Жақсының аты өлмейді

Дүниеде өзі де, өмірі де көркем кісілер болады. Алла Тағала оларды артықша бір мейіріммен жаратып, көкірегіне нұр, санасына сәуле құйған. Таным көкжиегі кең, ақыл-парасаты кемел, адамгершілігі мол, қулық-сұмдықтан ада келеді ондай жандар. Өз басым сондай санаулы азаматтардың қатарына Абашов Нұралыны қосар едім. Нұрекеңнің кісілік қасиеттері алыс-жақындағы тамыр-таныстарына ежелден мәлім. Дегенмен жақсының жақсылығын жадымызда жаңғыртып қоюдың әбестігі жоқ.

Адам баласы әуелі Жаратқанның, содан кейін ата-анасының арқасында бес күндік жарық жалғанның есігін ашады. Тәй-тәй басады, өседі, өнеді. Әлдебір табиғи түйсікпен өзі де ұрпақ сүймекке, артына тұяқ қалдырмаққа ұмтылады. Дүниеден дәмі таусылып, жазуы біткен мезетте келместің кемесіне мініп кете барады. Бұл – әлімсақтан қалыптасқан тіршілік заңы. Бізге дейін осылай болған, бізден кейін де осылай жалғаспақ.

Абашов Нұралы Жүрсінәліұлы 1958 жылы 3 ақпанда туған. Кіндік қаны тамған Жамбыл облысы Талас ауданы Аққұм ауылында табанын тасқа күйдіріп, маңдайын күнге сүйдіріп ержеткен. Ата-анасы – қарапайым қазақтар. Үбірлі-шүбірлі үлкен үйде 12 бала бар еді. Нұрекең – отбасындағы екінші перзент.

– Нұралы сөзге де, іске де өте алғыр, зерек, пысық, жылдам, елгезек еді. Бәрімізге әке орнына әке болды. Шешеміз Мұрат екеуін шал-кемпірдің қолында өскен деп баласындай емес, қайныларындай қабылдады. Мен Нұралыға қарап бой түзедім. Екеуіміз тете болғандықтан, сырымыз да, жырымыз да бір болып өстік. Ол мектептен «Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты небір кітаптар әкелетін. Оны мен ұрлап оқитынмын, – деп елжіреп еске алады қарындасы Әлия.

Кішкентай Нұралы мектеп табалдырығын бір жыл ерте аттапты. Алдындағы ағасынан қалыспай, «мен де оқимын» деп қиғылық салған соң, амал жоқ, ата-анасы көніпті. Таңдайы тақылдап, айтқызбай біліп тұрған баланы мұғалімдер 1-сыныпқа қуана-қуана алыпты.

– Бала күнімде Мұрат пен Нұралының артынан мен де жалпақтап қалмайтынмын. Сиыр айдаса да, өзенге түссе де, еріп баратынмын. Соларға қосылып арасында бірге таяқ жейтінмін. Апамыз марқұм шыбықпен артымыздан қуып келетін. Мұрат пен Нұралыны байлап қойып шықпыртады. Екеуіне жаным ашып мен жүремін. Сондай қызықтарымыз көп болды. Кейін есейіп, әркім өзінің өмір жолымен кетті. Бірақ Нұралы маған қамқор болды. Әрдайым жаны ашып тұратын. Қалжыңымыз жарасатын. Ақыл-кеңесін аямайтын. Сөйтіп өскен баламыз ғой, – дейді Әлия Жүрсінәліқызы.

1974 жылы орта мектепті тәмамдаған Абашов Нұралы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. ЖОО қабырғасында да айрықша болмысымен қатарының алды атанады. Ойға көсем, тілге шешен, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің айналасында дос-жаран деген топырлап жүретін. Кешегі курстасы, бүгінгі Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Зиятхан Өмірәлиев те бұл сөзімізді растайды.

– Мен Нұралымен 1975 жылдан бастап таныспын. Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына бірге оқуға түстік. Ауылымыз көршілес болғандықтан, араласып-құраласып кеттік. Қайда жүрсек те, достыққа адал болдық, хат жазысып тұрдық. Біздің институтта «Алтын дән» деген халық аспаптар ансамблі болды. Нұралы соған қатысатын. Ұмытпасам, 1977 жылдар шамасында ғой деймін, сыртпен байланыс барынша шектелген заманда Нұралы оркестр құрамында Батыс Германияға гастрольдік сапармен барып қайтты. Ол кезде джинсы шалбар деген өте қат. Бағасы да қымбат, қазіргі сомамен есептегенде 250 доллар. Ондай киімге біз сияқты студенттердің қолы жете бермейтін. Нұралы Германиядан жақсылап киініп келді. Біз «қыздармен кездесеміз, қонаққа барамыз» деп әрнені сылтауратып, Нұралының киімдерін киіп кететінбіз. Мысалы, Нұралының ешкімде жоқ былғары курткасын мен тоздырдым. Сонда да қыңқ етпейтін ғой, жарықтық. Қай жағынан алып қарасаң да, ғажап адам еді. Достыққа адал, көпшіл болатын. Шаршы топта суырылып сөйлеп, алдаспандай жарқылдап, әрқайсымызбен әңгімелесіп отыратын, – дейді досы.

Институт бітірген соң Абашов Нұралы арнайы жолдамамен туған жері Жамбыл облысына қайтады. 1982 жылы Раушан Ыбышқызымен көңіл жарастырып, өз алдына шаңырақ көтереді. Өнегелі отбасынан тағылым таныған балаларының бәрі де ата-анасын жерге қаратқан жоқ. Көзінің ағы мен қарасындай ардақтаған екі ұл, екі қызынан 10 немере сүйді.

Абыройлы еңбек жолын Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Куйбышев совхозында бас агроном ретінде бастады. Кейін Жуалы ауданы Жетітөбе ауылында совхоз директоры қызметін атқарды. Өмірінің соңына дейін «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалын басқарды.

– Өз саласының майталманы еді. Қазақстанда агрономия саласында оның деңгейіне жететін 2-3-ақ маман бар шығар. Нұрекең 35 жылдан астам ауыл шаруашылығында еңбек етті. Фитосанитарияда 10 жылдан аса қоян-қолтық жұмыс істедік. Мен Алматы облыстық филиалын басқардым. Ол кісі Жамбыл облыстық филиалының директоры болды. Көршілес филиалдар ретінде бір-бірімізді сыйлап, пікір алысып отыратынбыз. Кейде орталыққа шақырғанда, іссапармен өзге облыстарды бірге аралағанда арқа-жарқа болып қауышатынбыз. Нұрекеңнің орны ойсырап қалды, – деп қамығады әріптесі Саяхат Аханов.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында өсімдіктерге фитосанитариялық мониторинг жүргізудің мән-маңызы орасан. Фитосанитария арқылы егістіктегі зиянкестер зерттеліп-зерделеніп, олардың дамуы мен таралуы есепке алынады, сондай-ақ фитосанитариялық болжам әзiрлеудi қамтитын iс-шаралар жүйесi құрылады. Мемлекет қауіпсіздігі қашанда бірінші орында. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақал бар. Осы ретте ел аумағын әртүрлі аурулардан сақтау мақсатында өсімдіктер карантині ұйымдастырылады.

– Өсімдік қорғау саласында проблема шаш етектен. Кейде орталықпен келісіп шешетін жағдайлар болады. Оларды күтіп отырғанда зиянкестер өршіп кетуі мүмкін. Сондай сәттерде Нұралы Жүрсінәліұлы уақыт өткізбей, жауапкершілікті өз мойнына алып, барлық шаруаның басын қайырып тастайтын. Білімді, тәжірибелі азамат қой, жұмыс нәтижесінің көрсеткіштері өте жоғары еді. Фитосанитарияны ол кісіден артық білетін адам болған жоқ. Агроном көп, дегенмен агрономның ең үлкен қасиеті – болашақты болжай білуінде. Нұрекеңнің сондай қабілеті болған. Келесі жылы қандай зиянкестердің көбейіп-азаятынын, қандай арам шөптің қалың өсетінін, қанша астық шығатынын – бәрін тамыршыдай тап басатын. Соған сәйкес шара қолданып, қауіп-қатердің бетін қайтаратын. Майталман дегенім сол ғой, – дейді «Фитосанитария» РМК Алматы облыстық филиалының директоры Саяхат Қалматайұлы.

Негізі, бүкіл халықты асырап, азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы кедей саланың бірі саналады. Қызметкерлері 45-50 мың теңге жалақыны місе тұтуға мәжбүр. Нұралы Жүрсінәліұлы азғантай жалақыға жұмыс істейтін қоластындағы жастарды ұйымдастырып, оларға табыстың басқа жолдарын қарастырып, шама-шарқынша көмектесетін. Тәрбиелеп, баулып, қанат қақтырған шәкірттері қазір Қазақстанның түкір-түкпірінде ел дамуына үлес қосып жүр. Нұрекеңнің біліктілігі соншалық, бірде Тәжікстанда қауын-қарбызға жұт әкеген зиянкестермен күресу амалын анықтапты. Яғни, облысты былай қойып, республикада ғана емес, күллі ТМД көлемінде мойындалған. Мүйізі қарағайдай ғалымдар бас қосқан алқалы жиындардарда білімін талай мәрте дәлелдеген. Сөйте тұра ғылыммен айналыспаған, бойындағы бар қазынасын тәжірибе жүзінде пайдаланған.

– Көп білсе де, кеуде керіп мақтанбайтын. Ал сұрасаң, бір-екі сағат тоқтамай дәріс оқуға дайын тұратын. Өсімдік те тірі ағза ғой. Адам сияқты олар да неше түрлі дертке шалдығады. Адамды дәрігер емдесе, өсімдіктердің дәрігері осы Нұралы сияқты мамандар еді. Дәм-тұзы таусылғанша жұбымыз жазылмады. Ара-тұра бильярд ойнайтынбыз. Жүрген жерінде әзіл айтып, езуімізді жидырмайтын. Әңгіменің майын тамызатын. Әсіресе, қазақтың салт-дәстүрінен тартып, ел арасындағы тәлімді тәмсілдерді қызықтыра баяндайтын. Отбасында адал жар, қамқор әке болды. Екі ұл, екі қыз тәрбиеледі. Төртеуі де жақсы азамат болып өсті. Әттең, Нұрекең арамыздан ерте кетті. Тамаша дос еді. Әке-шешемізден айрылдық қой, бірақ досыңды жер қойнына тапсырған қиын екен, – дейді Зиятхан Смағұлұлы.

Осы арада бір оқиға ойға оралады. Баяғыда шынжыр балақ, шұбар төс Тезек төре Бөлтірік шешеннен: «Азбайтын, тозбайтын байлық қандай болады? Қайтпайтын, таймайтын қолдаушың мен қорғаушың қандай болады?» – деп сұрапты. Сонда Бөлтірік: «Дүниеде азбайтын байлық біреу, ол – ақыл. Дүниеде тозбайтын байлық біреу, ол – ақыл. Дүниеде таймайтын адал қорғаушың біреу, ол – ақыл. Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін шырақ біреу, ол – ақыл. Дүниеде асыл текті жел жетпес пырақ біреу, ол – ақыл», – деп жауап беріпті. Міне, Абашов Нұралы сондай асқан ақылдың иесі еді. Мешіттерге көмектесетін. Жасаған жақсылығын жарияға жар салмайтын. Соңынан ерген оншақты бауырының бәрін үйлендіріп, үй-жайлы қылғаны, ағайын арасында жесір қалған туыстарына жәрдемдескені – өз алдына бөлек хикая.

– Бауырмалдығы керемет. Әрқайсымызға хабарласып, жаны ашып тұратын. Күйеуім ерте қайтты, артынан балам дүниеден озды. Нұралы үнемі: «Қарның аш емес пе? Ақшаң бар ма?» деп алаңдап отыратын. Кейін үй салдық, оған қол ұшын созды. Жағдайымызды жақсартуға мейлінше атсалысты. Ағайынға бас-көз болып, анамызға да ақыл қосатын. Біраз адамға жақсылық жасады. Қысқасы, ағамның шарапаты тигендер өте көп. Аса бауырмал, ақкөңіл еді. Үлкенмен де, кішімен де тең дәрежеде сөйлесетін, – дейді қарындасы Әлия.

Нұралы Жүрсінәліұлы шағын бизнеспен де айналысты. Ата кәсіпке бой ұрып, мал шаруашылығын дөңгелетті. Ең қызығы, балалар үйінен шыққан жастарды әдейі жұмысқа қабылдап, жүріс-тұрыстарына дейін өзі қадағалап, жалақыларын жинап алатын. Кейін сол ақшаға баспана, көлік әперетін. «Мына малға ен салыңдар, мен жоқта өздерің еншілеп аласыңдар» дейді екен көзі тірісінде.

– Сол балалар менің әкемді туған әкесіндей көрді. «Сендердің ғана емес, біздің де әкеміз кетті» дейді. Көңіл айтып, жылы лебізін білдірген халықта есеп жоқ. Барлығы қимастықпен шығарып салды. Жақсылықты көп жасағанынан ғой ғой соның бәрі. Нағашылар жақтан жесір қалған, әкем қамқор болған келіншектер бар еді, олар да «әкемізден айрылдық қой» деп жылады. Менің әкем бәріне әке болған екен ғой, – дейді қызы Лаура.

Нұралы Абашовтіың руы – Дулат, оның ішінде Бестерек. Ол кісі Бестеректердің орталығын құрып, әр жерде шашылып жатқан шежірені реттеп, құрастырды. Жан-жақты өнері – өзінше бір төбе. Музыкалық білімі болмаса да, домбыра, жетіген, гитара, фортепианоның құлағында ойнайтын.

Алланың сынағына мойымай, аты жаман аурумен сегіз жыл күресті. Өкпесіне ота жасатты. Адамның мықтылығы жаны қиналғанда байқалады ғой, Нұрекең қанша азап шексе де, қабағын бір шытпады. Тіпті, өмірінің ақырғы екі айында ештеңе сездірмеді. Есі кіресілі-шығасылы күйде жатқанда аузынан Алласы түспей, тағдырға өз еркімен бойсұнды. «Сендер мықты болыңдар» деп балаларын сабырға шақырды.

– Әйтпесе, өмір бойы жинаған кісі емес. Кейбір кезеңдерде өзі де тұрмыс тауқыметін тартты. Бірақ иманын, сабырын тастаған жоқ. «Аузын ашса, жүрегі көрінеді» деген сөз тура менің әкеме қатысты айтылған шығар. Өмір неткен қысқа еді… Университетке түскеннен безектеп жұмыс істеген екен. Бауырларын жеткіземін деп жанталасыпты. Бала-шағасы да бар. Ауырған соңғы 2 айына дейін демалып жатпапты. Шаршадым демейтін. Күні-түні еңбек ететін. «Әке, сізге той жасайық» десек, «Той жасап қайтесіңдер, маған сендердің жетістіктерін, аман-есен жүргендерін той» дейтін. Әттең, бір той жасап бермедік қой деп қазір өкінеміз. Аллаға шүкір, жанында болдым, ақтық суын ішкіздім. «Арыстаным кетті ғой» деп 70-тегі жеңгесі жылағанда ойымыз бір жерден шыққанын ұқтым, – деп ағынан жарылады Лаура.

Немерелері де атасын іздеп сағынады.

– Атам біздің үйге демалыс сайын келетін. Біз басқалардан гөрі атаны қатты күтетінбіз. Себебі бізді еркелетіп, не істеп, не қойғанымызды тәтпіштеп сұрайтын. Кейде ата-анамыз түсінбеген көзқарастарымызды атамыз қолдайтын. Атамен амандасқанда тек бетімізден сүйгізіп кетіп қалмайтынбыз. Олай істесек, ренжіген сыңай танытып: «Осы жасқа дейін мен сендерді сүйдім, сендер енді мені сүйіңдер» деп күлетін. Сол сөзінен кейін атамыз қашан, қайдан келсе де, алдынан жүгіріп шығып, бетінен сүюге асығатынбыз. Мен атамнан көп нәрсе үйрендім. Адамгершілігі үшін ауыл тұрғындары қатты құрметтейтін. Той-томалақта атам төрге шығып, асқа қол салмайынша ешкім тамаққа тиіспейтін. Ол кісімен сөйлекенде еш қысылмайтынмын, ештеңе жасырмайтынмын. Әр мейрамда бізді құттықтайтын. Қаладағы ең тәтті торттарды әкелетін. «Әжелерің мен мамаларыңа бермеңдер, өздерің жеңдер, бұл – қыздар жейтін торт» деп еркелететін, – дейді немересі Мерей.

11 жастағы немересі Арунаның әңгімесі тіптен әсерлі. Оқушы дәптеріне шынайы сезіммен жазылған қарапайым ғана естелікті оқығанда кеңсірігің кермек татып, көңілді мұң, кеудені зіл басады.

– Атам – мен үшін ең маңызды адам. Атам барда айналам қуаныш пен күлкіге толы еді. Атам о дүниелік болған соң өмірім қара тұманға айналды. Кішкентай кезімнен тәрбиелеген атамды ешқашан ұмыта алмаймын. Мені еркелететін, ұйықтар алдында құшақтасып жататынбыз. Мен оның тұңғыш немересімін, әжемнің бірінші шөбересімін. Қазір де атам менің жымиғанымды, мұңайғанымды көріп отырған шығар. Атам өте жас еді. Жетпіске де толған жоқ. Ол қатты ауырды, көп емделді. Бәріміз атама қызмет қылдық. Атаммен қоштасу маған ауыр тиді. Аташым, біз сізді жақсы көреміз. Атам – менің байлығым. Ата… – деген бүлдіршін сөзінің соңың көп нүктемен аяқтапты…

Амал қанша, Абашов Нұралы 10 қазанда Алланың құзырына аттанды. Ақ бұйрықты ажал сағаты соққанда ешкім араша тұра алмаған. Тәңір ісіне талас жоқ, өзекті жанға өлім бар екені хақ. Талай мықтының түбіне жеткен аты жүйрік ажалдың құрығынан осы бір аяулы азамат та құтылмады. Алайда Нұрекеңнің асыл бейнесі мәңгі жадымызда. Көзден кетсе де, көңілден көмескіленбейді. Өйткені бәріміз білетін бір ақиқат бар – таулар алыстаған сайын асқақтай түседі. Атамыз қазақ «орнында бар оңалар» дейді. Зырғып күндер, сырғып айлар, жылжып жылдар өтер. Жүректегі ескі жара жүре-жүре жазылар.

Арлан ЗАДАНОВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *