы қаласының халқы өсе түседі деп күтілуде.

Еліміз бойынша әр 2 минутта бір сәби дүниеге келеді деген деректер келтіріледі. Әлбетте, оның негізгі үлес салмағы Қазақстан Республикасындағы ең ірі мегаполис – Алматыға  тиесілі.

Демек, Алматы тұрғындарының осыны ескеріп, еліміздегі жыл сайын жақсарып келе жатқан демографиялық ахуалға шама-шарқы келгенше үлес қосуы парыз деп санаймыз.

Қобыландының көрпесі

Үстіміздегі жылғы Наурыз мереке­сінің өзіндік ерекшеліктері көп болды. Дәстүр бойынша жыл басы шығыс елінде бір ай бойы тойланады. Демек, Наурыздың алға тартар сыйы әлі де мол деген сөз.

Бәрінен  бұрын Алматыда ең үлкен құрақ көрпе құрастырылуда. Тағдыр қаласа шаһарымыздың бұл ғажайыбы Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін деген болжамдар да айтылуда.

Іс жүзінде алматылық құрақ көрпенің көлемі 25500 шаршы метр болмақ. «Қобыланды көрпесінің» өзіндік ерекшеліктері де мол болады деп күтілуде. Онда Қазақстанға тән далалық, таулы аймақтардың суреттері, өзен-көлдер көрініс таппақ.

 

Қосымша ақша – қуаныш

Үкімет елдегі екі бас қаланың қар­жылық-экономикалық жағдайына айрықша көңіл бөле бастады. Таяуда Астана мен Алматыны дамыту мақса­тын­да республикалық бюджеттен қо­сымша 36,3 млрд. теңге қаржы бөлінбек.

Астананың жағдайы белгілі. Де­генмен, елдегі басты қаржы орталығы біздің Алматы екені айтпаса да түсінікті. Жалпы, макро­экономикалық болжамдарды түзету нәтижесінде республикалық бюджеттен бөлінетін қосымша қаржы мөлшері 181,4 млрд. делінеді. Негізінен қаржы салық тү­сімдерінің өсуінен жүзеге асуға тиіс деген болжамдар тағы бар. Ал рес­публикада дәл қазіргі таңда ондай мүмкіндік жеткілікті.

Ет қымбаттап барады

Нарық заңына сәйкес, кез-келген тұтыну тауарының бағасының құбылуы заңды құбылыс. Әсіресе, ол елдегі азық-түлік, оның ішінде ет өнімдерінің бағасына орай байқалуда. Соңғы кезде сиыр, жылқы, қой, шошқа  етінің біршама қымбаттағаны аңғарылады.

Бұл айырманы әлбетте, алдымен Астана мен Алматы қаласының тұр­ғындары сезінді. Сарапшылардың талдауы бойынша соңғы кездегі баға өсімі 9 пайызға дейін жеткен.

Соған қарамастан, күннің ысуына орай алдағы уақытта ет бағасы қайтадан реттеледі деген  болжамдар да жоқ емес.

 

Әзірлеген — Өмірзақ МҰҚАЙ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *